«ОРЫСТАР ИМПЕРИЯЛЫҚ АСТАМШЫЛЫҒЫ КҮШТІ ХАЛЫҚ»

334
1

Мекемтас МЫРЗАХМЕТҰЛЫ, филология ғылымдарының докторы, профессор:

5− Аға, еңбегіңіздің арқасында талайларға үлгі болып, қазақтың ұлттық қасиеті үшін талай шаруалар бітірдіңіз. Қазіргі кезде қандай жұмыстармен айналысып жүрсіз?
− Айналысар жұмыстардың көлемі де, мақсаты да көбейіп тұр. Жас та келіп қалды, биыл 84-ке қарай бара жатырмын. Жас келді деп жан бағарға уақыт жоқ. Өйткені алға қойған жұмыстар мен міндеттер мені тыным таптырар түрі жоқ. Оларды айтар болсам, мыналарды қамтиды:
1. Қазыналы Оңтүстік атауымен облыс аумағындағы сан ғасырлар бойы ата – бабаларымыздың еңбегімен дүниеге келген рухани қазыналар көзін отаршыл саясаттың алысты көздеген саяси мақсаты-қолдан келсе тұтас жою немесе халықтың тарихи жадын келер ұрпаққа жеткізбей мәңгүрттендіру болатын. Осы себепті рухани қазынамыз мансұқталып, оны танып білуге қатаң тиым салынды. Рухани қазынамыздың талайы жойылып  та кетті. Өйткені арабша жазу таңбамызды, 1930 жылы күшпен, қарсылыққа қарамай латын жазуына, артынан  орыс жазуы кириллицаға өткізген кезде арабша жазылған қолжазба, кітап ұстағандар саяси қуғынға түсіп, алды атылып немесе қамалып қуғынға түсті. Қара халық бұдан қатты сескеніп, қолында барын өртеп, не құдыққа тастап, қалғандары жер астына көміп тастаған болатын! Осы себепті де біздер шет елде сақталған мұраға қол артып отырған жағдайымыз бар, аздап өз елімізден де табылып жатыр. Осыларды түгел баспасөз арқылы жарыққа шығарып, болашақ ұрпақ қолына табыстау;
2. Жалпы түрік халықтары әдебиетінің тарихын дәуірлеудің бастау көзін б.з.д VII ғасырдан бастау мәселесін көтеріп отырмын. Бұған негіз әрі тарихи дәлел ретінде ұлы Тұран қағаны Алып Ер Тұңға туралы жазылған  “Авеста”, “Шаһнама”, “Түрік сөзі”, “Құтты білік”  шығармасында айтылған дерек-мағлұматтарға сүйене отырып, дәлелдеуді міндет етіп отырмын.  Бұл үшін “Алып Ер Тұңға туралы тарихи жыр дастан” деген кітап шығаруға даярлану үстіндемін.
3. Бауыржан – біздің ұлтық қаһарманымыз. Бауыржанның бар мұрасы мен ол туралы жазылған әр түрлі дерек көздерін пайдалану арқылы батырдың 100 томдығын шығаруды  қолға алып отырмыз. Қазірдің өзінде 70 томы даярланды. Қалғанын 3-4 жыл ішінде даярлап үлгеруге негіз бар.
4. Отырар, Түркістан, Сайрам, Ташкент, Тараз т.б шет елдердегі сақталған рухани мұрамыздың үш жүзден аса көптомдығына  назар аударып, басылымға жіберудің ауыр соғар жұмысына даярланып, тікелей кірісіп кету көп мақсаттардың бірі ретінде қолға алынбақ. Бұлар бізге не үшін қажет? Оның керектігі жоғалған тарихи жадымызды қайта оралтып рухани нәр алудың тарихымызды ұлттық көзқарас тұрғысынан екшеп, танып білудің, қайта қорытып жазудың өзегіне айналып отыр. Өйткені Әл-Фараби бабамыздың: “Тарихты білмей – өткенді, қазіргі жағдайды білу, келешекті болжау қиын” деген өсиетін еске алудан туындап отыр.
5. Ұлы ақын Мағжан ескерткендей “Қарын” деген сөзді ғана жаттаған олардың мінез-құлқының бұзылуы барар жеріне барып жетті. Осы рухани азғындаудың ықпал әсері бізге де жетіп отыр,  осы рухани азғындаудан  құтылудың кілті ата-бабаларымыз сан ғасыр бойы ізденіп қалыптастырған кемел адам ілімін зерттеп, танып білу міндетін тарих ана  алдымызға қажеттілік ретінде қойып отыр. Ғасырларға созылған кемел адам ілімінің жетілуі қалыптасу жолының қорытындысы ретінде Абай негізін салған толық ақын ілімін зерделей танып білу үшін: «Толық адам ілімі» деп аталатын оқулық жазып, жоғары оқу орындарындағы арнайы пән ретінде оқытуды жүзеге асыру және ҚР-ның моральдық кодексін жасауға осы ілімді іргетасы ретінде пайдаланып, іздену жолында барымызды салып меңгеру мақсаты да алдымызда тұр.
6. Абайтану тарихының даму жолы  2014 жылы 125 жылға толып мерекелі деңгейге жететініне байланысты, 125 жыл кезеңді қамтитын оқулық пен хрестоматиясын басылымға даярлау ісі кезек күтіп тұр. Бұл да оңай шаруа емес.
Орта мектептерде оқытылатын Абай шығармаларын оқып білуді жеңілдету үшін “Абайтану әліппесін” сөйлейтін қалам арқылы пайдаланудың инновациялық әдісі тұңғыш рет ұсынылды. Ендігі уақытта “Абай лұғатын” шығаруға осы инновациялық әдісті қолдануға даярлық жүріп жатыр. Осы жаналықты мектепке енгізудің басында интеллектуалды инженер, кәсіпкер Нұралы Құдайбергенұлы тұр.
Биыл Нұралы “Даналық әліппесі” деп аталатын 12 кітапты «сөйлейтін» қаламымен қоса шығарып, оқырмандарға ұсынып отыр.
Осы кітаптардың бірі Жүсіп Баласағұнның “Құтты білік” кітабы жаңа технологияны қолданумен бөлекше түрде шықты. Қалған ІІ кітап адамның туған күнінен соңғы  күніне дейін қолданылатын ойын – сауық , әдет – ғұрып, салт – сана көрінісі көркем шығарманың әр қилы түрлерін қолдану арқылы бесік жыры, бата, қыз ұзату, терме, айтыс, т.б. ұлттық  ойындар арқылы оларды өнер адамдарының мәнерлеп оқылуымен берілуі өте ұтымды жол тапқан.
Міне, осы ауқымды іске менің де қызығушылық танытуым көп нәрсені аңғартса керек. Осы аткарылар жұмыстарға қоса қолымдағы жинақталған дерек мағлұматтар негізінде ұсынылатын 10-нан аса кітаптар тобын даярлап, жариялау жұмысы да менің мойнымда тұр.
− Сіздің екі қайтара басылып шыққан «Қазақ қалай орыстандырылды?» деген кітабыңыз оқырман қауымның ой-санасына дүмпу әкелді десек, артық айтпағанымыз. Бұл кітапты жазуға  не түрткі болды?
− Бұл кітаптың   өзіндік жазылу себебі мен  ерекшелігі  барлығын атап өтудің  жөні де бар. Сол жайлы ойларымды  ортаға  тастасам деген ниетім бар. Өйткені мұндай  кітап жазылсын деген ой өзім түгілі түсіме де кірген емес.
Мәселе  мынадан  басталып кетті.1886 жылдары М.Әуезовтің мұражай  үйінде  докторлық диссертация жазуға  даярлық  бастағанмын. М.Әуезов туралы әдебиеттерді  түгелге  жуық оқып, жазушының Абайға келу  жайына  назар салып, жариялаған  және  жарияланбай қағаз бетіне түскендерін  түгел  қарап, өткір түрде қойылған көптеген ой-пікірлерінің  туу, даму  жолдарын   танып білуге  құлай берілдім. Жұрт аңғара бермеген тезистеріне  үңіле бастадым. Ол ойлардың  тамырын  танып  білу үшін,  Мәскеу, Ташкент, Семей, Омбы, Орынбор мұрағаттарын аралай бастадым. Сондағы байқағаным Ресей   мұрағаттарындағы 5 салаға (үстелге) бөлінгенін, оның патша мұрағаты мен  облыстық генерал-губернаторлар мұрағат деректеріне кіру рұқсатының  мүмкін еместігіне көзім жетті. Жазушының қызы Ләйлә Мұхтарқызы  генерал-губернаторлардың мұрағатына кіруіме МҚК(КГБ) арқылы  рұқсат  алып  берді. Сол арқылы мұрағат сөрелерін ақтарып, миссионерлер туралы дерек  көздеріне  ұшырай  бастадым. Аз ғана оқып көрсем,  іздеген  нәрселерім көптеп ұшырай бастады.
Қазақ халқын шоқындыру арқылы орыстандыру саясаты туралы дерек  көздері молынан кездесе бастады. Қызығушылығым арта түсті. Осы аса  нәзік  күрделі  мәселе  М.Әуезов туындыларында, әсіресе, «Ақын аға», «Абай жолы» эпопеясында өте астарлы әрі жай нәрсе түрінде Мұхаң осы жайлы ой-танымдарын өте шебер түрде өзіне автоцензура жасай отырып жазған ой көмбелерінің үстінен шықтым. Бұл осы жазған мәселелерде М.Әуезов келер ұрпақ санасына жеткізуді мақсат тұтып, алдын ала даярлаған әрекет деп ұғындым. Ұғындым да, осы мәселені көтеріп, қатпарын ашып, ғылым жолымен саяси публицистикалық мақалаларымды жариялай бастадым. Ғылымдағы әріптестерімнің бір тобы, әсіресе аға буын өкілдерінің біразы сескене қарады. Ал бір сыпырасы қызу қолдап отырды. Кітапты жазуын жазсам да жариялай алмадым. Не де болса «Қазақ әдебиеті» газеті арқылы жариялауға ұмтылдым. Бір редактор шошып қараса, жаңа келген редактор Төлен Әбдіков жылы қабақ көрсетіп, мақаламды жаярлап отыруды Дидахметке (Әшімхан.Е.С) тапсырды. Ол өзінше айла- амалымен мақаланы цензураның көзінен бүркемелеп өткізу үшін ай сайын, бір рет мақала тақырыбын жұмсартып,түгел жариялап жіберді. Оқырмандар бұл тақырыпты қызыға оқып, рухани жағынан демеп отырды. Сонымен саяси орталықтың патша үкіметтерінің басты мақсаты түркі халықтарын шоқындырып, орыстандырудағы басты саясаты болса, ол халықтар достығы ұранын бүркемелеп,  Ресей үшін саясаттағы дәстүрге айналған орыстандыру құпиясының сыры ашылып қалды.
Міне, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы осы кітапты  Мұхтар Құл-Мұхаммед сұрап алып, «Қазақ қалай орыстандырылды?» деген айғайлап тұрған тақырып қойып,1993 жылы 30 мың данамен жариялап жіберді.
Кейінгі жылдары осы тақырыптың жалғасы ретінде мақалалар жазып жүрдім. Олардың саны 12-дей мақаланы қамтыды.1993 жылы кітаптың көлемі 75 беттен болса, «Қазақ қалай орыстандырылды?» кітабының екінші басылымы  400  бетке жетті. Таяу күндері осы кітап Бекет Момынқұловтың аударуымен орыс тілінде жарыққа шығады.
− Сіз бір сөзіңізде: 1986 жылғы көтерілісті басуға келген КОКП ОК саяси бюро мүшесі М.С.Соломенцевтің сол кездегі астанамыз  Алматыда тұрып қазақтарды басынғаны туралы не айтар едіңіз?
− М.С.Соломенцев КОКП ОК екінші хатшысы қызметінде жүріп, өзінің  көлік жүргізушісінің келіншегімен көңілдес болған. Бұл жағдайды сезіп қалған әлгі көлік жүргізушісі әйелімен қосып Соломенцевті де көгала қойдай қылып сабағаны жұртқа білініп, абыройы төгілген соң Мәскеуге кетіп, артынша КОКП ОК саяси бюросының мүшесі болып сайланған. 1986 жылы желтоқсан оқиғасымен айналысуды Соломонцевке тапсырған соң көтерілісшілер жайлы жиналыста ол сөз сөйлеп, өз пердесін өзі ашқан болатын. Ол сөйлеген сөзінде, мен Қазақстанда істеген кезімде Алматыда қазақтар 12% болатын. Неге олар 20%-дан асып кетті? Циркулярлық құпия жасырын хат арқылы Қазақстан қалаларында қазақтардың саны 10%-дан аспауын Мәскеу арнайы қадағалап отыратын болған екен. Бұл саяси нұсқау әрекеттердің сыры кейін жойылды. Өйткені қазақтардың қалада тұрудын шектеп, 10%-дан асырмай ұстаудың саясаты  төмендегідей екен: Егер қазақтарды қалауынша жіберсе, сөйтіп жаппай қоныс аударса, олар өздерімен бірге қазақ тілін қоса әкелсе, қазақша сөйлеу ортасы пайда болып, орталықты орыстандыру саясатына зияны тиеді екен. Осы себепті есепке алған орталықтың шала қазақ пен ада қазақтарды көбейтіп, ұлттық тамырынан қол үздіру үшін, қазақтардың белгілі мөлшерде аз ғана тобын рет-ретімен қалаға жіберіп, олар орыс тілді бала-бақшалар мен орыс мектептеріне оқытуға лажсыз барады екен. Мысалы, Бауыржан Момышұлының баласы Бақытжанды ана тілінде оқытуға қазақ мектебі алыс әрі екі мектеп қана болуы себепті баласын орыс мектебіне беріп, оның шоқынды болатынына өкінішін  білдіргені бар.
Міне, Соломонцевтің жиналыста ашу шығарып, қазақ қызметкерлеріне айыптай қарап, қаһарланып айғайға басуының құпия сыры ашылған болатын.
− «Мәскеу мен Қазақстанның орысында айырма барын байқадым. Мәскеудің орысына қарағанда Қазақстанның орысы шовинизммен қатты уланған, шектен шыққан»  дейтін Дінмұхаммед Қонаевтың сөзін келтіресіз бір еңбегіңізде. Неліктен мұндай үрдіс жүрген?! Қонақжай қазақтың жерінде өмір кешкен әрбір халық қазақтың жақсы қасиеттерін үйренуі тиіс емес пе?
− Орыстар империялық астамшылығы күшті халық. Бұл ерекше Кеңестік ұлт саясаты кезінде де, қазіргі Ресейде де өзгерген жоқ. Ал Қазақстан орыстары туралы КОКП ОК саяси бюросының мүшесі Д.Қонаевтың өзіндік пікірі болған, яғни, Қазақстанның орыстарын Ресей орыстарынан айырмашылығы бар еді, — дейді. Әрине, Қазақстан орыстарының шовинистік ұғымы жайлы айтып отырған тәрізді. Өйткені орыстар монотілді халық. Қазіргі кезде қазақстандық орыстардың қазақ жерінде үш ғасырдай өмір сүрсе де, қазақтармен күнделікті өмірде аралас-құралас тұрса да қазақ тілін білейік деген ниеті жоқ. Мұны қазақстандық орыстардың қазақ тілін меңгеруі 1%-ға да жетпейтіні айғақтап тұр емес пе? Осы себепті олар орыс тілін мемлекеттік тіл ету ниетін қайталауда, осы мәселені орыс қауымының қайта-қайта көтеруі көп мәселенің астарлы сырын меңзейді.
− Шенеуніктердің «Қазақстан көпұлтты мемлекет» деген саясаты болашақта елдің тұтастығына зардабын тигізіп,  елді ыдыратуға әкелмей ме? Оның үстіне мемлекет құраушы қазақтардың өздерін «шала қазақ», «ада қазақ», «орыстанған қазақ», «ауылдық қазақ», «қалалық қазақ» деп жіліктеп тастадық. Осы бөлудің пайдасы мен зияны қандай?
− Қазақстан  – көп ұлтты республика деген  тезистік мәні бар, кеңестік тоталитарлық идеядан қалған ескірген стереотипті ұғым. Мұның қазіргі шенеуніктердің, әсіресе, шала қазақтардың санасында орнығып қалған ұғым екені көрініп тұр. Осы теріс ұғымнан келген, қазақ жерінде неміс автономиясын ашпақ болған орталықтың да әрекеті осы тұрғыдан екендігі анық көрініп тұр.
Қазіргі күнде көп ұлтты мемлекет ретінде Ресейді, Өзбекстанды, Қытайды айтуға болады. Мына өзімізге етене таныс Өзбекстан сан ғасырлар бойы өз ата-бабамыздың жерінде өмір сүріп жатқан қазақ, қырғыз, қарақалпақ, тәжіктер көп ұлтты республика деген ұғымды білдіреді. Аталып өткен Өзбекстандағы ұсақ ұлттар өз ата-бабамыздың тарихи жерінде тұруы себепті, олардың өз алдына дербес автономиялық мемлекет болуды талап етуі ресми түрде заңды деп қаралады.
Ал Қазақстанда 100-ден астам ұлт өмір сүріп отыр, бірақ олардың бірде-бірі өзінің ата-бабасының жерінде өмір сүріп отырған жоқ. Өйткені  қазақ жерінде олардың ата-бабалары тұрмаған. Осы себепті, олар біздер үшін диаспора ғана. Ата  заңымызда  еліміздің унитарлы мемлекет деп арнайы түрде жазылуында үлкен салмақты, мәнді ұғым жатыр. Осы себепті Қазақстандағы диаспоралардың бірінің де өз атамекен жері болмауы себепті автономия сұрауға құқы жоқ. Осы ұғымды қазақ жеріндегі 100-ден астам диаспоралардың бірде-бірінің заңды құқығы жоқтығын дұрыс насихат жүргізу арқылы санасына сіңдіруіміз керек. Осы мәселенің саяси тамырын жете түсіне алмаған ұйғыр ағайындардың автономия құруға әрекет етуі заңсыздық екенін ұғындыруымыз әрі түсіндіруіміз керек. Олар біздің республикамызда өмір сүріп жатқан көптеген диаспоралардың бірі екенін білуі керек. Ал Қытай Халық Республикасындағы ұйғырлар өз ата-бабасының жерінде отыруы себепті  дербес автономия алуға толық құқығы бар.
Ал Мемлекет құрушы қазақтарды ада қазақ, шала қазақ, таза қазақ деп іштей жік-жікке бөлу Ресей империясының арнайы саясатының қалдығы. Қазақтарды топ-топқа бөліп басқару арқылы олар қазақтарды бір-біріне айдап салып, сол арқылы тиімді басқарып отырды. Бұл Кеңестік билік жүргізген орыстандыру саясатының нәтижесі  және «жемісі» екенін көріп, құпия саяси сырын танып білуден кейінгі өмірге келген терминдік сөздер.
Алғашқы ада қазақтар мен шала қазақтар орыс миссионерлерінің әрекетімен өмірге келген орыс мектептерінің «жемісі». Кеңес билігі орыстандыру саясатына жан сала кірісіп, орыс тілді мектеп түрін аралас мектепке айналдырып, оны халықтар достығының өзекті тірегі деп насихаттап, аралас мектептерді барын сала көбейтуге күш салды. Қазіргі күнде біздегі аралас мектептердің саны 2097-ге жетіп, мейлінше тез дамып өрлеу үстінде  тұр. Бұл жаңалықтың белгісі емес. Өйткені ол мектептер Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан соң бүгінгі күндегі ада қазақтар мен шала қазақтарды жыл өткен сайын көбейтіп жатқан фабрикаға айналып, мемлекет қазынасының салмақты жағына айналып отыруы, Білім және ғылым министрлігі жіберіп отырған саяси  идеологиялық қатесі.
Аралас мектеп туралы өтірік мақала зерттеулер жазып, дәлелдер, ұсыныстар түсіп жатса да, министрлік қалың ұйқыдан оянар емес. Жағдайға қарай аралас мектептерге бірге оқитын қазағын қазақ мектептеріне, орысын орыс мектептеріне тарату арқылы бұл мәселені оп-оңай шешуге болады.
− Соңғы кездері қоғамда үлкен дау тудырған латын әліпбиіне көшу бастамасы  жай мәселе емес. Жалпы латын әліпбиіне көшсек, біз неден ұтып, неден ұтыламыз?
− Латын жазуына Президент 2025 жылға дейін ауысуды айтып отыр. Жазу таңбасына ауысу оңай шаруа емес. Бұл мәселеге мейлінше алдын-ала жан-жақты даярлап барып, мәселенің пісіп жетілуіне көз жеткізіп барып іске кіріссек ғана ұтамыз. Қазіргі кезде латын жазуы туралы пікірталасқа назар аударар болсақ, тез арада ауыса салуды жақтаушылар басым.
Тәуелсіз, бодандық қамытын киген халықтардың жазу таңбасын ауыстыруға, әсіресе, отаршылдар өз идеяларын ендіріп, халықтың тарихи жақын шамын, мәңгүрттендіруге қызу ат салысатыны бар. Мысалы, Ресей мен Қытай империясын алып қарайық. Олар өздерінің жазу таңбасын өзгертуге еш уақытта да бармайды. Ал неге ұсақ ұлттардың жазу таңбасын ауыстыруға жан сала ұмтылып тұрады? Мұның астарында қандай сыр, қандай мақсат жатыр. Әрине, оларды орыстандырып, Қытай жағы ұсақ ұлттарды қытайландырып, мемлекет ішіндегі халықтарды саяси бір ағзаға айналдырып жіберуге мүдделі. Бұған мысал ретінде 47 түрік халқын отарлаған Ресей империясының әріптерді алмастыру тарихына назар аударалық. Қазақ халқы әріп таңбасын ауыстыруда қандай жолдарды басып өтуіне назар аударалық:
1. Түрік халқының тума жазуы-ойман жазудың өмірде сыртқа қағылып, жойылып кетуіне араб басқыншылығы басты себеп болды. Ислам дінін жаюға басты кедергі-түріктердің ойман жазуы болуы себепті, ол жазуды күшпен зорлап араб жазуы таңбасына ауыстыру керек болды. Мәселенің бұлай қойылу себептері Наршаһи мен Бируни еңбектерінде ашық жазылды.
2. Дүниедегі 49 түрлі түркі халықтарының 47-сін Ресей империясы жаулап алды. Олар 12 ғасырдай қолданып келген араб жазу таңбасын енді орыс жазу таңбасына алмастыру мақсатын алға қойды. Себебі, ол халықтарды шоқындырып, орыстандыру үшін алдымен олардың ұлттық, діни салт-санасы мен әдет-ғұрпын, тарихи жадын жойып, мәңгүрттендірмейінше, оларды орыстық бір саяси организмге айналдыру мүмкін емес еді. Сондықтан да Ресей патшалығы араб жазуын істен шығаруға саналы түрде іске кірісті, бірақ ол мақсатты жүзеге асыра алмай кетті. Бірақ, қазақтарды «орыс-түзем» мектебі арқылы орыстандыру мәселесін жүзеге асырып,тұңғыш ада қазақтар мен шала қазақтарды көбейтудің ең ұрымтал «фабрикасын» жұмысқа қосып кетті.
1917 жылы большевиктер партиясы билікке қолы жеткен соң, патшалы Ресейдің ұлттық саясатындағы шоқындыру арқылы орыстандыру саясатына өзгеріс ендіріп, діни мақсатты алып тастап, аралас мектеп арқылы орыстандыру саясатын жолға қойды. Ол үшін алдымен:
a) уақытша араб жазу таңбасын латын жазу таңбасына ауыстыру саясатын қолға алды. Бұл бұқара халықты жаңылдыру үшін саяси қысым жасап, орыс жазба таңбасына әкелудің айласы болатын. Өйткені бірден орыс жазу таңбасына бастаса, ол кезде олардың саяси мақсатының сырын ашып, әшкерелей алатын Алаш арыстарынан сескенді. Сол себепті күшпен 1930 жылы араб жазуын латын жазуына алмастырды. 1937 жылы қанды қырғында қазақ зиялыларының 25 мыңын «халық жауы» ретінде атып көзін жойды. Енді орыс жазуын өмірге ендіруге қарсы үн көтерер адам да қалмады. Осы ұрымтал жағдайды пайдаланып,1940 жылы латын жазуын орыс жазу таңбасына оп-оңай ауыстырып үргерді. Бүгінгі ұрпақ өткен тарихымызды білу мақсатында арабшаны да, латыншаны да, әрине, ойман жазуды да оқи алмай тарихи жадынан айырылып мәңгүрттеніп қалды.
Ал бүгінде латын жазуына өтудің саяси астары жоқ, өзіміздің еркіміз бойынша қолға алып жатыр. Осы себепті өкініп «ай, қап» деп қалмау үшін, бұл аса күрделі мәселеге асығудың қажеті жоқ.
Екіншіден, түрік халықтарының рухани тұтастығын сақтау үшін олардың ортақ жазу таңбасын анықтап, бірімізді біріміз оқи алатын ортақ жазуға жетуіміз қажеттілікке айналып отыр. Біз қолданып жүрген бүгінгі орыс әріп таңбасы бұл мәселені жау көріп, бірімізді біріміз оқуға кедергі жасап, ұлтқа тән тоғыз жазу таңбасын әрқилы етіп беру арқылы (унификация жасауға жол бермей) қастандық жасаған. Ал енді ортақ жазу таңбасын алсақ, саяси мақсат үшін қолмен қойған кедергі алынып тасталады да, бірімізді-біріміз оқып, рухани тұтастыққа бағыт аламыз.
− Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан.
 Еркінбек СЕРІКБАЙ