ЖАҢА ЗАУЫТТАР МЕН ЖҰМЫС ОРЫНДАРЫ АШЫЛАДЫ

Түркістан облысында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын жеделдету, инвестициялық ахуалды жақсарту және жаңа өндірістік жобаларды іске асыру мәселелері тұрақты бақылауда. Осы бағыттағы жүйелі жұмыстар аясында облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен инвестициялық штаб отырысы өтті. Жиынға салаға жауапты облыс әкімінің орынбасарлары мен басқарма басшылары, аудан және қала әкімдері, бизнес өкілдері мен инвесторлар қатысты.
Кездесудің күн тәртібінде бірінші кезекте жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалардың өзекті мәселелері талқыланды. Биыл облыста іске қосылатын жобалар және 2025 жылы өтетін халықаралық форум аясында қытайлық инвесторлармен жүргізілген келіссөздер нәтижесінде атқарылған жұмыстар баяндалды. Әкім Нұралхан Көшеров инвестициялық жобалардың табысты іске асуы үшін барлық қажетті қолдау көрсету қажеттігін атап өтті. Ол инфрақұрылымдық мәселелерді жедел шешу бойынша нақты тапсырмалар беріп, инвесторлармен бірлесе жұмыс істеуге дайын екенін мәлімдеді. «Біздің басты мақсатымыз – Түркістан облысында инвестициялық ахуалды жақсарту. Бұл тек экономиканы дамытуға ғана емес, тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыруға да септігін тигізеді. Әрбір жобаның табысты іске асуы үшін барлық қолдауды көрсету керек» деді облыс әкімі.
Штаб отырысында әрбір жоба бастамашылары өз жобаларының қазіргі жай-күйін таныстырып, шешімін таппай тұрған мәселелерді баяндады. Мысалы, Бәйдібек ауданында «Корпорация «Ernur» ЖШС» жұмыртқа бағытындағы құс фабрикасы мен құрама жем зауытының құрылысын жүзеге асыруда. Жобаның жалпы құны – 7,6 млрд теңге, ол биыл іске қосылуы жоспарланып отыр. Құрамажем зауытына қажетті жабдықтар Түркиядан, ал балапан өсіретін фабрикаға қажет құралдар Германиядан жеткізілген. Қазіргі таңда 23,8 гектар аумаққа кешенді құс фабрикасы құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізуде, ал балапанға арналған ферма жері тегістеліп, бетондау жұмыстары басталған. Жоба 1,6 МВт электр қуатын қажет етеді және инфрақұрылым «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы аясында тартылмақ.
Сайрам ауданында «Kuzov Karabulak» ЖШС арнайы техника құрастыру зауытының құрылысын 95 пайызға аяқтаған. Компания директоры электр энергиясын тарту мәселесін көтерді. Ағымдағы уақытта зауыт 4 гектар жерді алып, құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Жобаның қуаты 600 кВт электр энергиясын қажет етеді. Сонымен қатар, аудандағы «Meat Magnat» АӨК ет комбинаты мен 10 000 басқа арналған бордақылау алаңы, «Nurym Group» ЖШС ет өңдеу комбинаты және «Red Gold» ЖШС мал базары жобалары іске асырылуда. «Gen Group Kazakhstan» ЖШС өндірістік жылыжай кешенін, «Zaman milk products» ЖШС сүт өнімдерін өндіретін зауыт құрылысын жүзеге асыруда.
Арыс қаласында «Turkistan Agro.kz» ЖШС 1830 гектар аумақта жаңбырлатып суғару әдісімен жем-шөп дақылдарын өсіру ісін қолға алды. Ордабасы ауданында «HUATING BIOTECHNOLOGY Co.,LTD» ірі қара мал сүйегінен май және желатин компоненттерін өндіретін зауыт салуды жоспарлауда. Сауран ауданында «MinPromKaz» ЖШС құрғақ құрылыс қоспаларын өндіретін зауытты іске қосу үшін 1,5 МВт электр энергиясы қажет. Сондай-ақ, «Мырзахан» ШҚ ет комбинаты, құрама жем шығару, тері өңдеу цехтары және бордақылау алаңы құрылысын «Түркістан» ӘКК арқылы қаржыландыру жоспарда бар. Инвестициялық штаб отырысында облыс әкімдігі мен кәсіпкерлер арасында ашық диалог орнап, жаңа жобаларды іске асыруға қатысты ұсыныстар тыңдалды. Жиында берілген тапсырмалар хаттамаға енгізіліп, орындалу барысы бақылауға алынды. Әкімдік пен бизнес өкілдері арасындағы осындай жүйелі жұмыс Түркістан облысында инвестициялық ахуалды жақсартып, жаңа жұмыс орындарын ашуға, экономика көлемін ұлғайтуға және өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін береді.



