«АНА МЕН БАЛА» ОРТАЛЫҒЫ – ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚТЫҢ ЖЕМІСІ

Түркістан – тарихи ғана емес, бүгінде әлеуметтік дамудың, инфрақұрылымдық серпілістің жаңа нүктесіне айналған қала. Облыс орталығы мәртебесін алғаннан кейінгі жылдары қалада денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту бағытында ауқымды жобалар қолға алынып келеді. Соның дәлелі – қазіргі таңда бой көтеріп жатқан заманауи медициналық кешендер.
Таяуда Түркістан облысы әкімі аппаратының басшысы Еркебұлан Дауылбаев қала аумағындағы екі ірі медициналық нысанның құрылыс алаңын аралап, жұмыс барысын тексерді. Бұл — облыстық деңгейде денсаулық сақтау саласына деген нақты көзқарас пен ұстанымның көрінісі. Қаладағы маңызды жобалардың бірі — 80 төсек-орынға арналған «Ана мен бала» орталығы. Нысан Біріккен Араб Әмірліктерінің «Абу-Даби» қорының қаржылай қолдауымен салынып жатыр. Бұл – халықаралық әріптестік негізінде өңір халқының әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған нақты қадам. Құрылыс жұмыстарының тапсырыс берушісі – «Түркістан» корпоративтік әлеуметтік даму қоры. Жобаны жүзеге асырушы мердігер – «Эристайл-Казахстан» ЖШС. Нысан аумағы — 3,3 гектар. Ғимараттың жалпы ауданы — 17 288 шаршы метр. Қазіргі таңда құрылыс алаңында жер қазу жұмыстары аяқталып, іргетас құю және топырақпен қайта көму кезеңі жүргізілуде. Бұл перзентхана – өңірдегі ана мен бала денсаулығын қорғауға арналған инфрақұрылымдық әлеуетті күшейтетін стратегиялық маңызды нысан. Еркебұлан Дауылбаевтың жұмыс сапары барысында танысқан екінші нысан – 1,56 гектар жерге салынып жатқан оңалту орталығы. Жобаны Түркиялық «YDA INSAAT SANAYI VE TICARET ANONIM SIRKETI» компаниясы жүзеге асырып жатыр. Тапсырыс беруші – «TURKISTAN INTERNATIONAL AIRPORT» ЖШС. Ғимараттың жалпы ауданы — 2 227,41 шаршы метр. Аумақтағы инфрақұрылым — балаларға арналған ойын алаңы, көгалдандыру жұмыстары, заманауи медициналық жабдықтар. Бұл нысан тек аурудан кейінгі медициналық оңалтуды ғана емес, психологиялық және әлеуметтік қолдауды қамтамасыз етуге арналған кешен ретінде жобалануда. Яғни, мұнда азаматтардың физикалық сауығуымен қатар, толыққанды өмірге бейімделуі үшін барлық жағдай жасалмақ.
Құрылыс барысын бақылау кезінде Еркебұлан Дауылбаев мердігерлер мен жауапты тұлғаларға бірнеше маңызды тапсырма жүктеді. Олар — құрылыс барысында өңірде шығарылатын отандық құрылыс материалдарын пайдалану, ғимарат ішін жергілікті өнімдермен жабдықтау, импортқа тәуелділікті азайту, қатаң өндірістік кестені сақтау және нысандарды уақытылы тапсыру, құрылыс сапасына ерекше мән беру, «сақалды құрылысқа» жол бермеу және анықталған кемшіліктерді шұғыл қалпына келтіру. Сонымен қатар, Еркебұлан Дауылбаев бұл нысандар облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тікелей бақылауында екенін баса айтып өтті. Демек, аталған жобалардың әлеуметтік және стратегиялық мәні жоғары. Түркістан қаласындағы «Ана мен бала» орталығы мен оңалту кешені – облыстың денсаулық сақтау саласын жаңғыртуға бағытталған нақты істердің айғағы. Бұл жобалар аяқталғаннан кейін, өңірдегі ана мен бала өлімі көрсеткішін төмендетуге, босандыру мен балалар медицинасының сапасын арттыруға, сондай-ақ науқастарды кешенді оңалтуға мүмкіндік туады. Мұндай заманауи нысандардың ашылуы тек денсаулық сақтау саласының дамуын емес, тұрғындардың мемлекетке деген сенімін де нығайтады. Түркістан – тек рухани орталық қана емес, сонымен бірге халықтың денсаулығына бей-жай қарамайтын өркениетті өңір ретінде қалыптасып келеді.