ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ ҚЫСҚА МЕРЗІМДІ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ӨСІМ БОЙЫНША РЕСПУБЛИКАДА КӨШ БАСТАДЫ

Түркістан облысы бүгінде тек рухани орталық қана емес, ел экономикасының басты қозғаушы күшіне айналып келеді. Қасиетті өңірде соңғы жылдары қолға алынған жүйелі реформалар мен тың бастамалар өз жемісін беріп, аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуында айқын оң динамика қалыптасты. Мұның бұлтартпас дәлелі ретінде биылғы жылдың алғашқы төрт айының қорытындысын айтуға болады. Қаңтар-сәуір айларының нәтижесі бойынша Түркістан облысының қысқа мерзімді экономикалық өсімі 125,2 пайызды құрап, республика бойынша алғашқы орынға табан тіреді. Басқа аймақтарды шаң қаптырып, көш басына шыққан өңірдің бұл табысы жақында облыс әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбектің төрағалығымен өткен алқалы жиында кеңінен талқыланды. Күн тәртібіндегі ең басты мәселе – өңірдің даму қарқыны мен қазына қаржысының игерілу сапасы болды.
Басқосуда сөз алған облыс әкімінің орынбасары қол жеткізілген табыстарға тоқмейілсіп отыруға болмайтынын, алда әлі де ауқымды міндеттер тұрғанын қатаң ескертті. Тұрақты дамудың алтын кілті – инвестиция тарту мен әлеуметтік инфрақұрылымды нығайтуда жатқанын айтқан Қанат Қайыпбек жауапты тұлғаларға жұмысты ширатуды тапсырды. Ол әр аудан мен қалаға бөлінген жоспарлы межелердің мүлтіксіз орындалуын бақылауда ұстауды шегелеп айтты. Әсіресе, халықтың тұрмыс сапасын арттыруға тікелей ықпал ететін мектеп, аурухана секілді әлеуметтік нысандардың құрылысын сапалы әрі уақытында аяқтау басты талап екенін жеткізді. Мемлекет бөлген әрбір теңгенің халық игілігіне жұмсалуын қадағалау – биліктің басты міндеті екенін алға тартқан аймақ басшылығы бюджет қаржысын мақсатты әрі тиімді игеруді міндеттеді.
Жиында облыстық Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Күмісбек Жаппардың жасаған баяндамасы өңір экономикасының қаншалықты қуатты екенін айқын аңғартты. Оның мәлімдеуінше, есепті кезеңде облыстың өнеркәсіп өнімінің көлемі 571,7 миллиард теңгеге жетіп, өткен жылдың осы уақытымен салыстырғанда 133 пайыздық өсім көрсеткен. Әсіресе, шикізатқа тәуелділіктен арылып, дайын өнім шығаруға бағытталған өңдеу өнеркәсібінде зор серпіліс бар. Бұл секторда 272,7 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, өсім 156,5 пайыз деңгейінде қалыптасты. Ал тау-кен өндірісі де кенде қалмай, 244,7 миллиард теңгені құрап, жоспарланған меже толық бағындырылды. Түркістан – ежелден диқаншылық пен мал шаруашылығы қатар дамыған берекелі өлке. Осы ретте ауыл шаруашылығы саласы да сәуір айының қорытындысымен 205,9 миллиард теңгенің өнімін беріп, өсім қарқынын 111,3 пайызға жеткізді. Бұл өрлеудің артында миллиондаған қаржы құйған инвесторлардың сенімі жатыр. Жыл басынан бері аймақтың негізгі күретамыры саналатын негізгі капиталға 470,2 миллиард теңге инвестиция бағытталып, бұл көрсеткіш 157,4 пайызға бір-ақ секірді. Осы орайда, зәулім ғимараттар мен жолдар салынған құрылыс жұмыстарының көлемі де 95,8 миллиард теңгеге жетіп, тұрақтылығын дәлелдеді.
Экономиканың бұлайша қарыштап дамуы облыс қазынасының да бүйірін толтыра түскені анық. Облыстық Қаржы және мемлекеттік активтер басқармасының басшысы Гульфари Ажиметованың айтуынша, мамыр айының басындағы жағдай бойынша Түркістан облысында бюджет түсімдерінің жоспары 105 пайызға орындалған. Нәтижесінде, қазынаға жоспардан тыс 22,7 миллиард теңге қосымша қаражат құйылды. Ең қуантарлығы, бұл артық қаржы сырттан келген трансферттер емес, негізінен аймақтың өз ішіндегі өзіндік кірістер есебінен, яғни жергілікті кәсіпкерлік пен өндірістің дамуы арқасында қамтамасыз етілген. Осылайша, Түркістан облысы бүгінде тек өз-өзін асырап қана қоймай, ел қазынасына да қомақты үлес қоса алатын әлеуетті аймаққа айналғанын көрсетті. Әлеуметтік-экономикалық дамудың бұл маңызды мәселелері облыс басшысының жіті әрі қатаң бақылауында тұрғандықтан, өңірдегі өркендеу жұмыстары алдағы уақытта да өз жалғасын таба бермек.



