ҚЫТАЙМЕН ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖӘНЕ ТЕХНОЛОГИЯЛЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ КЕҢЕЙІП КЕЛЕДІ

Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан, ежелден мәдениеттер мен өркениеттердің алтын көпірі болған көне Түркістан бүгінде жаңаша сипатта түлеп, халықаралық экономикалық байланыстардың белсенді орталығына айналып келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан мен Қытай арасындағы стратегиялық әріптестікті нығайту, өңіраралық ықпалдастықты тереңдету жөніндегі сыртқы саяси бағытын басшылыққа алған Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров бастаған ресми және іскерлік делегацияның Қытай Халық Республикасына жасаған жұмыс сапары осы сөзіміздің айқын айғағы болмақ. Бұл сапардың түпкі мәні — екі ел арасындағы экономикалық байланыстарды жаңа сапалық деңгейге көтеру, өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттырып, тікелей шетелдік капиталды тарту, сондай-ақ заманауи агротехнологиялар мен туризм саласын ілгерілетуге серпін беру.

Айта кетерлігі, Түркістан облысының өкілдері Қазақстан өңірлері ішінде алғашқылардың бірі болып, Азиядағы гүл шаруашылығының ірі орталығы, заманауи агротехнологиялардың ордасы саналатын Юньнань провинциясының Куньмин қаласына табан тіреді. Әлемге «Мәңгілік көктем елі» және «Гүлдер астанасы» деген атпен танымал бұл шаһар тек туризмнің ғана емес, ауыл шаруашылығы инновациялары мен кофе мәдениетінің де халықаралық деңгейдегі ірі тоғысу нүктесі саналады. Табиғи-климаттық әлеуеті жағынан еліміздегі ең ірі аграрлық аймақ болып табылатын Түркістан өңірі мен Қытайдың осы бір шуақты өлкесі арасындағы байланыстың орнауы — стратегиялық маңызы зор, тарихи қадам. Сапар аясында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Қытай Коммунистік партиясының комитет секретары және елімізге Астана LRT жобасы арқылы жақсы таныс «Yunnan Construction & Investment Holding Group Co.» компаниясының директорлар кеңесінің төрағасы Чэнь Цзуцзюньмен кездесті. Бұл алпауыт мемлекеттік холдинг инфрақұрылым, құрылыс, индустриялық парктер мен логистика салаларында әлемдік деңгейдегі ірі жобаларды жүзеге асырып келе жатқан, «Бір белдеу — бір жол» бастамасының негізгі қозғаушы күштерінің бірі болып табылады. Кездесу барысында қытайлық инвесторларға Түркістан өңірінің инвестициялық әлеуеті, мемлекет тарапынан көрсетілетін жеңілдіктер мен арнайы экономикалық аймақтардың мүмкіндіктері кеңінен таныстырылды.

Өз кезегінде облыс басшысы Нұралхан Көшеров Қытай тарапының қонақжайлығына ризашылығын білдіре отырып, екі мемлекет басшыларының арасындағы жоғары деңгейдегі сенім мен сындарлы диалог өңіраралық байланыстарды дамытудың берік негізі екенін атап өтті. Бүгінде Түркістан облысы — бизнес жүргізуге барынша қолайлы, инвесторлар құқығы заңмен қорғалған қауіпсіз әрі берекелі аймақ. Осы ретте тараптар облыс аумағында халықаралық стандарттарға сай келетін жаңа автожолдар салу және заманауи логистикалық орталық құру жобаларын егжей-тегжейлі талқылады. Қытайлық алпауыт холдинг бұл бастамаларға үлкен қызығушылық танытып, ұзақ мерзімді әрі өзара тиімді серіктестікке дайын екендіктерін жеткізді. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, Қытай елі Қазақстан экономикасына тікелей инвестиция салушы ең ірі үш мемлекеттің қатарына кіреді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы тауар айналымы 48,7 миллиард АҚШ долларына жетсе, соның ішінде Түркістан облысының үлесі 684,3 миллион АҚШ долларын құраған. Бұл көрсеткіштің алдағы уақытта еселеп өсетініне күмән жоқ. Өйткені, бүгінде Түркістан өңірінде 218 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектісі, 300-ден астам шетелдік кәсіпорын табысты жұмыс істеп жатыр. Оның үстіне, Қытай мен Еуропаны жалғап жатқан «Батыс Қытай — Батыс Еуропа» халықаралық көлік дәлізі мен жылына 3 миллионға дейін жолаушы қабылдай алатын Түркістан халықаралық әуежайы өңірдің транзиттік-логистикалық қуатын арттырып тұр.

Облыс аумағында жұмыс істейтін 21 индустриялық аймақ пен жеңілдікті шарттары бар шағын өнеркәсіптік парктер, сондай-ақ «TURKISTAN» арнайы экономикалық аймағы резиденттерге салықтық және кедендік преференциялар ұсынып, 35 басым бағыт бойынша жобаларды кедергісіз жүзеге асыруға жол ашуда. Қорыта айтқанда, Түркістан делегациясының Куньмин қаласына жасаған бұл сапары — екі ел арасындағы достық пен ынтымақтастықтың тағы бір алтын парағын ашты. Оңтүстіктің құнарлы топырағы мен Қытайдың озық технологиясы тоғысқан бұл қадам алдағы уақытта жаңа жұмыс орындарын ашуға, өңір экономикасын әртараптандыруға және Түркістанды халықаралық деңгейдегі қуатты орталыққа айналдыруға зор серпін беретіні анық. Түркістан облысы бұл бағыттағы жүйелі әрі сындарлы жұмыстарын алдағы уақытта да нық қадаммен жалғастыра бермек.