КЕНТАУ ҚАЛАСЫНДА ЗАМАНАУИ ЕКІ ЗАУЫТ АШЫЛДЫ

Тәуелсіздік жылдарында өзінің индустриялық даңқын біраз бәсеңдетіп алған Кентау қаласы бүгінде жаңаша түлеп, отандық өнеркәсіптің алдыңғы шебіне қайта шығып келеді. Кезінде кеншілер мен алып зауыттардың мекені болған бұл шаһар Түркістан облысының жаңа экономикалық драйвері ретінде қайта жаңғыруда. Мұның айқын айғағы ретінде, Кентау қаласындағы «Turan» арнайы экономикалық аймағында «Kentau Cable Industries» компаниялар тобының мұрындық болуымен жүзеге асқан екі бірдей алып өндіріс орнының салтанатты жағдайда ашылуын айтуға болады. Мұнда жоғары жылдамдықты интернет желілеріне өте қажетті оптикалық кабель шығаратын «Kentau Cable Industries» зауыты мен заманауи электр құрал-жабдықтарының негізі саналатын металл шкафтарын өндіретін «ElectroCore» зауыты ресми түрде іске қосылып, ел игілігіне жол тартты.
Осынау маңызды тарихи сәтте өңір басшысы Нұралхан Көшеров арнайы қатысып, жаңа кәсіпорындардың тек Кентау үшін ғана емес, жалпы облыс экономикасын өркендетудегі салмақты рөліне тоқталды. Әкім өз сөзінде бұл күнді шаһар шежіресіндегі елеулі белес деп бағалап, заманауи зауыттардың іске қосылуы өңірдің өндірістік қуатын еселеп, жаңа серпін беретінін жеткізді. Мемлекет басшысының отандық өндірісті алға сүйреу, озық технологияларды өндіріске енгізу және шикізатты сыртқа сатпай, ел ішінде терең өңдеу саласына басымдық беру жөніндегі сындарлы тапсырмалары Түркістан топырағында осылайша нақты көрініс тауып отыр. Екі зауыттың бір мезетте іске қосылуы арқылы 200-ге жуық жергілікті тұрғын тұрақты әрі табысты жұмыспен қамтылды. Бұл қадам кезінде өндірістің қара шаңырағы болған Кентаудың екінші мәрте тынысын ашып, шаһардың дамуына соны серпіліс әкелгені сөзсіз. Өңір басшысы осы игілікті іске атсалысқан инвесторлар мен еңбек ұжымына шынайы ризашылығын білдіріп, аймақтағы индустрияландыру жұмыстары алдағы уақытта да тоқтаусыз жалғаса беретінін шегелеп айтты.
Жиында сөз алған «Kentau Cable Industries» және «ElectroCore» серіктестіктерінің директоры Асқар Баймырзаұлы да жаңа кәсіпорындардың әлемдік ең озық технологияларға негізделгенін тілге тиек етті. Кәсіпкердің айтуынша, бұл зауыттардың негізгі мұраты – еліміздің ішкі нарығын сапасы жағынан ешкімнен кем түспейтін отандық өніммен толық қамтып қана қоймай, тауарларды жақын және алыс шетелдерге экспорттау арқылы ел беделін арттыру. Сонымен қатар алдағы уақытта өндіріс көлемін кезең-кезеңімен ұлғайту, шығарылатын өнімнің түрін көбейту және жаңа жұмыс орындарын ашу жоспары да жоқ емес. Ол өз кезегінде осы ауқымды жобаның сәтті жүзеге асуына жан-жақты қолдау көрсеткен ел басшылығына және облыс әкімдігіне ерекше алғысын жеткізді. Ашылған нысандардың ішіндегі шоқтығы биігі – жоғары жылдамдықты интернет желілерін тартуға арналған оптикалық кабельдер шығаратын «Kentau Cable Industries» зауыты. Жалпы құны 1,7 миллиард теңгені құрайтын бұл жобаның қуаттылығы таңқалдырмай қоймайды. Зауыт жылына 33 мың шақырым оптикалық кабель мен 12 мың шақырым микротүтік пакеттерін шығаруға қауқарлы. Мұнда 100-ге жуық маман еңбек етеді. Кәсіпорынның басты артықшылығы – мұнда кабель өнімдерін шығарудың басынан аяғына дейінгі толық өндірістік циклі қалыптасқан. Жоғары дәлдікті бағдарламалық жүйемен басқарылатын автоматтандырылған желілер Siemens, Bosch, Panasonic секілді әлемдік алпауыттардың технологиялық базасына сүйеніп құрылған.
Ал екінші маңызды жоба – электр құрал-жабдықтарына арналған металл шкафтарын шығаратын «ElectroCore» кәсіпорны. Осы өндіріске инвесторлар тарапынан 1,5 миллиард теңге көлемінде тікелей капитал бағытталған. Зауыт жыл сайын нарыққа 12 мың дана сапалы өнім ұсынуды көздеп отыр және бұл жерде де 100-ге жуық адам тұрақты еңбекпен қамтылған. Жұмыс сапары аясында облыс әкімі Нұралхан Көшеров Кентау қаласындағы өндірістік парктің де тыныс-тіршілігімен танысып, өзге де инвестициялық жобалардың барысын бақылады. Бүгінде шаһарда тек өндіріс қана емес, ауыл шаруашылығы, туризм бағытында да ауқымды істер жоспарланған. Ең қуаныштысы, кезінде қаңырап бос қалған ескі өндіріс ғимараттары бүгінде екінші өмірін бастап, заманауи зауыттарға айналуда. Аймақ басшысы жауапты тұлғаларға осы жүйелі жұмыстың қарқынын бәсеңдетпей, жаңа өндіріс орындарын көбейту жөнінде нақты міндеттер қойды. Бұл жасампаз қадамдар Кентаудың өндірістік даңқын асқақтатып, облыстың әлеуетін арттыра түсетіні сөзсіз.



