ТҮРКІСТАНДА БІР КҮНДЕ 500-ДЕН АСТАМ ОТБАСЫ БАСПАНАЛЫ БОЛДЫ

Көк туымыз көкте желбіреген Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күнінде айрықша қуаныш орнады. Айтулы мерекеде Түркістан қаласындағы заманауи үлгіде бой көтерген «Жібек жолы» тұрғын үй кешенінен бір мезетте 512 отбасы, яғни 3 мыңнан астам адам су жаңа пәтердің кілтіне қол жеткізіп, қоныс тойын тойлады. Түркістандық тұрғындардың жүрегін тебіренткен осынау зор қуанышын бөлісуге Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров арнайы барып, көптен бері баспана кезегінде сарыла күткен азаматтарға пәтер кілттерін салтанатты жағдайда табыстады және өзінің ақжарма ізгі тілегін білдірді.

Жиналған қауымның алдында сөз сөйлеген аймақ басшысы бұл күннің жүздеген шаңырақ үшін ешқашан ұмытылмас ерекше мереке екенін атап өтті. «Баршаңызды бүгінгі жүректі тебірентер қуанышты сәтпен шын жүректен құттықтаймын! Бұл — жүздеген отбасының көптен күткен асыл арманы орындалған, қиындығы артта қалған ерекше күн. Дана қазақ халқы «Үйі бардың — күйі бар» дейді. Расында да, өз шаңырағыңның болуы — әр отбасының бақыты мен берекесінің, тұрақтылығы мен көңіл тыныштығының берік негізі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев халықтың әл-ауқатын арттыру мен тұрғындарды жайлы баспанамен қамтамасыз етуді үнемі басты және кезек күттірмейтін міндет ретінде белгілеп келеді. Осы міндеттерді облысымызда жүйелі жүзеге асырудың нәтижесінде тұрғын үй құрылысы өте қарқынды дамып, мыңдаған азаматтың баспана мәселесі оң шешімін табуда. Былтыр облыс көлемінде тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға 3 564 пәтер берілсе, осы жылы тағы 2 292 пәтер беруді жоспарлап отырмыз. Бүгін, міне, соның айғағындай тағы 512 отбасының қуанышы еселеніп, өз үйіне кірді. Бұл зәулім үйлердің іші жайлы, сырты көрікті болуы алдымен тұрғындардың өздеріне байланысты. Сондықтан баршаңызды ауланың тазалығын көздің қарашығындай сақтауға, көгалдандыру және абаттандыру жұмыстарына белсенді атсалысуға шақырамын. Өйткені дәл осы қауіпсіз аулада өз балаларыңыз өсіп, тәрбиеленіп, алаңсыз ойнайды. Мемлекет басшысының бастамасымен бүкіл ел көлемінде жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» бағдарламасын кеңінен қолдап, туған жеріміздің тазалығы мен көркеюіне әрқайсымыз азаматтық үлес қосуымыз қажет. Жаңа шаңырақтарыңыздан шаттық пен береке кетпесін! Қоныстарыңыз құтты әрі қайырлы болсын!» деді Нұралхан Оралбайұлы.

Жаңа пәтерлердің иесі атанған бақытты жандардың қатарында қоғамның қолдауына зәру әлеуметтік осал топ өкілдері мен демографиялық өсімге үлес қосып жүрген көпбалалы аналар мен отбасылар бар. Айта кетерлігі, 2025 жылғы 24 мамырдан бастап ресми түрде күшіне енген тұрғын үй заңнамасындағы жаңа өзгерістерге сәйкес, елде тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды есепке алу, олардың кезектілігін жүргізу және дайын үйлерді әділ бөлу функциялары толығымен «Отбасы банк» АҚ-ға берілген болатын. Осылайша, бүгін қасиетті Түркістан төрінде баспана кілтін алып, көздеріне жас алған тұрғындар — жаңа тәртіпке сай «Отбасы банк» арқылы арнайы іріктеуден өтіп, жолдама алған еліміздегі ең алғашқы бақытты азаматтар ретінде тарихқа енді. Ұлық мерекеде басынан бағы аумаған түркістандық жұрттың қоныс тойы құтты, шаңырақтары биік болғай.