ТҮРКІСТАНДА ӨНДІРІСТІК АЙМАҚТАР КЕҢЕЙІП, ЖАҢА ЖОБАЛАР ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛУДА

Түркістан қаласындағы өнеркәсіптік секторды өркендетуге, шетелдік және отандық инвесторларға қолайлы жағдай жасауға бағытталған «TURAN» арнайы экономикалық және индустриялық аймақтарының инфрақұрылымдық дамуы сапалық жаңа белеске көтеріліп келеді. Осы орайда, Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы арнайы экономикалық және индустриялық аймақтарды аралап, ондағы өндірістік жобалардың іске асу барысымен, құрылыс қарқынымен және аумақтарды қажетті инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жұмыстарымен егжей-тегжейлі танысты.
Өңдеу өнеркәсібіндегі өнімділікті арттыру мен құрылыс материалдары индустриясын отандық өніммен қамту – қазіргі нарықтағы басты сұраныстардың бірі. Аралау барысында қала басшысы алдымен ламинат өндіруге бағытталған, жалпы құны 5 миллиард теңгені құрайтын «Qaz Natural Laminat» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өндірістік нысанына аялдады. Бүгінгі таңда бірінші кезеңі сәтті іске қосылып, өнім шығара бастаған бұл кәсіпорын өндіріс көлемін одан ары кеңейтуге бағытталған екінші кезеңнің құрылыс жұмыстарына қызу дайындалуда. Бұл жоба өңірдегі құрылыс индустриясының импортқа тәуелділігін төмендетіп, жергілікті өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға зор үлес қосады. Нысанның тыныс-тіршілігін сараптаған қала әкімі екінші кезеңнің құрылыс қарқынын бәсеңдетпей, бекітілген кестеге сай белгіленген мерзімде толық аяқтауды, кәсіпорынды қажетті инженерлік желілермен үздіксіз қамтамасыз етуді және инвесторға мемлекет тарапынан көрсетілетін тиісті қолдау мәселелерін жеделдетуді жауапты басшыларға қатаң түрде міндеттеді. Жұмыс сапары аясында қала басшысы «Hygeia Textile Kazakhstan» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өндірістік нысанында жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарының барысын да жіті бақылады. Жалпы құны 3,6 миллиард теңгені құрайтын бұл ауқымды жоба аясында 20 гектар аумақта иіру, тоқыма және джинсы матасын өндіретін заманауи фабрика бой көтереді. Тоқыма өнеркәсібін жаңғыртуға бағытталған бұл кәсіпорын толық өндірістік қуатына шыққан кезде 1 500 жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда. Бұл — өңірдегі жұмыссыздық деңгейін төмендетуге, әсіресе жергілікті жастар мен кәсіби мамандарды еңбекпен қамтуға қосылатын салмақты үлес. Жалпы құрылыс жұмыстары үш кезең бойынша сатылап жүзеге асырылады. Нысанды аралау кезінде қала әкімі құрылыс жұмыстарының белгіленген кестеден бұзылмауын, құрылыс сапасы талаптарының толық сақталуын және инженерлік инфрақұрылым мәселелерінің уақытылы, әрі сапалы шешілуін тапсырды. Сонымен бірге, өндіріс іске қосылғаннан кейін жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуға басымдық беріп, заманауи құрал-жабдықтармен жұмыс істейтін қажетті мамандарды арнайы оқу орындарында алдын ала даярлау қажеттігін баса айтты.
Өндіріс орындарын өркендету тек кәсіпорын салумен шектелмейтіні белгілі. Кез келген өндіріс алаңының тиімді жұмыс істеуі үшін заманауи инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым ауадай қажет. Сапар барысында арнайы экономикалық аймақты қосымша 88 гектарға кеңейту жұмыстарының барысы да арнайы қаралды. Жаңадан қосылатын аумаққа келешекте бой көтеретін өндірістік нысандарды орналастыру үшін ауқымды инфрақұрылымдық жобалар қолға алынуда. Атап айтқанда, бұл аумаққа 12,6 шақырым электр желісі, 6,2 шақырым газ құбыры, 3,2 шақырым ішкі су құбыры, 2,6 шақырым кәріз жүйесі және 2,6 шақырым байланыс желісі тартылып, магистральдық су құбыры мен жүк көліктеріне төзімді заманауи бетон жол салынбақ. Аралауды қорытындылай келе, Әзімбек Пазылбекұлы өндірістік аймақтарды дамытуда негізгі назар тек кәсіпорындарды орналастыруға немесе ғимарат тұрғызуға емес, олардың іркіліссіз, тұрақты жұмыс істеуіне қажетті инфрақұрылымды уақытылы дайындауға аударылуы тиіс екенін қадап айтты. Инфрақұрылым – өндірістің күретамыры. Осыған орай, қала басшысы жауапты сала басшыларына инженерлік желілерді жоғары сапада жүргізіп, барлық инфрақұрылымдық жұмыстарды белгіленген мерзімде аяқтауды және индустриялық жобалардың іске асу барысын тұрақты жеке бақылауда ұстауды тапсырды. Түйіндей айтқанда, Түркістан қаласындағы «TURAN» арнайы экономикалық және индустриялық аймақтарында атқарылып жатқан ауқымды жұмыстар – өңір экономикасын сапалы жаңа белеске көтеретін, инвесторларға сенімділік сыйлайтын және жергілікті тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыратын маңызды драйвер.



