БІЛІМ ОРДАСЫНДА КЕЛЕЛІ ЖИЫН ӨТТІ

Шымкент қалалық білім басқармасына қарасты №97 жалпы орта білім беретін мектебінде жасөспірімдердің құқықтық мәдениетін арттыру мен жауапкершілік сезімін қалыптастыруға бағытталған маңызды кездесу өтті. Бұл жиын 2025-2026 оқу жылының тәрбие жұмысының жылдық жоспарына және «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасының мазмұнына сәйкес ұйымдастырылды. Іс-шараның тақырыбы – «Кәмелет жасқа толмаған жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу».
Кездесуге Шымкент қалалық полиция департаментінің Еңбекші аудандық полиция басқармасының өкілдері – аға лейтенант Қуаныш Нұржанұлы және мектеп инспекторы, полиция лейтенанты Мамырбай Рамазан Нұржанұлы, мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Н.Б. Сарсенбекова, педагог-психологтар мен сынып жетекшілер қатысты. Негізгі қатысушылар – 8–11 сыныптың оқушылары. Кездесудің басты мақсаты – жасөспірімдердің құқықтық сауаттылығын арттырып, оларды заңға бағыну, тәртіп пен әділдік қағидаттарын сақтауға тәрбиелеу. Бұл бағыт «Адал азамат» бағдарламасының негізгі бағыттарының бірі болып саналатын «Құқықтық мәдениет және жауапкершілік» модулімен үндеседі. Бағдарлама жас ұрпақтың бойында заңға құрметпен қарау, өз әрекетінің салдарын түсіну және қоғам алдындағы жеке жауапкершілікті сезіну сияқты құндылықтарды қалыптастыруды көздейді. Кездесу барысында полиция қызметкерлері оқушыларға жасөспірімдердің қоғамдағы құқықтары мен міндеттері туралы түсіндіріп, заңсыз әрекеттердің салдарын нақты мысалдармен жеткізді. Ұрлық, бұзақылық, тонау және басқа да құқықбұзушылықтар бойынша өмірден алынған оқиғалар келтіріліп, жасөспірімдерге ой салатын бейнематериалдар көрсетілді. Темір тордың ар жағындағы өкінішке толы тағдырлар арқылы жастарға әрбір қадамның салмағы бар екенін ұғындырды. Сонымен қатар, оқушыларға мектептің ішкі тәртібі мен мінез-құлық ережелерін сақтау қажеттілігі түсіндіріліп, патриоттық рух пен азаматтық жауапкершілікті арттыру туралы кеңестер берілді. Мұндай тәрбиелік бағыт «Адал азамат» бағдарламасының тағы бір негізгі ұстанымына – «Менің мінез-құлқым – менің жауапкершілігім» қағидатына сай келеді.
Мектеп инспекторы мен педагогтар жастарды қылмысқа итермелейтін себептерді талқылай отырып, отбасылық бақылау мен қарым-қатынастың маңызына тоқталды. Педагог-психолог Ж.Архабаева мен У.С.Кынатова оқушыларға өзін-өзі тану, эмоциясын басқару және қиын жағдайда дұрыс шешім қабылдау жолдарын түсіндірді. Бұл — «Адал азамат» бағдарламасының тұлғалық даму мен өзіндік жауапкершілік бағытындағы қағидаларын өмірде қолданудың айқын үлгісі. Кездесу жасөспірімдер үшін өз мінез-құлқын бағамдап, өмірлік ұстанымдарын қайта қарауға мүмкіндік берді. Балалар заң алдындағы жауапкершілік ұғымын терең түсініп, өз болашағына бейжай қарамау керектігін сезінді. Осындай іс-шаралар жасөспірімдердің бойында адалдық, әділдік және тәртіптілік қасиеттерін қалыптастырып, қоғамға пайдалы, заңды сыйлайтын азамат болуға бағыттайды. №97 мектеп ұжымы «Адал азамат» бағдарламасының құндылықтарын күнделікті тәрбиелік жұмысына енгізу арқылы оқушылардың жан-жақты дамуына жағдай жасап келеді.



