ШЫМКЕНТ «МӘДЕНИ АСТАНА» ЭСТАФЕТАСЫН ЖЕЛТОҚСАНДА ҚАБЫЛДАЙДЫ

181
0

Биыл ТМД елдерінің мәдени астанасы болып Беларусь Республикасының Брест қаласы белгіленгені баршаға аян. Алдағы желтоқсан айында аталған қалада «Мәдени астана» жылының салтанатты жабылу рәсімі өтеді. Жұрт назарын жаулайтын сол бір шарада Шымкент қаласына «ТМД елдерінің мәдени астанасы» Эстафетасы ресми түрде табыс етіледі.  Себебі  Шымкент 2020 жылы ТМД елдерінің астанасы болып белгіленген. Осыған орай  алдағы жылы үшінші мегаполисте  халықаралық, республикалық дәрежедегі 15 іс-шараның бағдарламасы дайындалған. Бұдан бөлек, осы айда Парижде ЮНЕСКО елдерінің басқосуы жиыны өтеді. Сол басқосуда мерейтойлар  күнтізбесіне «2020 жылы Шымкент қаласының 2200 — жылдық мерейтойын енгізу туралы» шешім қабылдау  туралы ұсыныс жолданған. Соның негізінде тарихи шешім қабылданса, келер жылы Шымкенттің 2200 жылдығы атап өтілетін болады.

Шымкенттегі ақпараттық-коммуникациялық орталықта қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ғалия Шарафиева осылай деді.

Соған сәйкес қалада ауқымды жұмыстар атқарылуда. Өз кезегінде Ғалия Аликенқызы жыл соңына дейін Ескі қалашықтың жоғарғы бөлігінің жұмысы аяқталып, келесі жылдың наурызында онда табылған жәдігерлерден мұражай-экспозициялық жоспары  әзірленетінін айтты. Қазіргі таңда Ескі қалашық маңында жер учаскелерін қайтару және көлік инфрақұрылымын жақсарту бойынша қарқынды жұмыстар жүргізілуде. Келер жылдың наурызында  қалашықта Амфитеатр мен Визит-орталығын пайдалануға беру жоспарлануда.  Бірақ құрылыс межеленген мерзімде аяқталмайтын болса, тиісті жұмыстар келуші қонақтарға қарамастан жалғаса беретін болады.

uakit.kz