ЕЛІМІЗДІҢ 12 ӨҢІРІНДЕ «SAMRUK ALAMAN» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ТУРНИРЛЕРІ ӨТЕДІ

«Samruk-Kazyna Trust» корпоративтік қоры 10 жылдық мерейтойы аясында «Samruk Alaman» ауқымды спорт додасын өткізбек. Мамыр айында турнирлер еліміздің бес өңірінде жалауын көтеріп, кейін «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобы салған Қазақстандағы 19 спорт нысанының барлығын қамтиды.

Жарыстың алғашқы кезеңі Қызылорда қаласындағы Үстел теннисі орталығында өтті. Енді «Samruk Alaman» турнирлерінің кезекті кезеңі Алматы облысында жалғасады. 19 мамыр Қарасай ауданына қарасты Айтей ауылдық округіндегі «Айтей» спорт кешенінде волейболдан аймақтық турнир өтті.

«Айтей» кешені — «Самұрық-Қазына» қоры қолдауымен салынған еліміздегі алғашқы ауа-тіректі спорт нысаны. 2020 жылы іске қосылған бұл бірегей жоба кейін өзге өңірлерге үлгі болып, бүгінде осындай нысандардың саны 11-ге жетті. Мұндай спорт кешендері жастардың тұрақты жаттығуына, жарыстар өткізуге және бұқаралық спортты дамытуға мүмкіндік береді. Ал «Samruk Alaman» турнирі осы инфрақұрылымның өңір тұрғындары игілігіне нақты қызмет етіп жатқанын көрсетеді. Мамыр-маусым айларында жоба бес өңірден бастау алып, кейін тағы 14 спорт нысанын қамтиды. Жалпы, турнир аясында 1000-ға жуық жас спортшы үстел теннисі, дзюдо, волейбол, футбол және футзалдан «Samruk Alaman» кубогы үшін бақ сынайды», — деп атап өтті Аман Төрегельдин, «Samruk-Kazyna Trust» корпоративтік қорының бас директорының орынбасары.

Бүгінде Корпоративтік қордың қолдауымен салынған спорт нысандары өңірлерде бұқаралық спортты дамытудың маңызды тірегіне айналды. Соңғы 10 жыл ішінде «Samruk-Kazyna Trust» 434 әлеуметтік жобаны жүзеге асырды. Оның ішінде 12 өңірде жыл сайын 750 мыңға жуық адамды қамтитын 19 спорт нысаны бой көтерді. Бұл кешендер қала тұрғындары үшін де, ауыл жастары үшін де спортпен шұғылдануға, жарыстар өткізуге және салауатты өмір салтын қалыптастыруға мүмкіндік беретін қоғамдық кеңістікке айналып отыр.

Спорт инфрақұрылымын дамыту жұмыстары алдағы уақытта да жалғасады. Биыл тағы төрт көпфункционалды спорт кешенінің құрылысы басталды. Сонымен қатар ерекше қажеттілігі бар спортшыларға арналған орталықтарды ашу арқылы инклюзивті спорт ортасын қалыптастыруға да басымдық беріледі.