ОТЫРАРДЫҢ ТУРИСТІК ӘЛЕУЕТІ ТАНЫСТЫРЫЛДЫ

Тарихтың қойнауынан сыр шертіп, ғасырлар бойы ұлттық болмысымыздың алтын діңгегі болып келген қасиетті Отырар топырағы бүгінде заманауи туризмнің тың соқпағын салып, жаңаша кейіпке еніп келеді. Өткен мен бүгінді жалғаған киелі мекенде жақында «Отырар алқабының туристік әлеуеті: көне мұраға жаңаша көзқарас» тақырыбында ауқымды баспасөз туры ұйымдастырылды. Ұлт руханияты мен тарихын ұлықтауды мақсат еткен бұл тағылымы терең іс-шараны «Отырар» мемлекеттік археологиялық музей-қорығы жоғары деңгейде өткізді. Көне шаһардың тыныс-тіршілігі мен туристік тартымдылығын көзбен көруге еліміздің түкпір-түкпірінен келген жергілікті және республикалық БАҚ өкілдері, танымал интернет-басылымдардың журналистері, сондай-ақ еліміздегі өзге де музей-қорықтардың баспасөз хатшылары қатысты. Алқалы жиынның басты мақсаты – Отырар алқабының бай тарихи-мәдени мұрасын кеңінен насихаттап, өңірдің туристік қауқарын жаңа қырынан таныту және жаңа медиа өкілдерімен тиімді ақпараттық алтын көпір орнату болды.

Баспасөз турының бағдарламасы барынша мазмұнды әрі қызықты құрылған. Қалам ұстаған қауым алдымен ғасырлар сырын ішіне бүккен, күллі түркі әлемі ардақтайтын қасиетті Арыстанбаб кесенесіне табан тіреп, зиярат жасады. Одан кейін мұнда келушілер үшін атқарылып жатқан ауқымды жаңғырту жұмыстарымен танысты. Саяхатшылар мен зияратшыларға барынша қолайлы жағдай жасау мақсатында кесене ішіндегі төсеніштер толық жаңартылып, арнайы құрбандық шалу орны заманауи үлгіде жабдықталуда. Бұл ретте ұлт руханиятының шынайы жанашыры, мемлекет және қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібекке арналған кесене де назардан тыс қалмай, алдағы уақытта ауқымды жөндеу жұмыстары жүргізілетіні белгілі болды. Бұдан кейін журналистер қауымы туристерге қызмет көрсету сапасын еуропалық стандарттарға жақындатқан Сапар орталығының жұмысын бағамдады. Заманауи талаптарға сай бой көтерген бұл орталықта келушілерге қажетті барлық инфрақұрылым жасалған. Тіпті, орталық жанынан көне тарихты қазатын археологтар мен ғалымдарға арналып екі қабатты арнайы жатын орын да салынған. Қатысушылар орталықтағы бірегей тарихи экспозициялар мен сирек жәдігерлерді тамашалап, өңір туризмін дамыту бағытындағы игі бастамаларға жоғары баға берді.

Іс-шараның ең әсерлі сәті – көне өркениеттің тірі куәсі, тарих соқпақтарының өшпес ізі саналатын атақты Отырар қалажұртына жасалған саяхат болды. Мұндағы тарихи-археологиялық маңызы зор ескерткіштер мен қорғандарды аралау барысында Отырардың Ұлы Жібек жолы бойындағы маңызды мәдени және сауда орталығы ретіндегі рөлі кеңінен баяндалды. Сонымен қатар, БАҚ өкілдері «Отырар» мемлекеттік археологиялық музей-қорығының жаңартылған экспозициялық залдарын аралап, былтырғы қазба жұмыстары кезінде табылған теңдессіз құнды жәдігерлерді алғашқылардың бірі болып тамашалады. Бұл тың дүниелер көне Отырар тарихының біз білмейтін қатпарлары әлі де тереңде жатқанын айқындап, өңірдің ғылыми және мәдени маңызын арттыра түсті.

Бүгінгі цифрлық заманның талабына сай, Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен тарихи нысандарға орнатылған заманауи турникеттер мен қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде ақпарат беретін QR-код жүйелері де осы тур барысында таныстырылды. Мұндай заманауи мүмкіндіктер шетелдік және отандық туристерге тарихи орындар туралы гидсіз-ақ жан-жақты әрі қолжетімді ақпарат алуға даңғыл жол ашады. Тұтастай алғанда, бұл баспасөз туры Отырар алқабының тарихи-мәдени құндылықтарын дәріптеп қана қоймай, өңірдің туристік тартымдылығын арттыруға бағытталған маңызды ақпараттық алаңға айналды. Көне тарих пен заманауи технологиялар сәтті үндескен Отырар алқабы бүгінде ұлттық мұраны ұлықтайтын әрі халықаралық туризмді дамытуға әлеуеті зор киелі мекен ретінде жаңа қырынан жарқырап көрінді.