Қожатоғайлықтардың қуанышы

281
0

11Бұған дейін Отырар ауданының құрамында болған Қожатоғай ауыл округі енді Арыс ауданына қарайтын болды. Бұл туралы ҚР Президенті Әкімшілігінің басшысы Кәрім Мәсімов осы жылдың 28 ақпанда өткен Әкімшілік реформа жүргізу жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысында тапсырма берген болатын.

Негізі ауыл тұрғындарының айтуынша, Қожатоғай ауылы кезінде Арысқа қараған. 1944 жылы жоғарыдағы басшылар Задариядан бөліп алып, Сарыағаш ауданына қосады. 1963 жылы территориялық басқару жөнінен Отырар ауданына беріледі. Осылайша, ауыл тұрғындарының жағдайлары қиындап, аудан орталығына бару үшін Арысты айналып сабылуға мәжбүр еді. Қожатоғай мен Арыстың арасы 67 шақырым болса, Шәуілдірге жету үшін жолаушылар 150 шақырым жол жүреді. «Жол шығыны қалтаға кәдімгідей салмақ түсіреді. Көп шаруаларын Арыста реттеп, Шәуілдірге құжат қамымен ғана барады жұрт. Әсіресе, мектеп оқушылары қақаған қыста, аптап ыстықта спорттық жарыстарға, аудандық олимпиадаларға, әскери комиссариатқа барғандарында қатты қиналатын – дейді қожатоғайлықтар. 1985 жылдан бері көтеріліп келе жатқан бұл мәселе кеш те болса өз шешімін тапқанға барлық тұрғындар қуанып жүр. Аталған ауыл округте Қожатоғай, Байтоғай, Дарбаза және Бұлақ деген 4 елді мекен бар. 3300-ден аса тұрғынға 2 балабақша, 1 емхана, 1 аурухана, 1 мәдениет үйі және 1 байланыс торабы қызмет көрсетеді.

Әйгерім БЕГІМБЕТ

Сіз не дейсіз?

15

Ертай Сейіт, Арыс қаласының әкімі:

— Елге ел қосылып жатса – құт. Қожатоғайлықтар кешегі күнге дейін Отырар ауданының құрамында болып келсе, енді олардың «Арыстықпыз» деп айтуларына толық құқылары бар. Біз де өз кезегімізде жаңа тұрғындарымызға барынша қолдау көрсетіп, әлеуметтік мәселелерінің шешімін табуына мүдделіміз. Қожатоғайлықтардың қуаныштарына біз де ортақпыз.

Сіз не дейсіз?

13

Бейбіт Сыздықов, Отырар ауданының әкімі

— Бір елді мекеннің бірнеше рет әр ауданның құрамына өтуі жиі кездеседі. Мұның бәрі кезінде жергілікті тұрғындардың талап-тілектері ескерілмей, жоғарыдан келген нұсқаудың негізінде жүзеге асырылып келген. Соның бірі – Қожатоғай ауылдық округі. «Ештен кеш жақсы», кештеу болса да тұрғындардың көптен бергі өтініштері шешімін тапты. Әрине, қуанарлық оқиға.

Сіз не дейсіз?

14

Қамбар Мәдиев
ҚР құрметті құрылысшысы

— Өзіміз де осы ауылдың топырағында аунап өстік ғой. Ауылдастарымыздың басты бас ауыртар мәселесі Арыс ауданына өту болатын. Біраз жылдан бері ауыл ақсақалдары мен тұрғындары осы мәселені дүркін-дүркін көтеріп, барлық жаққа хат жазды. Әсіресе марқұм Айпан Ибрагимов атамыз осы түйткілді шешу үшін көп еңбек сіңіргенін айта кеткеніміз орынды шығар. Қожатоғайдың Арысқа өтуі төрт ауылдың тұрғындары үшін экономикалық тұрғыдан да, әлеуметтік жағынан да тиімді. Енді олар алыс жолдың азабынан құтылатын болды.