ТҮРКІСТАНДАҒЫ ТҰҢҒЫШ ИНКЛЮЗИВТІ ТЕАТРҒА ҚОЛДАУ КӨРСЕТІЛДІ

Мемлекет басшысының әлеуметтік саясатты жаңғырту, инклюзивті қоғам қалыптастыру және әрбір баланың шығармашылық әлеуетін ашуға тең мүмкіндіктер сыйлау жөніндегі тапсырмалары өңірлерде нақты істермен көрініс табуда. Осы орайда Түркістан қаласында жүзеге асырылып жатқан игі жобалардың ішінде өнер мен медицинаны, әлеуметтік оңалтуды тоғыстырған бірегей бастамалардың орны бөлек. Жуырда Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Түркістан қаласындағы «Дара ұрпақ» инклюзивті театрына арнайы барып, ұжыммен және жас өнерпаздармен кездесті. Өңір басшысының бұл сапары ерекше балалардың қоғамдағы орнын айшықтауға, олардың өнердегі алғашқы қадамдарына демеу болуға бағытталған маңызды әлеуметтік қадам болды.
Өңірдегі әлеуметтік-мәдени интеграцияның жаңа үлгісіне айналған «Дара ұрпақ» инклюзивті театры ресми түрде 2025 жылғы 17 желтоқсанда ашылған болатын. Облыс әкімдігінің тікелей қолдауымен инклюзивті театрдың еркін шығармашылықпен айналысуына қажетті барлық жағдайы жасалған ғимарат пайдалануға берілді. Өткен жылы іске қосылған бұл мәдениет ошағы бүгінде өңірдегі ерекше қажеттілігі бар балалар мен жастарды өнер арқылы әлеуметтендірудің, олардың бойындағы сенімділікті оятудың тиімді әрі нәтижелі алаңына айналып отыр. Мұны Түркістан облысындағы тұңғыш инклюзивті театр әрі жалпы Қазақстан масштабында аралас диагнозы бар балалармен кәсіби деңгейде жұмыс істейтін алғашқы бірегей ұжымдардың бірі деп толық сеніммен айтуға болады. Театрдың негізгі миссиясы мен стратегиялық мақсаты — ерекше қажеттілігі бар балалар мен жастардың тұнып тұрған шығармашылық әлеуетін ашып, олардың ортаға, қоғамға толыққанды араласуына, өздерін еркін сезінуіне жағдай жасау. Жылы әрі әсерлі жағдайда өткен бұл жүздесуде театрдың жас өнерпаздары өздерінің бойындағы табиғи дарындарын, сахналық шеберліктерін көрсетіп, келген меймандарға ерекше көңіл-күй сыйлады. Кездесу барысында театрдың құрылтайшылары Ербол Көкенов пен Рухабза Қалдарбек балалардың атынан өңір басшылығына көрсетіліп жатқан тұрақты қолдаулары үшін шынайы алғысын білдіріп, қысқа мерзім ішінде қол жеткізген жетістіктерімен бөлісті. Сонымен бірге ерекше ұл-қыздарды өнер нәрімен сусындатып, сахнаға баулып жүрген педагогтарды таныстырып, олардың қажырлы да табанды еңбектеріне жеке-жеке тоқталып өтті. Жас өнерпаздардың талпынысына ризашылығын білдірген облыс әкімі Нұралхан Көшеров ерекше балаларға әрдайым жан-жақты қолдау көрсетілетінін жеткізіп, театр ұжымының шығармашылық тынысын кеңейту мақсатында заманауи музыкалық аппаратураны сыйға тартты. Бұл техникалық қолдау театрдың репертуарын байытуға, репетициялық процесті заманауи талаптарға сай жүргізуге үлкен мүмкіндік берері сөзсіз. Өз кезегінде ата-аналар да балаларының шығармашылық қабілетін дамытуға, олардың ортаға бейімделуіне жасалған мұндай жағдайлар үшін облыс басшылығына ризашылықтарын білдірді.
Бүгінгі таңда «Дара ұрпақ» театрында Даун синдромы, аутизм және аутистикалық спектрдің бұзылыстары (РАС), церебралды сал ауруы (ДЦП), сөйлеу қабілеті бұзылған 100-ге жуық ерекше бала өнермен айналысып, өмірге деген құштарлықтарын арттыруда. Мұнда актерлік шеберлік, вокал, хореография, пара би бағыттары бойынша сабақтар жүйелі түрде жүргізіледі. Алайда бұл мекеменің басты ерекшелігі — мұнда тек өнер сабақтары ғана емес, сонымен бірге кешенді медициналық-психологиялық оңалту процесі қатар жүреді. Театрда психологтар, нейропсихологтар, невропатологтар, дефектологтар және АВА-терапевтерден құралған кәсіби мамандар тобы қызмет көрсетеді. Яғни өнер сабақтары мен ғылыми негізделген терапияның синергиясы балалардың моторикасын, сөйлеу апаратын, эмоционалдық-ерік жігерін дамытуда керемет оң нәтижелер беруде. Өнер мұнда тек эстетикалық құрал емес, ең алдымен, емдік, оңалтушылық және әлеуметтендірушілік функцияны атқарып тұр. Кездесу барысында өңір басшысы театрдың алдағы ауқымды жоспарларымен де мұқият танысты. Өз үйінде, өз қаласында танылып үлгерген ұжым енді өз шекарасын кеңейтуді көздеп отыр. Болашақта театр ұжымы Түркістан облысының барлық аудандарында гастрольдік сапарлар ұйымдастырып, шалғай елді мекендердегі ерекше балаларға үміт сыйлауды, сондай-ақ Шымкент, Тараз, Қызылорда сияқты көршілес қалаларда өнер көрсетіп, өз тәжірибелерімен бөлісуді жоспарлап отыр. Бұл гастрольдік сапарлар қоғамдағы инклюзивті мәдениетті қалыптастыруға, стереотиптерді бұзуға үлкен серпін береді. Оған қоса, театр басшылығы Қазақстанда баламасы жоқ бірегей жобаны — ерекше балалардан құралған тұңғыш оркестрді құруды мақсат етіп қойған.



