ТҮРКІСТАН МЕН ТАШКЕНТ ОБЛЫСТАРЫ ЖАҢА СЕРІКТЕСТІК КЕЗЕҢІНЕ ҚАДАМ БАСТЫ

Арасын ата-бабадан қалған ажырамас достық пен тамырлас тарих жалғаған Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы алтын көпір жыл санап беки түсуде. Екі елдің мемлекет басшылары Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёевтің сындарлы саясаты мен берік саяси ерік-жігерінің арқасында стратегиялық серіктестік жаңа сапалы белеске көтерілді. Осы сыртқы саяси сабақтастықтың заңды жалғасы ретінде Өзбекстан Республикасының Ташкент облысында Түркістан және Ташкент облыстары кәсіпкерлерінің басын қосқан «Шекарасыз ынтымақтастық» тақырыбындағы халықаралық бизнес-форум өз жұмысын бастады. Екі елдің экономикалық қауқарын еселейтін бұл ауқымды іс-шараға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров бастаған ресми және бизнес-делегация арнайы қатысып, өңіраралық сауда-экономикалық, инвестициялық және туристік байланыстарды жаңа арнаға бұру мәселелерін жан-жақты талқылады. Маңызды іскерлік диалог алаңында бауырлас екі өңірден жиналған 200-ге жуық ірі кәсіпкер мен инвестор бас қосып, өзара тиімді келісімдердің негізін қалады.

Форумның салтанатты ашылуында Ташкент облысының хокимі Зойир Мирзаев пен Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров құттықтау сөз сөйлеп, іргесі сөгілмес көршілес екі аймақ арасындағы бауырластық қарым-қатынастың маңыздылығына тоқталды. Ташкент облысының хокимі өз сөзінде қос мемлекет басшыларының бауырлас халықтардың ынтымағын нығайтуға сіңірген еңбегін жоғары бағалады. «Біз ежелден өзара сыйластығы мен татулығы жарасқан, рухани құндылықтары ортақ халықпыз. Бүгінгі басқосу өңірлеріміздің дамуы үшін су жаңа мүмкіндіктерге даңғыл жол ашады. Біз бірлескен өндірістік жобаларды жүзеге асыруға және экономикалық өсімнің жаңа көкжиектерін бағындыруға толықтай дайынбыз» деп ағынан жарылды Зойир Мирзаев. Өз кезегінде сөз алған Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров бұл форумның достық пен тату көршіліктің символы ғана емес, нақты істердің алаңы екенін шегелеп айтты. «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, Қазақстан мен Өзбекстан — тұрақты даму жолында иық тіресе бірге келе жатқан сенімді одақтастар. Бұл үдерісте шекаралас жатқан өңірлерге өлшеусіз рөл мен үлкен жауапкершілік жүктеледі. Менімен бірге Түркістаннан келген өкілді бизнес-делегация тікелей іскерлік байланыстар орнатуға және бірлескен инвестициялық жобаларды іске қосуға барынша мүдделі. Форум қорытындысы кәсіпкерлерімізге жаңа мүмкіндіктер сыйлайды деп сенемін» деді аймақ басшысы.

Бүгінде Түркістан облысы ауыл шаруашылығы, тоқыма және тамақ өнеркәсібі, логистика мен туризм бағытында өте қарқынды дамып келеді. Қазіргі таңда өңірде жалпы инвестициялық құны 6 миллиард АҚШ долларын құрайтын 122 ауқымды жоба сәтті жүзеге асырылуда. Түркістан жерінде өзбек капиталының қатысуымен 10 мың басқа арналған заманауи ет комбинаты мен бордақылау алаңы, тамшылатып суару жүйелерін өндіретін зауыт және күнбағыс майын шығаратын кәсіпорын табысты жұмыс істеп тұр. Инвесторлар үшін облыста жалпы аумағы 1 960 гектарды құрайтын 21 индустриялық аймақ пен көлемі 1 400 гектар болатын арнайы экономикалық аймақ қызмет көрсетеді. Толықтай инженерлік инфрақұрылыммен қамтылған бұл аумақтарда салықтық және кедендік ерекше жеңілдіктер қарастырылған. Сондай-ақ, инвесторларға дайын өндірістік ғимараттарды жалға алу немесе жеңілдетілген шарттармен тікелей сатып алу мүмкіндігі де ұсынылған. Форум барысында екі ел басшыларының тікелей қолдауымен қолға алынған «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығы жобасының маңыздылығы ерекше аталды. Бұл алып жоба Түркістан мен Ташкент облыстары арасындағы сауда байланысын нығайтатын стратегиялық хаб ретінде бағаланды. Түркістан облысы кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшысы Н. Мырзахметов өңірдегі өндірістік парктер мен индустриялық аймақтардың артықшылықтарын жіліктеп шағып берсе, өзбекстандық әріптестер «Ангрен» арнайы экономикалық аймағының әлеуетін таныстырды.

Мұнымен қоса, қос өңірдің қос қанаты саналатын туризм саласы да назардан тыс қалмады. Сала маманы Д. Бабаджанов екі облыс арасындағы туристік бағыттарды бірлесіп дамыту бойынша соны ұсыныстарын ортаға салса, «Open Turkistan» туристік ақпараттық орталығының бас директоры А. Абубакиров Түркістанның көне тарихи-мәдени мұралары мен жаңадан бой көтерген заманауи туристік нысандарының әлеуетін жоғары деңгейде баяндап берді.