«Дәрігер дәрменсіз болса, дерттің үлкені сол»

226
0

542Азға қанағат, көпке шүкіршілік еткен халықпыз ғой. Алланың бермесін тартып ала алмаймыз, оған құдіретіміз де жетпейді. Пенде болып жаралған соң, пендешілікке бармаудың жолдарын қарастырамыз. Әйтсе де, бес саусақ бірдей емес. Басы ауырып, балтыры сыздамайтын жан жоқ. Осындайда ғой, бірінші кезекте дәрігерге жүгінеміз. Олардың шипалы емі мен жылы сөзінің арқасында қайта қатарға қосылып жатамыз. Солай бола тұра, кейде дәрігер біткенді жерден алып, жерге салатындары бар. Неге? Міне, осы және өзге де мәселелер жөнінде, жалпы бүгінгі медицина тақырыбындағы түйткілдерге байланысты, әрі дәрігердің міндеті тұрғысында біздің қойған сауалдарға облыстық балалар ауруханасының бас дәрігері, медицина ғылымдарының кандидаты Әнуарбек Маймақов өзіндік пікірін білдіріп, көптің көкейіндегі түйткілді сауалдардың түйінін тарқатып берді.

— Отыз жылдан астам дәрігердің ақжелеңін киіп, халқыңызға қызмет етіп, балалардың ауруына дәрмет болып келесіз. Осы кәсіпті таңдауыңыздың себебін білсек.
— Мен көпбалалы отбасында, ауылды жерде өскенмін. Дәрігер болу менің кішкентай кезімнен аңсаған арманым болатын. Маған ешкім сен дәрігер бол немесе басқа маман иесі бол деп айтқан жоқ. Бұл өзімнің жүрек қалауым. Кейін бұл мақсатым орындалып, дәрігерлік қызмет барысында өзіме жұмысым қатты ұнады. Қазақ «Адам екі түрлі жағдайда қателеспеу керек: бірі — жар таңдағанда, екіншісі — мамандық таңдағанда» деп бекер айтпаса керек.  Мен мамандығымды дұрыс таңдадым деп ойлаймын, бүгінгі таңда да Қазақстан медицинасының дамуы үшін қызмет жасап, халқымыз үшін іс тындырғым келеді.
— Сіз бүгінгіден де үлкен қызметтерде болдыңыз, бірақ дәрігер деген аттан, емдеушілік кәсіптен басқа жаққа бұрылмадыңыз. Сол лауазымдардың жауапкершілігі салмағына қарай жеңілдей ме, әлде ауырлай ма?
— Менің пікірім – жауапкершілік лауазымға байланысты емес. Қызмет үлкен болсын, кіші болсын жауапкершіліктің жоғары болуын талап етеді. Әр саладағы қызметкер, ол құрылысшы, мұғалім, еден жуушы немесе басшы бола ма, өз қызметіне үлкен жауапкершілікпен қарау керек.
— Үлкенді емдеу – оңайлау, балалардікі – қиындау болады деген пікірді жиі естіп қаламыз. Өйткені, ересек адам қай жері қашан, қалай, қайтіп ауырғанын айтып, түсіндіріп, дәрігерге жол сілтеп береді. Ал әлі шақалақ немесе есін жаңа білген бала жылағаннан басқа емдеушісіне ештеңе айтып, мән-жайды түсіндіре алмайды. Дәл осы кезде дәрігер неге, кімге сүйенеді?
— Кез келген науқасты емдеу оңай немесе қиындау деген пікірмен мен келіспеймін. Рас, ересек науқастар ауырған жерін, ауруының дамуын, тіпті себептерін де түсіндіре біледі, ал нәрестелерді емдеу үшін ата-анасының ықпалыменен, дәрігердің білімділігі, тәжірибесі  жоғары болуымен қатар, оның жүрегі мейірімге толы болу керек деп есептеймін.
— Шымкентте медицина саласында жыл сайын әжептеуір шу шығып жатады. Сонда бұл дәрігерлердің, олардың басшыларының жауапкершілігінің төмендігі ме, әлде өрелерінің бой көтерген деңгейінің жеткені осы ма? Осыған байырғы маман, білікті басшы, азамат ретінде баға беріп көріңізші.
— Жеке өз басым дауды жақтырмаймын. Заң бұзған тұлғалар жауапкершілікке тартылуы тиіс. Ол кез келген басшының талабы және менің қатаң ұстанымым. Барлығы заңға сәйкес жұмыс атқару керек.  Ал, өткен жылдарда болғанның бәрін жіпке тізіп, дау шығарудың қажеті жоқ деп санаймын. Бірақ әр адам өз пікірін білдіруге құқылы, ол да демократияның бір элементі шығар.
— Біз екі ғасырдың куәгері болып отырмыз. Осыдан он жыл бұрынғы жағдай мен бүгінгі күннің деңгейін кәсіби маман ретінде салыстырып, айырмасын айтып бере аласыз ба? Қазір қаржы бар, медтехника жеткілікті, бірақ балалар дәрігері, оның ішінде біліктілері жетіспейді деген қаншалықты рас? Алматыдағы С.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медицина университеті қазір педиатрларды дайындауды неге тоқтатты деп ойлайсыз? Соның салқыны қазір сезіле ме?
— Иә, біз екі ғасырдың куәгері болып отырмыз. Осыдан он жыл бұрынғы жағдаймен бүгінгі күннің  медицина саласының деңгейін айтатын болсақ, ол жоғарылап кеткені рас, Еуропалық деңгейге жетпесе де, көрші елдерге қарағанда айтарлықтай алдамыз, ол ақиқат. Ал, қазіргі таңда педиатрларды дайындау тоқтатылды деген өте қате пікір. Дүниежүзілік стандарттарға сәйкес 3-ші курсқа дейін барлық студенттер жалпы медицина бойынша дәріс алып, одан кейін өз қалауларымен мамандықтарға бөлініп, 9-12 жылда дәрігер-маман болып жетіледі. Бұл өзгерістердің дұрыс-бұрыс екендігін уақыт көрсетер…
— Достарыңыз бен сыйластарыңыз жай өмірде көп пе, әлде әріптестеріңіздің арасында көп пе?
— Достарым мен сыйластарым жай өмірде де, әріптестерімнің арасында да бірдей.
— Облыстық денсаулық сақтау саласының қазіргі басшысының басынан бұлт арылмай келеді. Қылышыңызды оңға, солға емес, қақ ортадан сілтеп, болып жатқан ырың-жырың әңгіме мен айтыс-тартыс жөнінде азаматтық позицияңызға сай қандай ашық пікір білдіресіз?
— Бұл сұрақ қайталанып отырған сияқты, айтыс-тартыстарды жақтырмайтынымды жоғарыда айтып өттім. Қазіргі денсаулық сақтау саласының басшысына келетін болсақ, Жұмағали Қазыбайұлы өте сауатты азамат, терең бiлiмдi ғалым, жақсы ұйымдастырушы. Денсаулық сақтау басқармасына тағайындалғалы берi, облыс медицинасына көптеген оң өзгерiстер әкелдi. Өз саласын терең игерген, жаңашыл, инновациялық жетiстiктердi Оңтүстiктiң медицинасына енгiзiп жатқан бiлгiр маман. Жұмысқа деген талаптары жоғары болғаннан кейін оған біреулер шыдайды, біреулер шыдамайды, соның салдарынан ба, басқа себептерден бе, жанжал, даулар пайда болады. Екінші жақты жоққа шығарғым да келмейді, оларға айтатыным – бәрін заңға сәйкес жасау керек. Мен өз басым шындық жағындамын, үнемі заңдылықты қолдаймын.
— Елдің бір министрі дәрігердің параға деңгейлес сыйақы алуын қуаттап,   оны арнайы есепшот арқылы кіріске ендіруді енгізбек болған еді. Сол пара мен сыйақының арасындағы айырма не? Ол кімге пайда? Кімге зиян? Қалтасына теңге тықпасаң, кей дәрігердің сізге деген көзқарасы, пейілі орталанатыны шындық па, әлде елдің аузындағы жел сөз бе?
— Бір де бір министр параны да, сыйлықтарды да қолдаған емес. Негізі, пара берген адамның да, пара алған адамның  да пиғылы дұрыс емес. Өзі пара алып үйренген адам, пара беруі мүмкін. Кез келген науқас емделіп, сауығып шықса, дәрігерге ризашылығын білдіріп, сый-тартуларын берем десе, ол өзінің құқығы, оған мен ештеңе дей алмаймын. Ал, науқасқа тиісті назар аудармай, уақтылы ем жасамай,  бопсалап пара алатын дәрігерлерге мен үзілді-кесілді қарсымын. Адамның денсаулығы бәрінен де қымбат.
— Айлық аласыз, адам емдейсіз, оның ішінде бала-шағаны. Тұрмысыңыз қай топтың деңгейінде. Шайлығыңыз айлықпен ғана өлшене ме? Сіздің табысыңыздың қосымша көзі бар ма?
— Менің тұрмысым орта топтың деңгейінде, сол топтың қатарында тірлік    жасап жатырмыз. Әйелім – жеке кәсіпкер. Біреуден жоғары немесе біреуден кем емеспіз, екі ұлым жоғары білім алған, білімдерін ары қарай магистратура мен докторантурада жалғастыруда, кіші балам биыл Республикалық математикалық мектебін «Алтын белгімен» бітіріп отыр.
— Ғылым кандитаты ретінде, бас дәрігер лауазымында отырып кімдерді дайындадыңыз, дайындап жатырсыз? Шәкірттер жайлы санамалап, сыр айтсаңыз.
— Шәкірттерім көп деп айта аламын. Мен дайындаған жәй дәрігер болып, бас дәрігердің қызметіне дейін өскен адамдар көп. Медицина ғылымдарының кандидаттары мен докторлары да жеткілікті.
— Медицинаның деңгейі дамыған елдердегі сияқты дәрежеге біздің  Қазақстан қашан көтеріледі? Болжамыңыз қандай?
— Медицина деңгейін дамыған елдердің дәрежесіне 15-20 жылда көтеру өте қиын, тіпті  мүмкін  емес деп айтар едім. Бірақ, бүгінгі таңда еліміздің медицина деңгейі жоғары деп санаймын, медицина қызметі жақсы жолға қойылған және қарқынды дамуда.
— Сіз тосын құбылысқа, Тәңірге, бір құдіретке ме, әлде медицинаның адам қолымен атқарылатын құдіретіне сенесіз бе?
— Мен тосын құбылысқа да, Тәңірге де, бір құдыретке де сенемін. Медицинаның адам қолымен атқарылатын құдіретіне де кәміл сенемін.
— Науқастар дәрігерге Тәңірге табынғандай неге табынбайды?
— Адам қатты қорыққанда, Құдайды мойындайды, жаны қиналып, ауырғанда — дәрігерді мойындайды. Науқастың дәрігерге сөзсіз сенімі, оның сауығып кеткеніне пайдасы мол.
— Жұмыста қаталдығыңыз қандай, «шай орамалыңыз» тез кебе ме, кекшілдік,   аяқтан шалу, билікті пайдалану сіздің өн бойыңызда қандай деңгейде?
— Мен аңызға айналған, қазақ халқының батыры Бауыржан Момышұлының жиенімін. Ол кісінің «Тәртіпке бағынған құл болмайды» деген нақыл сөзі менің өмірімдегі ұрандардың бірі. Дәрігердің қызметі көбінесе адамның өміріне араша болғандықтан, жұмыста мен қатаң тәртіп талап етемін
— Балалар өлімі, қатерлі науқастардың алдын алу жөнінде сіз айтқан, сіз қолданған бүкіл елге танылған қандай бағдарлама бар? Әлде күнделікті жұмысты, бас дәрігер ретіндегі міндетіңізді ғана қанағат тұтасыз ба?
— Біз қазіргі таңда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бағдарламаларын енгізіп, нәрестелердің өлім көрсеткіштерін төмендету бойынша айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізіп отырмыз. Ол «Балалық шақтағы ауруларды ықпалдастыра емдеу», «Ерте жастағы балаларға дамыту мақсатындағы күтім жасау» атты халықаралық бағдарламалар және неонаталдық хирургия басым бағыт болып дамып келеді, яғни туа біткен ақаулармен туылған нәрестелерді хирургиялық тәсіл арқылы емдеу.
— Оттың басы, ошақтың қасында «бас қожайын» сіз бе, әлде бәйбішеңіздің бабы мен қабағына көбірек қарайсыз ба, балаларға қандай әкесіз? Олар қорқа ма, сыйлай ма? Дәл осы сауалға байланысты өз ұжымыңыздың әр мүшесі сізді кім деп біледі.
— Біздің отбасымызда барлық мәселелер демократиялық жолмен шешіледі. Мен не істесем де, балаларыммен және әйеліммен ақылдасам, барлығы өз пікірлерін, ақылдарын айтады. Бірақ, негізгі дауыс – менікі, себебі балаларым да, жұбайым да мені сыйлайды. Ал, ұжымның әр мүшесі мені кім деп біледі деген сұраққа мен жауап бере алмаймын, өйткені қызметкерлерімнің ойын мен білмеймін.

Әңгімелескен Бағлан ТЕМІРБЕК.