ӘЛЕУМЕТТІК САЛА ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

Елімізде қайта жаңғырған 25 қазан – Республика күні ұлттық бірлік пен елдік мерейдің нышанына айналды. Бұл күн – Қазақстанның егемен мемлекет ретінде дамуы мен тәуелсіздік жолындағы жетістіктерін ұлықтайтын ерекше мереке. Республика күні қарсаңында еліміздің барлық өңірінде түрлі салтанатты іс-шаралар ұйымдастырылып, ел игілігі жолында адал еңбек етіп жүрген азаматтарға құрмет көрсетілді.

Осы мерейлі датаға орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қатысуымен салтанатты марапаттау рәсімі өтті. Президент еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына, рухани және мәдени өркендеуіне үлес қосқан бірқатар азаматтарға мемлекеттік наградалар мен сыйлықтар табыс етті. Солардың қатарында Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының «№1 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің қызметкері, шаруашылық бикесі Күлшат Қожаханқызы Дауренбекова да бар. Ол әлеуметтік саладағы көпжылдық адал еңбегі мен ізгі істері үшін ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» орденімен марапатталды. Күлшат Қожаханқызының бұл марапаты – қарапайым еңбек адамының тынымсыз еңбегінің ел деңгейінде бағалануының айғағы. Ол жылдар бойы қарттар мен ерекше күтімді қажет ететін азаматтарға мейіріммен қызмет етіп, әлеуметтік саладағы жанқиярлық еңбегімен өзгелерге үлгі болып келеді. Марапат иесін ұжымы зор қуанышпен қарсы алып, құрмет көрсетті. «Қызмет» салалық кәсіподағының Шымкент қалалық филиалының төрағасы Серік Елемесұлы Әуесханов пен мекеме басшысы Мұхит Рахматілләұлы Нышамбаев бастаған әріптестері Күлшат Қожаханқызын құттықтап, ыстық ықыластарын білдіріп, ұжым атынан естелік сыйлықтар табыстады.

Салтанатты жиында ұйым басшылығы мен кәсіподақ өкілдері бұл марапаттың маңызын айта келе, әлеуметтік сала қызметкерлерінің қоғамдағы рөлін жоғары бағалады. Адамдарға қамқорлық пен жан жылуын сыйлау – үлкен жауапкершілік пен адамгершілікті қажет ететін еңбектің түрі. Сондықтан осындай қызметкерлердің жетістігі – бүкіл ұжымның мерейі. Іс-шара барысында мекеменің өзге де еңбек озаттары мен әлеуметтік сала мамандарына алғыс хаттар мен марапаттар табысталды. Бұл марапаттар – олардың кәсіби шеберлігі мен азаматтық ұстанымының, өз ісіне деген адалдығының айғағы. Шымкент қаласы әкімінің «Алғыс хатымен» әлеуметтік жұмыс жөніндегі маман Жаған Гүлзат Күмісбекқызы мен палатадағы санитар Фатина Наталья Вячеславовна марапатталды. Сонымен қатар, қалалық мәслихаттың «Алғыс хатымен» санитар Ибрагимжанова Патима Сайдикаримовна, ал қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының «Алғыс хатымен» санитар Ирисбекова Гузаль Икрамбайқызы марапатқа ие болды. «Қызмет» салалық кәсіподағы Шымкент қалалық филиалының атынан «Еңбек озаты» төсбелгісімен мейіргер Менлибекова Карлыгаш Жакипбековна мен мейіргер Балтабаев Самат Багдатович марапатталды. Сондай-ақ, кәсіподақтың «Құрмет грамотасы» бақылау жөніндегі санитар Умаралиев Еркинбек Амангельдиевич пен шаштараз Ярметов Ихтияр Бахадыровичке табыс етілді. Ал палатадағы санитарлар Жумабекова Зейнекуль Аяровна мен Асилова Жазира Батыркалиевна кәсіподақтың «Алғыс хатымен» марапатталды. Бұл марапаттар әлеуметтік қызметкерлердің қоғамдағы еңбегін айрықша бағалаудың көрінісі. Олар күнделікті жұмысында адам жанына жылулық сыйлап, ерекше күтімді қажет ететін жандарға қамқорлық танытады. Осындай ізгі іс иелерінің еңбегі ел назарынан тыс қалмай, жоғары бағалануы – әлеуметтік әділдіктің көрінісі.