ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ ӨҢІР ТҰРҒЫНДАРЫН ЖЕКЕ ҚАБЫЛДАДЫ

Түркістан облысы әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбек тұрғындарды жеке қабылдап, олардың өтініштері мен ұсыныстарын тыңдады. Қабылдауға келген азаматтар өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы ұсыныстарын жеткізіп, өзекті мәселелерді көтерді.
Қабылдау барысында Түркістан қаласының тұрғыны шаһардың әлеуметтік және экономикалық даму бағдарламаларын жетілдіруге қатысты ұсыныстарын жеткізді. Облыс әкімінің орынбасары ұсыныстың маңыздылығын атап өтіп, оны тиісті сала мамандары жан-жақты зерделейтінін айтты. Сауран ауданының Игілік ауылының тұрғыны елді мекен көшелерін жөндеуге қаржы бөлінгеніне ризашылығын білдіріп, өңірде атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын берді. Сонымен қатар алдағы жобалардың сәтті жүзеге асуына тілектестік білдірді. Одан бөлек азаматтар экологиялық мәртебеге, мемлекеттік сатып алу рәсімдеріне қатысты түйіткілдерді көтерді.
Қанат Қайыпбек азаматтардың өтініштері мен ұсыныстары назардан тыс қалмайтынын айтып, әрбір мәселе қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес қаралатынын жеткізді. Сондай-ақ жауапты басқармаларға көтерілген мәселелер бойынша тиісті жұмыстар жүргізіп, нақты ұсыныстар әзірлеуді тапсырды.
Тұрғындарды жеке қабылдау жұмыстары алдағы уақытта да жалғасып, азаматтардың өтініштері мен ұсыныстары тұрақты бақылауда болады.
Айта кетейік, облыс әкімінің және оның орынбасарларының жеке қабылдауына жазылуды Түркістан облысы әкімі аппаратының өтініштерді қарауды бақылау бөлімі жүргізеді. Қабылдауға egov.kz порталы, е-otinish бірыңғай базасы және Азаматтарды қабылдау орталығына келіп, жазбаша өтініш тастау арқылы жазылуға болады.



