КӘСІПОДАҚ ҰЙЫМЫ – ЕҢБЕК АДАМЫНЫҢ ҚОРҒАНЫ

Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығының төрағасы Бауыржан Алтеевтің мемлекеттік мекемелер мен қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің «Қызмет» салалық кәсіподағының мүшелерімен өткізген кездесуі еңбек адамының мәртебесін көтеруге бағытталған ауқымды қадамдардың бірі болды. Бұл жиынға «Қызмет» салалық кәсіподағының Шымкент қалалық филиалының төрағасы Әуесханов Серік Елемесұлы мен ұйымның белсенді мүшелері қатысып, кәсіподақ жұмысының өзекті мәселелерін талқылады.
Кеңейтілген отырыста күн тәртібінде бірнеше маңызды бағыттар қаралды. Оның ішінде ең өзектісі – биылғы «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясындағы бастамалар болды. Бауыржан Алтеев еңбек адамының мәртебесін арттыру – қоғамның дамуы мен тұрақтылығы үшін негізгі шарт екенін атап өтті. Мемлекеттік қызметкерлер мен коммуналдық саладағы жұмысшылардың беделін көтеру жолындағы кәсіподақтың рөлі ерекше екені де баса айтылды. Кездесуде қозғалған тағы бір маңызды мәселе – спорт арқылы бірлікті арттыру. Бұл бағытта Дендропаркте өтетін «Кәсіподақ RUN 2025» жаппай жүгіру шарасы талқыланды. «Ынтымақ жүгірісі» бастамасы аясында ұйымдастырылатын бұл іс-шара кәсіподақ мүшелерін салауатты өмір салтына үндеп қана қоймай, олардың бірлік пен ынтымақтастыққа негізделген қоғамдағы рөлін айқындайды. Спорт – денсаулық кепілі ғана емес, сонымен бірге ұйымшылдық пен ортақ мақсатқа ұмтылыстың көрінісі екенін кәсіподақтар осындай бастамалар арқылы көрсетіп отыр.
Сонымен қатар экологиялық мәселелер де назардан тыс қалмады. «Таза Қазақстан» акциясы аясында кәсіподақ ғимараты маңында сенбілік ұйымдастыру жоспарланды. Бұл тек қоқыс жинау немесе аумақты тазарту ғана емес, әрбір кәсіподақ мүшесінің қоғам алдындағы әлеуметтік жауапкершілігін арттыратын, табиғатқа жанашырлық танытуға шақыратын нақты іс-шара ретінде бағаланды. Экологиялық мәдениетті қалыптастыру – еңбек мәдениетімен тығыз байланысты екені жиын барысында бірнеше мәрте айтылды. Жиын барысында тек жоспар ғана емес, нақты мәселелер де талқыланды. Оның ішінде ұйым мүшелерінің еңбек құқықтарын қорғау, ұжымдық шарттардың орындалуын қамтамасыз ету және заңнамалық өзгерістерге байланысты туындайтын сауалдар кеңінен қаралды. Бұл тақырыптардың көтерілуі кәсіподақтың тек символикалық ұйым емес, шынайы еңбек адамының құқығын қорғайтын қоғамдық күш екенін тағы да дәлелдейді. Бауыржан Алтеев өз сөзінде кәсіподақ ұйымдарының белсенділігін арттырудың, бастауыш ұйымдардың жұмысын күшейтудің маңыздылығына ерекше тоқталды. Себебі бастауыш ұйым – еңбек ұжымындағы алғашқы қорған, ал оның белсенділігі кәсіподақтың жалпы әлеуетін арттырады. Бұл бағыттағы жұмыстар ашық диалог пен өзара түсіністікке негізделуі тиіс екені де атап өтілді.