Әкімдер «құлап» жатыр…
Елбасы биылғы жылғы наурыздың 7-індегі қаулысымен Мемлекеттік қызмет жөніндегі агенттікте «А» корпусының әкімшілік қызметкерлеріне қойылатын арнайы талаптарды бекітуді тапсырған еді. Ал сәуір айында тұңғыш рет елімізде «А» әкімшілік корпусына талапкерлерді іріктеу үшін байқау жарияланған болатын.
Биліктен үміті бар талапкерлер саны 511 еді, доданың ортасына келгенде жүректері дауаламаған қайсыбіреулері өз кандитатураларын қайтарып алғанға ұқсайды. Ал құжат тапсырғандардың 155-і, яғни 30 пайызы шекті мәннен өте алмаған. Олардың арасында бір жауапты хатшы, 2 облыс әкім аппарат басшылары, 8 комитет төрағалары, 20 тексеру комиссияларының төрағалары мен мүшелері, 54 қала және аудан әкімдері, мемлекеттік қызмет істері агенттігінің 16, Тәртіптік кеңестің 2 өкілі болған. Сынақтан сүрінген қайсыбір шенеуніктер ең әрісі, алдындағы компьютердің тетігін басып, іске қоса алмаған соң не дауа? Осылайша, тестілеу қорытындысы бойынша «А» корпусының кадр құрамы кем дегенде үштен бір бөлікке жаңаратыны туралы қорытынды жасауға болады.
Астанадағы тесттен өтіп келген шымкенттік шенеуніктер мамырдың 29-31 аралығында Аймақтық комиссия алдында тағы да бір сынақтан өтті. Сынаққа ОҚО бойынша 58 шенеунік жіберілген. Бұл сынаққа Бәйдібек ауданының, Шымкент қаласы Абай ауданының, Отырар ауданының, Шымкент қаласы Еңбекші ауданының әкімдері мен облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының бастығы және аудан әкімінің бірнеше орынбасарлары қатыса алмады. Себебі, олар Астанадағы алғашқы турда-ақ сүрінген болатын. Бірқатар сәйкессіздіктер орын алуы мүмкін болғандықтан, тесттен құлағандардың толық тізімі газетіміздің алдағы сандарында жарияланады.
«Уақыт» — ақпарат