Тұрғындарға да талпыныс керек
Шымкент қаласының әкімі Дархан Сатыбалды жауапты қызметкерлерімен бірге көпқабатты тұрғын үй аулаларын аралап көріп, тұрғындармен кездесулер өткізді. Оларды толғандырар әлеуметтік мәселелермен қатар, тазалық жағына да мән берген қала әкімі бірқатар келеңсіз көріністерге көңілі толмайтынын жасырмады.
Мәселен, Ә.Жангелдин көшесіндегі №30,№32 көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларын аралау барысында ондағы құрылыс жұмыстарының әлі күнге бітпей, тұрғындар үшін қолайсыздықтар туындатып отырғанына қынжылыс білдірді. Құрылысты жүргізуші «Прогресс» мердігер компаниясы өздеріне 10 күн бұрын ескертілген сыннан қорытынды шығармай, өгіз аяңмен жүргізіп жатқан құрылысты уақытысында аяқтауды қаперлеріне алмағаны үшін тағы да ескерту алып, соңғы ескертудің нәтижесінде 2 аптада құрылысты бітіру міндеті жүктелді. Ал, №29 көпқабатты тұрғын үйдің тұрғындарымен кездескен Д.Сатыбалды мұндағы қоқыстардың уақытылы жиналмайтынын білді. Қазір күн ыстық, қоқысқа үймелеген түрлі зиянкес жәндіктер инфекциялық аурулар таратынын, оның зардабын тұрғындар тартатыны белгілі. Демек, өз міндеттеріне салақ қараған тиісті мекемелер өз жұмыстарын ширатулары тиісті. Бұл тұрғыда қала әкімі Абай ауданының әкімі Ахмет Татыбаевқа қатаң ескертті.
«Қаладағы барлық аудандардағы көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларын көріктендіруге қажетті қаражаттың бәрі түгел берілген. Неге бөлінген қаржы тиімді жұмсалмайды? Неге тұрғындарға қолайлы жағдайлар жасалмайды?» ,- деген Дархан Амангелдіұлы Әл-Фараби ауданына қарасты №125 көпқабатты тұрғын үй ауласын көргенде де алдына шыққан келеңсіз көріністі көріп, тағы ренжиді. Жалпы, қаладағы көпқабатты тұрғын үй аулаларының саны-867. Оның 348-і өткен жылы жөндеуден өткен. Ал биыл қосымша 303 ауланы көріктендіру жоспарланған болса, бұл жұмыстарға облыстық бюджеттен 2192,3 мың теңге қаржы бөлінген. 2014 жылы 203 аула көріктендірілуі тиіс. Қаланың ішкі орамдық аумақтарындағы санитарлық тазалық жұмыстарына 155 миллион теңге қаржы қарастырылған. Оның 45 миллионы Абай ауданына, 55 миллион теңгеден Әл-Фараби мен Еңбекші аудандарына тиесілі. Аулалардағы балалар алаңқайларының қауіпсіздігі мен сапасына, автокөлік қоятын арнайы орындар салу мәселесіне көңіл бөлініп, бұл тұрғыда әкімдіктің арнайы жиынында сөз болса да, әзірге нақты әрекет мардымсыз.
Осы жерде мына бір мәселеге көңіл бөлген де жөн. Қаланы көп аралағандықтан болар, әр күні келеңсіз көріністерге куә болып жатамыз.Кінәнің бір ұшы тұрғындардың өздерінде де бар. Қай аулаға бармаңыз, шашылған қоқыстар, дөңгеленген шөлмектер, қираған орындықтар, қараусыз қалған көшеттер. Қала берді, қоқысты арнайы орынға апаруға ерініп, терезеден лақтыра салу, жеткізбей төге салу оқиғалары әрбір аулаға тән көрініс. Олардың сана сезімдеріде әлі күнге үйді салған мемлекет, жауапты да – мемлекет, өз меншіктері екендіктері естен шығып кеткендей. Бәрі де өздері үшін керекті нәрселерді орындауға құлықсыз, мәдениет те төмен. Баяғы психология өзгермеген, шөлдеп тұрған көшетке су құюға ерінеді. Аяғының астында жатқан қоқысты алуды ар көреді. Барлығын біреу келіп істеп беруге тиісті сияқты. Өз беттерімен әрекет жасауға белсенділік өте төмен.
Құрылыс қарқыны тежелмеуі тиіс
Дархан Сатыбалды қала тіршілігімен танысып, сапарында құрылысы жүріп жатқан бірқатар нысандарды да аралап көрді. Мәселен «Наурыз» елді мекеніндегі №48 орта мектептің 600 орынды қосымша оқу ғимаратының құрылысы басталғанына 2 жыл болса да, «түйенің етін» жеген құрылыс түрлі себептермен кешеуілдей берген. Бүгінде ғимараттың жартысы ғана аяқталған. Қала әкімін жұмыс барысымен таныстырған «KazHiTechEuroBuiding» ЖШС-нің мамандары егер тиісті қаражат толығымен аударылса, құрылыстың үстіміздегі жылғы желтоқсан айында пайдалануға берілетіндігін айтады. Қазір құрылысшылар мектептің ескі ғимаратын бұзуда екен. Ал, конкурстың құны 722994,0 мың теңге. Мердігер компания өкілінің сөзін мұқият тыңдаған Дархан Амангелдіұлы құрылысты мұнан әрі соза беру тиімсіз екенін, тиісті қаражат тамыз айында бөлінетіндігіне сендірді. Ата-аналар мен оқушыларды сарсаңға салған мектеп құрылысы биылғы жылдың соңында пайдалануға берілмек болғанына біз де қуандық. Қаражат уақытымен бөлінбесе де, құрылыс қарқынын тоқтатпаған серіктестік басшыларының әрекеттері құптарлық-ақ.
Ал, Жиделі елді мекеніндегі 600 орындық жаңа мектеп ғимаратының құрылыс жұмыстары көңілдегідей екен. Құрылысты жүргізіп жатқан «NTR» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі де бөлінген қаржының мардымсыздығына қарамастан, өз беттерінше әрекет жасап, құрылыс қарқынын тоқтатпауды жөн көріпті. Конкурстың құны 687978,0 мың теңге. Мектептің аяқталу мерзімі 2013 жылдан 2014 жылға жоспарланған. Бөлінген қаражат 25 пайыздық мөлшерде болса да, компания өз қаржысы есебінен құрылысты тоқтатпай, 70 пайыздық қаржыны игерген. Компания басшысына өз алғысын білдірген Д.Сатыбалды келер жылға бөлінетін қаржыны биыл аударатындығын айтып, көпшілікті бір желпіндіріп тастады. «Құрылыс қарқыны бәсеңдемеуі керек» деді ол.
Қала мектептері жылдан жылға тарылып бара жатқандығы шындық. Себебі, халықтың саны өскен сайын мектепке деген зәрулік те байқала бастайтыны рас. Бүгінде Шымкентте 87 мектеп бар. Миллионға жуық халқы бар қала үшін бұл сан төмен. Былтыр ғана бала саны 2011 жылмен салыстырғанда 3546-ға көбейген. Былайша айтқанда, қала мектептерінде оқитын оқушылар 30 мыңға артық. Демек, жыл сайын Шымкенттен кем дегенде 3-4 жаңа мектеп салынуы тиіс. Сонда ғана мектепке деген зәруліктен құтылып, сиымдылықтың да кемірі анық. 2015 жылға дейін облыс орталығында жоспарға енген құрылыстардан бөлек, 1200 орынды 11 мектеп салынуы тиіс. Бас жоспарға сәйкес, Шымкентте 19 мың орынды 45 жаңа мектеп ашылуы көзделінген.
Дархан Амангелдіұлы бір күндік сапарында қала тіршілігімен тереңірек танысып қана қоймай, тұрғындарды толғандырар мәселелерге де көңіл аударды. Әрі мұндай іс-шараны жиі өткізіп тұру жөнінде құлағдар етті.
Е.ТҰРАПБЕКҰЛЫ.