ӨРТ ҚАУІПСІЗДІГІН АЛДЫН АЛУ ТҮСІНДІРІЛДІ
Түркістан қаласындағы №4 С. Сейфуллин атындағы мектеп-лицейде «Өрт қауіпсіздігін алдын алу» атты іс-шара өтті,-деп хабарлайды uakit.kz қалалық адами әлеуетті дамыту бөліміне сілтеме жасап.
Іс-шара кезінде оқушыларға өрт қауіпсіздігін сақтау бойынша ережелер түсіндірілді. Ғимараттарда от қатты жанып жатса, ең алғашқы әрекет тез арада ғимараттан кету екені айтылды. Сонымен қатар 101 телефон нөміріне хабарласып өрт сөндірушілерді шақырту қажеттігі түсіндірілді.
Одан өзге оқушыларға от қатты жанып тұрмаса да, бірақ ғимарат іші қатты түтін болса, нысаннан тез кету керектігі, түтін өрттен де қауіпті болатыны ескертілді.
Сонымен қатар төмендегідей ережелер таныстырылды.
Түтіннің иісін сезгеннен кейін ғимараттан тез кету керек. Кез келген шүберекті сулап ауыз бен мұрынды жауып, сосын енкейіп (өйткені түтін жоғарыға ұмтылады) бөлмеден кетуга асығу қажет.
Егер өрт кішкентай бөлмеде болса, онда есіктер мен терезелерді ашпаңыз, ауа өртті күшейтіп жібереді.
Егер жоғары қабатта болып, төменге түсетін жол жабық болса шатырға көтеріліңіз. Егер өрт коридорда болса, есікті қатты жауып, сулы шүберектермен ашық жерлерді жауып, есікке көрпе не пальто іліңіз. Терезені ашып қатты дауыспен көмек шақырыңыз.
Сонымен қатар оқушыларға түтінмен уланудың алғашқы белгілері таныстырылды.