ТҮРКІСТАНДА ТУРИСТІК АЙМАҚ САЛЫНАДЫ
Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев жұмыс барысымен Түркістан қаласын аралап, тиісті мекеме басшыларына бірқатар тапсырамалар берді. Бұл туралы uakit.kz Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Өз кезегінде аймақ басшысы «Әзірет Сұлтан» қорық-мұражайы аймағы маңындағы Ортақ елдімекенінде жаңадан бой көтеретін туристік аймақ жобасымен таныса отырып, «Бұл елдімекеннен Ясауи кесенесі жақсы көрінеді. Дәл осы аймақтан жаңа туристік аймақ салу қажет. Мұндағы тұрғын үйлер шығыстық үлгімен салынып, биіктігі үш қабаттан аспайтын болады. Сондай-ақ, сол қаланы қақ жаратын өзен жүргізіп, өзіндік микроклиматтың қалыптасуын қамтамасыз еткен дұрыс. Туристер үшін арнайы этноауыл да орын тебетін болады. Тиісінше барлық инфрақұрылым мәселелеріне мән берілсін. Тиісті басқармалар құрылысты бастау үшін арнайы зерттеу жүргізіп, құжаттамаларын әзірлесін», — деді Өмірзақ Естайұлы.
Бұдан соң облыс әкімі Түркістан қаласының кіреберіс қақпасына аялдады. Онда алдағы уақытта қаланың ажарын ашатын ғимараттар бой көтеру қажеттігін айтты.
«Түркістан қаласының кіреберіс қақпасы көрікті болуы тиіс. Облыс орталығына келген туристер әуелі жаңа қаланы көріп, кейін көне қаламен қауышуы қажет. Сол үшін қаланың қақпа тұсында заманауи ғимараттар бой көтерсін», — деді облыс әкімі.
Бұдан бөлек, өңір басшысы Түркістан қаласын суландыру және көгалдандыру жұмыстарымен танысып, осы бағыттағы жұмыстарды жандандыру қажеттігін атап өтті.
uakit.kz