ӘЛЕУМЕТТІК САЛАЛАРДЫҢ КӨРСЕТКІШТЕРІ САРАЛАНДЫ

Елімізде мемлекеттік басқару жүйесін жаңғырту, жергілікті атқарушы органдардың жұмыс тиімділігін арттыру және «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іс жүзінде орнықтыру бағытында кешенді реформалар жүргізіліп келеді. Мемлекет басшысының өңірлердің экономикалық әлеуетін арттыру, рейтингтік индикаторларды сапалы орындау және азаматтардың арыз-шағымдарына созбалаңға салмай жедел ден қою жөніндегі тапсырмалары жергілікті билік үшін басты бағдар болуы тиіс. Осы орайда Түркістан қаласы әкімдігінің ұжымдық жұмысы мен салалық бөлімдердің есептілік деңгейі заманауи талаптарға сай сарапталып, пысықталып отырады. Жуықта Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлының төрағалығымен өткен кезекті аппараттық мәжіліс осы стратегиялық міндеттерді орындаудың, рейтингтік көрсеткіштерді таразылаудың және халықпен кері байланысты нығайтудың маңызды алаңына айналды.

Жиында күн тәртібіндегі негізгі екі өзекті мәселе қаралды. Алдымен рейтингтік индикаторлық көрсеткіштердің биылғы жылдың алғашқы бес айындағы орындалу қорытындылары мен бірінші жартыжылдықтың орындалу болжамдары сарапқа салынды. Сонымен бірге қала басшысының тұрғындармен өткізген кездесулерінде халық тарапынан көтерілген арыз-шағымдар мен өтініштердің орындалу барысы мұқият талқыланды. Алғашқы мәселе бойынша Экономика және қаржы бөлімінің басшысы Олжас Бөлегенов арнайы баяндама жасап, шаһардың әлеуметтік-экономикалық дамуының өзегін құрайтын экономика, құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, денсаулық сақтау, білім беру, қоғамдық қауіпсіздік және цифрлық сервистер салаларындағы негізгі көрсеткіштердің орындалу динамикасын таныстырды. Баяндама шеңберінде әр саладағы өзекті де туйткілді маселелер жеке-жеке сараланып, жауапты бөлімдердің есептері терең тыңдалды. Арнайы көрсеткіштер бойынша жоспарлы индикаторлардың орындалу барысы, бүгінгі күні жүзеге асырылып жатқан жобалар мен алдағы кезеңге арналған нақты міндеттер жан-жақты пысықталды. Мәжіліс барысында қала әкімі жауапты бөлім басшыларына белгіленген көрсеткіштердің сапалы әрі толық көлемде орындалуын қамтамасыз ету, жоспарлы жұмыстарды межеленген мерзімде созбалаңсыз аяқтау, салалық көрсеткіштерді тұрақты бақылауда ұстау және тапсырмалардың орындалу тиімділігін арттыру жөнінде нақты әрі кесімді міндеттер жүктеді.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе — халықпен өткізілген кездесулердің қорытындылары мен онда берілген хаттамалық тапсырмалардың орындалуы болды. Жергілікті билік пен бұқара арасындағы ашық диалогтың маңызына тоқталған қала әкімі тұрғындар көтерген әрбір мәселе толық әрі сапалы бақылауда болуы тиіс екенін ерекше атап өтті. Қала басшысының айтуынша, халық тарапынан түскен тапсырмалардың немесе өтініштердің уақытылы орындалмауы жергілікті атқарушы органдардың жұмысына сын болып, әкімдікке деген қоғамдық сенімге кері әсерін тигізеді. Сондықтан мемлекеттік қызметкерлер халықтың мұң-мұқтажына жауапкершілікпен қарауы шарт. Осыған байланысты барлық тапсырмалардың мүлтіксіз орындалуын қамтамасыз ету және халықпен кездесулер барысында көтерілген мәселелердің орындалу динамикасы туралы әр 10 күн сайын қала әкімдігіне арнайы баяндап орындауды жүктеді. Мұндай жедел есептілік жүйесі жұмыстың ашықтығын арттырып, мәселелерді жедел шешуге мүмкіндік береді. Мәжілісті қорытындылай келе, Әзімбек Пазылбекұлы жыл басынан бері орындалмай, межеге жетпей отырған жоспарлы көрсеткіштердің әлі де бар екенін ашық айтып, сыни ескертпелер жасады. Шаһар басшысы барлық жауапты бөлім басшыларына тек формальды есеп беруді қойып, нақты нәтижеге бағытталған жұмысты күшейтуді талап етті. Жұмыс қарқыны төмен, индикаторлық көрсеткіштері артта қалған сала басшыларына қатаң ескерту беруді тапсырды. Түйіндей айтқанда, Түркістан қаласында өтетін аппараттық мәжілістер жай ғана есеп беру алаңы емес, қала дамуының стратегиялық бағыттарын айқындайтын, мемлекеттік қызметшілердің жауапкершілігін арттыратын және халық пен билік арасындағы сенімді нығайтатын институционалдық тетікке айналып отыр. Талаптың күшеюі мен бақылаудың қатаңдауы — Түркістан шаһарының тұрақты дамуының берік кепілі.