АТАУЛЫ ӘЛЕУМЕТТІК КӨМЕКТІ ЗАҢСЫЗ АЛУДЫҢ ДЕРЕКТЕРІ АНЫҚТАЛДЫ

Әлеуметтік әділдікті қамтамасыз ету, халықтың шынымен де мұқтаж жіктеріне қолдау көрсету және бюджет қаражатының әрбір теңгесінің мақсатты әрі тиімді жұмсалуын қатаң бақылауда ұстау — мемлекеттік саясаттың негізгі, стратегиялық басымдықтарының бірі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауларында азаматтарды масылдық психологиядан арылтып, еңбекке ұмтылдыруды және мемлекеттік қолдауды заңсыз пайдалануға жол бермеуді жүйелі түрде баса айтып келеді. Әлеуметтік көмек – бұл мемлекеттің уақытша қиындыққа тап болған азаматтарға созған қолдауы, бірақ ол заңсыз байып, кірісті жасырудың құралына айналмауы тиіс. Осы ретте, түркі әлемінің рухани астанасы – Түркістан қаласында атаулы әлеуметтік көмекті (АӘК) заңсыз алу деректерінің алдын алу және бюджет қаражатының мақсатты жұмсалуын қамтамасыз ету бағытында заң мен тәртіпті нығайтуға бағытталған ауқымды жұмыстар қарқынды жүргізілуде.

Түркістан қаласында жүргізіліп жатқан кешенді бақылау шаралары әлеуметтік саладағы ашықтық пен қаржылық тәртіпті арттыруға бағытталған. Өткен 2025 жылдың қорытындысы бойынша заңсыз әрі негізсіз алынған атаулы әлеуметтік көмек деректері анықталып, жергілікті атқарушы органдар тарапынан қатаң құқықтық баға берілді. Заң бұзушылықтарға қатысты бірізді шаралар қабылданып, 32 талап-арыз сот орындарына жолданды. Сот органдары ұсынылған дәлелдерді, кірістерді жасыру немесе жалған мәлімет беру факторларын жан-жақты қарап, барлық істер бойынша заңсыз алынған қаржыны мемлекет бюджетіне қайтару туралы заңды сот шешімдерін шығарды. Жүргізілген құқықтық процедуралардың оң нәтижесі ретінде бүгінгі таңда 18 азамат өздері заңсыз алған 4,57 миллион теңгеге жуық қаражатты мемлекет бюджетіне толығымен қайтарды. Ал қалған 14 азамат бойынша 2,26 миллион теңгеден астам қаржыны мәжбүрлі түрде өндіріп алу жұмыстары жеке сот орындаушылары арқылы заң аясында үздіксіз жүргізілуде. Әлеуметтік қолдаудың шынайылығын камтамасыз ету бағытындағы бұл жүйелі жұмыстар ағымдағы 2026 жылы да жаңа қарқынмен, сапалы деңгейде жалғасын тапты. Атаулы әлеуметтік көмек алушылардың жұмыспен қамтылуының және тапқан кірістерінің шынайылығын тереңдетіп зерделеу үшін арнайы құрамы бар жұмыс тобы құрылды. Арнайы жұмыс тобы мүшелерінің жүргізген мониторингі мен зерделеу нәтижесінде, әлеуметтік көмек алып отырған 21 азаматтың құжатта көрсетілген жеке кәсіпкерліктерде іс жүзінде жұмыс істемейтіні, яғни еңбек қатынастарының тек қағаз жүзінде жүргізілгені анықталды.

Қазіргі таңда анықталған заң бұзушылықтар бойынша тиісті уәкілетті органдар тарапынан жедел шаралар қабылдануда. Нақты айтқанда, 11 отбасы бойынша төлемдерді қайта есептеу жұмыстары жүргізіліп, негізсіз тағайындалған 3,1 миллион теңгеден астам қаражатты мемлекет бюджетіне қайтару жөнінде ресми хабарламалар берілді. Мемлекет тарапынан жасалып жатқан мұндай бақылау азаматтардың заңды сыйлауын, өздері ұсынған мәліметтер үшін жауапкершілікті сезінуін қалыптастырады. Атаулы көмек шынайы мұқтаж жандардың қолына жетуі тиіс. Түйіндей айтқанда, Түркістан қаласында атаулы әлеуметтік көмектің мақсатты жұмсалуын бақылау бағытында атқарылып жатқан шаралар – мемлекеттік қаржының ашықтығын, әлеуметтік әділдік пен заңдылықты сақтаудың айқын көрiнiсi. Заңсыз алынған қаражатты мемлекетке қайтару және әлеуметтік төлемдерді әділ бөлу – бюджеттік тәртіпті нығайтып қана қоймай, шынымен де көмекке мұқтаж отбасылардың құқығын қорғауға, сондай-ақ шаһардың әлеуметтік тұрақтылығын қамтамасыз етуге берік негіз қалайды.