БІЛІМ БЕРУДЕГІ САПАНЫ АРТТЫРУ БАҒЫТЫНДА ЖҮЙЕЛІ ШАРАЛАР ҚОЛҒА АЛЫНДЫ

Түркістан облысы білім саласын дамыту бағытында жүйелі және сапалы жұмыстар атқарылуда. Білім сапасын арттыру, балаларға қауіпсіз және қолайлы білім беру ортасын қалыптастыру – облыс әкімінің Нұралхан Көшеровтің күн тәртібінен түспейтін маңызды мәселелердің бірі. Осы мақсатта облыстық Білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ғалымжан Орынов әр ауданда білім беру ұйымдарының басшыларымен кездесіп, өзекті мәселелерді жан-жақты талқылады.
Өткен аптада Ғалымжан Орынов Сауран, Отырар, Ордабасы, Бәйдібек, Созақ, Төлеби, Қазығұрт аудандары мен Кентау қаласына арнайы барып, білім саласы қызметкерлерімен кеңейтілген мәжілістер өткізді. Бұл сапарлардың басты мақсаты – білім беру ұйымдарының қазіргі жұмыс нәтижелерін бағалау, кемшіліктерді анықтау және сапалы білім беру бағытында нақты шешімдер қабылдау болды. Қазығұрт ауданына жасаған жұмыс сапарында, облыстық Білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы алдымен аудан әкімі Азизхан Әзімханұлымен бірге оқушылардың инновациялық жобалары мен авторлық идеялар көрмесін аралады. Көрмеде білім алушылардың шығармашылық қабілеттері мен инновациялық бастамалары көрсетіліп, мектептердегі заманауи білім беру әдістері таныстырылды. Бұл шара оқушылардың өз қабілеттерін дамытуға, ғылыми-зерттеу және шығармашылық жұмыстарға қызығушылығын арттыруға бағытталған.
Кеңейтілген жиында 2025-2026 оқу жылының I және II тоқсандарында атқарылған жұмыстардың нәтижелері жан-жақты талқыланды. Білім сапасын арттыру, оқушылардың қауіпсіз және қолайлы ортада білім алуын қамтамасыз ету бағытында жүзеге асырылып жатқан іс-шаралар пысықталды. Сонымен қатар, «Заң және тәртіп» қағидатын ілгерілету аясында сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама мен білім саласындағы заң нормаларының сақталуы ерекше назарға алынды. Бұл бағытта «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында жүйелі жұмысты үйлестірудің маңыздылығы білім беру ұйымдарына түсіндірілді. Жиында білім басқармасының әр ауданға жауапты бас мамандары өзекті мәселелерді баяндап, облыстық орталық басшылары өз бағыттарына қатысты сыни жағдайларды ашық айтты. Бұл шара арқылы білім беру ұйымдарының проблемалары мен жетістіктері айқын көрініп, басқарма тарапынан нақты шешімдер қабылдау мүмкіндігі туды.
Ғалымжан Қалдыкөзұлы әр көрсеткіш бойынша төмен нәтиже көрсеткен білім беру ұйымдарының басшыларына білім сапасын арттыруға бағытталған нақты тапсырмалар жүктеді. Олар оқушылардың білім деңгейін жақсарту, педагогикалық құрамның кәсіби дамуын қамтамасыз ету, заманауи білім беру технологияларын енгізу және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша міндеттерді қамтиды. Жиын соңында білім саласы қызметкерлері өз ұсыныс-пікірлерін айтып, көтерілген мәселелер бойынша тиісті жауаптар алды. Бұл жұмыс алдағы уақытта да жалғасып, облыс әкімдігі білім беру сапасын арттыруды басты басымдық ретінде айқындап отыр. Педагогтердің кәсіби дамуын қолдау, заманауи оқыту әдістерін енгізу, қауіпсіз әрі қолайлы оқу ортасын қалыптастыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілмек.
Облыстық Білім басқармасы алдағы аптада басқа аудандардағы әріптестермен де кездесулер өткізіп, білім сапасын арттыру және балаларға заманауи, қауіпсіз оқу ортасын қамтамасыз ету іс-шараларын жалғастыратын болады. Мұндай сапарлар мен кездесулер білім саласындағы мәселелерді нақты шешуге, мектептер мен оқушылар үшін жаңа бастамаларды іске асыруға мүмкіндік береді. Түркістан облысының білім саласында атқарылып жатқан жүйелі жұмыстар, инновациялық жобалар мен тәрбие бағдарламалары – өңірдегі білім беру сапасын жаңа деңгейге көтеріп, әрбір оқушының мүмкіндіктерін толық ашуға бағытталған маңызды қадам болып отыр.



