Шымкенттіктер «Астана күнін» айрықша атап өтті

249
0

4Кешегі «Астана күні» мерекесін күллі еліміз бар сән-салтанатымен тойлап жатқанда осынау іс-шарадан шымкенттіктер де сырт қалмады. Қала әкімі Дархан Сатыбалдының қатысуымен өткен «Ел жүрегі – Астана» атты мереккелік шараға қатысушылар әсем де, ару қала – Астана жайлы толығырақ хабардар болды.

Мерекелік іс-шара барысында балалар асфальтта сурет салудан байқау, қылқалам шеберлерінің сурет көрмесі өтіп, арнайы марафон ұйымдастырылды. Тақырып аясы Астана болғандықтан, балалардың қолынан шыққан туындылардың қай-қайсы болмасын, бас қаланы бейнелеуге ұмтылғандары байқалады. Елорда туралы мәнерлеп өлең оқығандар мен әуелете ән салғандар да назардан тыс қалмады. Жүзден жүйрік шығып, өз өнерлерімен өзгелерді тәнті еткендерді Дархан Сатыбалды құттықтап, арнайы сый-сияпатын табыс етті.
Мереке қарсаңында ұйымдастырылған шара мұнымен ғана шектеліп қалмай, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде өңір ғалымдарының ғылыми жобалары мен жетістіктері жайлы көрме тамашаланып, «Астана – ұлттық тарихтың жаңа белесі» тақырыбында ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Астана тұрғындары мен қонақтарына Шымкенттен көкөніс тиелген автокеруен жолға шықты. Оңтүстік өңірінің ыстық ықыласы Шымкент зообағындағы «Астана» керігіне ауып, оған да мерекелік сыйлық берілді.  «Шәмші» аллеясында «Астана күні» мерекесіне орай ұйымдастырылған концерттік бағдарлама өтіп, өнер саңлақтары шымкеттіктерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Дәл мереке күні қарсаңында «Нұрсәт» шағынауданынан №217 жаңа тұрғын үйдің кілті салтанатты жағдайда тапрсырылды. «Астана күні» мерекесіне осылайша шымкенттіктер де үлкен даярлықпен келіп, бас қалаға деген шексіз құрметтерін көрсетті.

Бағлан ТЕМІРБЕК