Ербол – бала жанының бағбаны

300
0

22Шымкент қалалық білім бөлімінің ресми мәліметіне қарағанда, қаламызда 189 балабақша бар екен. Оның 73-і мемлекеттік, 84-і жекеменшік. Десе де, әлі 55 мыңдай бүлдіршін балабақша кезегінде тіркелген. Елбасының «Балапан» бағдарламасы бойынша осы тізімді сәл де болса қысқарту мақсатында Қарнақбаев Ербол Қамбарбекұлы осыдан үш жыл бұрын «Пахтакор» шағынауданынан жекеменшік балабақша ашқан.

«Бөбек» (тәрбиешісі Болсынова Динара), «Балауса» (Юнусметова Шахноза), «Шұғыла» (Төрегелді Динар) және «Топжарған»  (Юсупова Рухабза) атты төрт топта жүзге тарта бүлдіршін тәрбиеленіп жатыр.  Заманауи үлгіде салынған балабақшада балалардың еркін асыр салып ойнауына, қарым-қабілеттерін дамытуға, жан-жақты жетілуіне барлық жағдай жасалған. «Біз Білім және ғылым, Денсаулық сақтау министрліктерінің мемлекеттік стандарттарын басшылыққа алып жұмыс істейміз. Балабақшада музыка мамандары мен психологтар жұмыс істейді. Арнайы медбикеміз бар. Әр топ қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген, – дейді «Ербол» жекеменшік балабақшасының меңгерушісі Ақгүл Қарнақбаева.
Балабақшаның ішін біз де аралап көрдік. Балалардың күлкілері жарқын, қарындары тоқ. Тәрбиешілердің білім-біліктілігі жоғары. Жақында ғана «Шұғыла» тобының балдырғандары зообақта болып, ондағы аңдармен танысып қайтыпты. Көрген-білгендерін жарыса айтып, мәз бәрі. «Балаларды ғимараттың ішіне қамап отыра бермей, ата-аналарымен келісіп, мұражайға, циркке, апару жоспарымызда бар», — дейді меңгеруші.
Тәрбиешілердің білімін үздіксіз жетілдіріп отыру да балабақша құрылтайшысы Ербол Қарнақбаевтың басты назарында. Жақында ғана Төрегелді Динар мен Юсупова Рухабза «Өрлеу» БАҰО АҚ филиалы ОҚО бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтында 2 апталық арнайы курстан өтіп, қолдарына сертификат алды. Сондай-ақ, «Білім беру қызметкерлерінің кәсіби өсуі – білім берудің жаңа сапасын қамтамасыз етудің шарты» тақырыбында білім беру қызметкерлерінің республикалық педагогикалық оқуының облыстық кезеңінде шығармашылық пен білімділік танытқаны үшін арнайы марапаттауға ие болды.
«Бар жақсылық – балаларға». Бұл Ербол ағаның үнемі айтатын сөзі. Игі іске қашанда бастама болуды жаны қалайтын Ербол  Қарнақбаевтың қолдауының арқасында Созақ ауданының орталығы – Шолаққорған ауылынан еңселі балабақша бой көтерді. Қажетті жиһаздармен толық қамтылып, шолаққорғандық бүлдіршіндерді қабылдауға сақадай-сай тұр.
«Бала – біздің болашағымыз, еліміздің ертеңі. Әрбір қазақ баласының балабақшада білім мен тәлім-тәрбие алғанын қалаймын. Бірақ балабақшамен балаларды толық қамтуға бізде мүмкіндік жоқ. Кезекте қаншама бүлдіршін тұр. Сол себепті Елбасының бастамасымен қолға алынған «Балапан» бағдарламасы 2020 жылға дейін ұзартылып, «Балдырған» бағдарламасы бастау алмақшы. Қуанатын жайт. Аман болсақ, балаларды жүз пайыз балабақшамен қамтамасыз ететін күнге де жетерміз» — дейді Ербол Қарнақбаев.

Әйгерім БЕГІМБЕТ