ТҮРКІСТАН ИНДУСТРИЯЛЫҚ АЙМАҒЫ 900-ДЕН АСТАМ АДАМДЫ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТЫП ОТЫР

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған әрбір Жолдауында ұлттық экономиканың құрылымын әртараптандыру, өңдеу өнеркәсібін дамыту, отандық өндірісті ілгерілету және инвестициялық ахуалды жақсарту жөнінде нақты міндеттер жүктеп келеді. Әсіресе, шикізатқа байланбаған секторды өркендету, өңірлерде индустриялық аймақтар мен өндірістік саябақтардың әлеуетін толық пайдалану — бәсекеге қабілетті экономика қалыптастырудың негізгі тетігі. Осы стратегиялық бағытта Түркістан өңірінде де ауқымды жұмыстар жүзеге асырылып, шағын және орта бизнесті қолдауға, жаңа өндіріс орындарын ашуға ерекше басымдық берілуде. Рухани шаһардағы индустриялық инфрақұрылымды дамыту мен инвестициялық жобаларды уақтылы іске қосу мәселелері жергілікті атқарушы органдардың тұрақты бақылауында. Жуықта Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы арнайы жұмыс сапарымен Түркістан индустриялық аймағында болып, ондағы өндірістік нысандардың тыныс-тіршілігімен, құрылыс жұмыстарының барысымен және инвестициялық жобалардың жүзеге асырылу деңгейімен егжей-тегжейлі танысты.
Бүгінгі таңда жалпы аумағы 63,8 гектарды құрайтын Түркістан индустриялық аймағы өңір экономикасының нақты секторын өркендетуге зор серпін беріп отырған басты өндірістік алаңға айналды. Мұнда өңдеу өнеркәсібінен бастап, құрылыс материалдары мен халық тұтынатын тауарлар шығаруға бағытталған жалпы 30 инвестициялық жоба орналасқан. Оның ішінде өндірістік циклі толық қалыптасқан 21 жоба сәтті іске қосылып, қазіргі таңда тұрақты өнім шығаруда. Ал қалған 9 жоба жүзеге асырылу кезеңінде, басым бөлігінде құрылыс-монтаждау, инфрақұрылым жүргізу және құрал-жабдықтарды монтаждау жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Аталған жобалардың жалпы инвестициялық құны 19,641 млрд теңгені құрайды. Осы капиталдың 9,725 млрд теңгесі бүгінгі күні толықтай игеріліп, өндірістік қуаттарды іске қосуға бағытталса, қалған 9,916 млрд теңге көлеміндегі инвестициялық қаражатты игеру жұмыстары бекітілген кестеге сәйкес жалғасуда. Жұмыс сапары барысында қала әкімі индустриялық аймақ аумағында іргетасы қаланып жатқан Өндірістік парк кешенінің құрылыс алаңына арнайы барып, нысанның сапасы мен инфрақұрылымдық дайындығын қадағалады. Өндірістік парктер — шағын және орта бизнес өкілдеріне дайын өндірістік ғимараттар ұсыну арқылы жаңа жобаларды тез арада іске қосуға мүмкіндік беретін заманауи модель. Шаһар басшысы нысанның сыртқы келбетін белгіленген эстетикалық мен архитектуралық талаптарға сай ретке келтіруді, кешен аумағын толық абаттандыруды және асфальт төсеу жұмыстарын жоғары сапада аяқтауды қатаң тапсырылды. Сондай-ақ, аралау барысында құрылыс сапасы мен стандарттарға қатысты бірқатар кемшіліктер анықталып, бұл бойынша мердігер мекемеге заң аясында тиісті шаралар қабылдау жүктелді. Мемлекеттік қаржы мен инфрақұрылымдық қолдауды тиімді пайдалану мақсатында құрылыс сапасына қойылатын талаптың ешқашан төмендемейтіні баса айтылды.
Сонымен бірге қала басшысы индустриялық аймақта бой көтеріп жатқан ірі өндірістік жобалардың бірі — «НҰРҚАҒАЗ-Х» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қағаз бұйымдарын өндіру зауытының құрылысымен танысты. Ауқымды инвестициялық құны 3 млрд теңгені құрайтын бұл жоба 5 гектар аумақты алып жатыр. Қағаз өнімдерін шығару арқылы импортты алмастыруға және отандық өңдеу өнеркәсібінің үлесін арттыруға бағытталған кәсіпорын толық іске қосылғанда 40 жаңа тұрақты жұмыс орны ашылады. Қазіргі таңда нысанда құрылыс-монтаждау жұмыстары белсенді жүргізіліп жатыр, ал зауытты пайдалануға беру 2026 жылға жоспарланған. Бұл жоба өңірдегі қағаз өнеркәсібін жаңа деңгейге көтеріп, жергілікті өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыратыны сөзсіз. Жаңа өндіріс орындарын ашудың ең басты әлеуметтік нәтижесі — тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамту және халықтың әл-ауқатын арттыру. Бүгінгі таңда Түркістан индустриялық аймағында жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарда 901 адам тұрақты еңбекпен қамтылған. Ал жүзеге асырылып жатқан 9 инвестициялық жоба толық іске қосылғаннан кейін қосымша 306 жаңа жұмыс орны ашылып, аймақтағы жалпы жұмыспен қамтылғандар саны 1 207 адамға жетеді. Бұл — жергілікті азаматтарды табыс көзімен қамтамасыз етіп, өңірдегі жұмыссыздық деңгейін төмендетуге қосылатын салмақты үлес.



