«ӘКIМ ЖАҒЫМПАЗДЫҚТЫ ҰНАТПАЙДЫ»

227
3

Дәурен ДҮЙСЕБАЕВ, ОҚО әкiмi баспасөз хатшысының мiндетiн атқарушы

– Дәурен Әуелханұлы, журналист мамандығы бойынша бiлiм алғаныңызды бiлушi едiк. Осыдан 5 жылдай бұрын «Оңтүстiк Қазақстан» газетiнде жұмыс iстеп жүрдiңiз. Бiрақ көп ұзамай мемлекеттiк қызметке бет бұрдыңыз. Не себеп болды?

– Иә, менiң мамандығым – журналист. 1998 жылы киелi Түркiстан қаласындағы Халықаралық қазақ-түрiк университетiнiң журналистика бөлiмiне оқуға түсiп, оны 2002 жылы тәмамдадым. 2006 жылы Қазақ гуманитарлық заң университетiнде сырттай оқып, екi жылдан соң заңгерлiк мамандығын алып шықтым.

2004 жылдың жазында Оңтүстiк Қазақстан облысы iшкi саясат және жастар iсi жөнiндегi департаментiне келiсiмшартпен маман болып жұмысқа кiрдiм. Бiрақ, 4-5 айдан кейiн отбасылық жағдайыма байланысты жұмыстан кеттiм. Содан, бiр жылдай жеке кәсiпкерлiкпен айналыстым. 2005 жылдың күз айында белгiлi сатирик, журналист Мұхтар Шерiмнiң «Барыс» газетiне тiлшi болып қабылдандым.

Коммерциялық газеттiң бiр жақсы жерi – еркiнсiң. Бюджеттiк газеттердегi сияқты «мынаны жаз, ананы жаз» деп төбеңде бiреу тұрмайды. Әйтеуiр, Мұхтар ағамның қолында жүрiп жаман болған жоқпын. Үй, көлiк алмасам да, мол тәжiрибе жинақтадым. Газеттi басып шығарудың қыр-сырын меңгердiм. Базардағы саудагермен, мектептегi ұстазбен, ауруханадағы дәрiгермен, зейнеттегi қариямен, мемлекеттiк мекеменiң басшысымен қалай сұхбат алу керектiгiн үйрендiм.

Облысымыздағы қарашаңырақ басылым саналатын «Оңтүстiк Қазақстан» газетiнде жұмыс iстеу – кез келген жас журналистiң арманы. «Барыс» газетiнде жүргенiмде мен де «Оңтүстiкке» барсам ғой…» деп армандап қоюшы едiм. Арманым 2007 жылдың жазында орындалды ғой. Сол жылдары облыстық газеттiң бас редакторы Анар Аспан едi. «Тiлшi болып жұмыс iстегiң келе ме?» деген Анар апайыма «жоқ» дей алмадым. Иә, басында қатты қиналғаным рас. Жазған мақалам үш-төрт адамның қолынан өтедi. Бiрнеше адамның алдынан өткен мақалам оңсын ба?! Бәрiн қайта түзейсiң отырып. Осылайша, аптасына бiр мақалаң жарыққа шықса, шықты, шықпаса, ол да жоқ. Жазуым төселдi, тiлiм ресмилендi бұл газетте. Бас редактор менi сол кездегi облыс әкiмi болған Өмiрақ Шөкеевтiң төрағалығымен өтетiн жиналыстарға, аудан, қалаларға жасайтын сапараларына жiберетiн болды. Бiлдей облыс әкiмiнiң қасында жүрiп, соның атқарып жатқан жұмысын газет бетiне жариялау мен үшiн қандай қуанышты жағдай екенiн бiлсеңiз едi!

Мемлекеттiк қызметке осы «Оңтүстiк Қазақстан» газетiнде жүрiп ауыстым. Ол былай болды. Журналистер бөлмесiне қазiргi редакция меңгерушiсi Исақ Әбубәкiров кiрiп келдi де: «Табиғат басқармасына бiр жiгiт керек екен, кiм барады?» дедi. Жанымдағы әрiптестерiм үндемейдi. «Мен барамын» дедiм. Қажеттi құжаттарымды тапсырып, тесттен, әңгiмелесуден өтiп, мемлекеттiк қызметкер болып шыға келдiм. Ол 2007 жылдың күзi  айы болатын. Содан облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының әкiмшiлiк-құқық бөлiмiнiң бас маманы болып бiр жылдан аса еңбек еттiм. 2008 жылдың аяғында облыстық қаржы басқармасына ауыстым. Бұл басқармада екi жыл бойы iсқағазды орыс тiлiнен мемлекеттiк тiлге аудару жұмысымен айналыстым. 2010 жылдың күзiнен қазiргi уақытқа дейiн облыс әкiмi аппараты баспасөз қызметiнде еңбек етiп келемiн.

– Журналистика мен мемлекеттiк қызметтiң бiр-бiрiнен артық-кем тұстары қайсы? Әлде мемлекеттiк қызметтiң мүмкiндiктерi мол ма?

– Бiздi, журналистердi «төртiншi билiк» иесi дейдi. Шын мәнiнде солай ма? Сол «төртiншi билiк» атағы журналистерге қаншалықты пайдасын тигiзiп жатыр? Мiне, мәселе осында! Журналистиканың артық тұстары өте көп. Бiр ғана мысал айтайын. Осыдан бiраз уақыт бұрын жергiлiктi телеарналардың бiрiнен қаладағы көпқабатты үйлердiң ауласындағы күл-қоқыс тастайтын контейнерлердiң мерзiмiнен кешiгiп тазаланатындығы туралы сюжет берiлдi. Сол күннiң ертесiне әлгi аузы-мұрнынан асып төгiлiп жатқан күл-қоқыс контейнерлерi түгелдей тазаланды. Журналист сол проблеманы көтермесе, күл-қоқыс апталап шашылып жатар ма едi, кiм бiлсiн?! Бұл – журналистиканың артықшылығы.

Тапсырыспен мақала жазу немесе түсiрiлiм жасау – журналистиканың кемшiлiгi. Тапсырыспен жұмыс iстеу журналистке абырой әпермейдi. Журналист деген мүмкiндiгiнше ондай «бәледен» аулақ жүргенi дұрыс. Адал журналистке қажеттiсiн Алланың өзi жеткiзедi.

Мемлекеттiк қызметкер халыққа қызмет етуi керек. Егер мемлекеттiк қызметкер еңбегi мен өзiне жүктелген функцияларды адал атқаратын болса, бұл – оның өзгелерден оқ бойы озық тұрғаны. Айтар едiм, мемлекеттiк қызметте бұдан асқан артықшылық болуы мүмкiн емес.

– Оңтүстiктiң бүгiнгi таңдағы журналистикасы жайлы көзқарасыңызды бiлсек?

– Облыстағы журналистердiң барлығына құрметпен қараймын. «Сен – анау газеттенсiң, сен – мынау телеарнадансың» деп бөле-жарғанды ұнатпаймын. Дегенмен де, байқаймын, соңғы кездерi қазақ журналистерiнiң топқа бөлiнiп, бiрiн-бiрi жамандап, оны басылым беттерiне жариялауы жиiлеп кеттi. Бұлай ету қоғамның журналистерге деген көзқарасын өзгертедi. «Әй, қойшы соларды» дейдi оқырмандар. Намысыңа тие ме? Тиедi.

Кешегi Арқанкергендегi оқиғаның басты кейiпкерiне айналған Челахты орыс тiлдi басылымдардың қорғаштап, қайта-қайта жазып жатқаны маған көп ой салды. Айтыңызшы, қазақ тiлдi басылымдарда осындай жанашырлық қасиет бар ма? Өз басым ондай батылдықты байқамадым. Қысқасы, бiрлiк болмай, тiрлiк болмайды.

– Қай газеттердi көбiрек оқисыз? Қай телеарна сiздi көп ынтықтырады?

– Республикалық газеттерден «Айқын», «Литер», «Экспресс К», «Жас Алаш», «Егемен Қазақстан», «Казахстанская Правда», «Время», «Алаш айнасы», «Жас қазақ» газеттерiн көбiрек оқысам, өзiмiзде жарық көретiн басылымдардың барлығын қараймын. Телеарналардан тек жаңалықтарды ғана тамашалаймын.

– Бүгiнде Оңтүстiк Қазақстан облысы әкiмiнiң баспасөз қызметiнде еңбек етiп жүрсiз. Бұл жұмысқа қалап келдiңiз бе?

– Облыс әкiмiнiң баспасөз қызметiнде жұмыс iстеу маған үш ұмтылыстан соң ғана барып бұйырды. Үш рет ұмтылдым осында. Үшеуiнде де «танысы» барлар алдымды орап кеттi. Әттең, «көкемнiң» жоқтығы… Бiрақ бiр Аллаға деген сенiмiмдi жоғалтпадым. Төртiншi ұмтылыста сүрiнбедiм. Тесттен өткен соң, әңгiмелесу рәсiмiн облыс әкiмiнiң өзi өткiздi. Менiмен тестке қатысқан үш үмiткер сынақтан өте алмай қалғандықтан, облыс басшысының алдына жалғыз өзiм кiрдiм. Сұрақтарын қойды, жауап бердiм. Бiрақ, менi бөлiм жетекшiсi емес, бас маман етiп қабылдады.

– Нелiктен соңғы жылдары облыс әкiмiнiң баспасөз хатшысы лауазымына кадрлар тұрақтамай қойды? Айналдырған екi жылда 2 жетекшi ауысты ғой. «Арқада қыс жайлы болса, арқар ауып несi бар» деушi едi халық даналығы. Соған қарағанда, бұл жер онша жайлы емес-ау?

– Олардың нелiктен ұзақ тұрақтамағанын өздерiнен сұрағаныңыз жөн. Жалпы, облыс әкiмiнiң баспасөз қызметiнiң жұмысы қауырт. Күнделiктi күйбең тiрлiк. Бөлiмде зерiгуге уақыт жоқ. Күнделiктi басылымдарды қарап шығып, оны басшыларға кiргiзесiң, жиындарға БАҚ өкiлдерiн шақырасың, баспасөз хабарламаларын дайындайсың, хаттамаларды, түсiрiлiмдердi телеарналарға таратасың, журналистердi аудан, қалаларға апару-әкелу мәселесiмен айналысасың, Астана мен Алматыдан келген журналистердi күтiп алып шығарып саласың, тағысын-тағылар…  Осылармен қатар, жақын арада  облыс әкiмiнiң сайтымен жұмыс iстеу функциясын өзiмiзге алуды жоспарлаудамыз. Шүкiр, барлығына үлгерiп жатырмыз.

–  Таяуда ғана Бейбiт Оспан деген азамат тағайындалып едi. Ол да кетiптi деп естiдiк. Жай ма?

– Ол кiсiнiң келуiнен кетуi тез болды. Үш ай iстедi. Кетуiне не себеп болды, ол жағында менiң шаруам жоқ. Бiр қызығы, ол кiсiнiң кетiп қалғанын бiр аптадан кейiн естiдiм. «Жiгiттер, аз уақыт болса да бiрге жұмыс iстедiк. Рахмет сендерге» деп қоштасып кетсе де болатын едi, олай етпедi.

– Бүгiнгi күнi де облыс әкiмiнiң баспасөз хатшысы лауазымы бос тұр. Бұл жолы да тиiстi маман сырттан әкелiнер ме екен, әлде осы облыстың ұңғыл-шұңғылын жетiк меңгерген азаматтарға таңдау жасалар ма екен, қалай ойлайсыз?

– Басқа-басқа, баспасөз қызметiне сырттан кадр әкелу дұрыс емес деп ойлаймын. Менiңше, баспасөз қызметiнде облыстағы республикалық және жергiлiктi БАҚ өкiлдерiн жақсы танитын, олармен тiл табыса бiлетiн, журналистердiң ала жiбiн аттамаған, «ұлық болсаң, кiшiк бол» деген сөздi жанына серiк еткен,  оңтүстiктегi қандай да бiр жағдайдан хабары бар, сауатты, саналы азаматтың болғаны дұрыс. Осы жолы облыс басшысы өзiмiздiң өңiрдiң азаматтарына «шанс» беретiн шығар деп ойлаймын. Барлығы – уақыттың еншiсiнде.

– «Ел құлағы – елу», жұртшылық «Осы орынға Сiздi тағайындалады екен» деген жорамал жасап жүр. Алда-жалда баспасөз хатшысы бола қалсаңыз, жұмысты неден бастар едiңiз?

– Жорамал жасап жүргендердiң денi өзiмнiң әрiптестерiм екенiн бiлемiн. Жасыратыны жоқ, облыстағы журналистердiң көбiсi баспасөз хатшысы болуыма тiлектес. Бiлесiз, бiздiң бөлiмнiң есiгi журналистерге қашанда ашық. Күнiне кем дегенде 10-15 журналист келiп кетедi. Келгеннiң барлығы «осы жолы сенi тағайындайтын шығар?» дейдi. «Бiлмеймiн, жоғарғы жақ шешедi» деймiн де қоямын. Тағайындап жатса, әрине, сенiмдерiн ақтауға тырысамын. Сенiмдi ақтау үшiн аянбай тер төгу қажет. Баспасөз қызметi «алма пiс, аузыма түс» деп аяқты аспанға көтерiп қойып жататын бөлiм емес. Жоғарыда айтып өткенiмдей, тек ғана жұмыс, жұмыс, жұмыс.

– Бастығыңыз, яғни облыс әкiмi Асқар Исабекұлының қызметке келгелi бергi атқарған жұмыстарына берер бағаңыз қандай? Жалпы, ол қандай кiсi?

– Асқар Исабекұлының осы лауазымға тағайындалысымен өзiнiң орынбасарлары мен басқарма басшыларын ертiп, облысымыздың елдiмекендерiн аралауға шыққанын газеттер мен телеарналар жарыса жазып, көрсеттi сол кезде. Жаңа әкiм тiптi өзiне дейiнгi бiрде-бiр облыс әкiмiнiң аяғы тимеген ауылдарға барды. Тұрғындармен кездестi, мәселелерiн тыңдады. Халық «ауызсу жоқ» дедi әкiмге ашына. «Ауызсу келедi ауылдарыңызға» дедi облыс басшысы батыл сөйлеп. Иә, көп ұзамай сол ауылдарға ауызсу тартылды. Бүгiнгi таңда құбыр суы бар елдiмекендердiң саны 582-ге жетiп, барлығы 1,8 миллионнан астам адам таза сумен қамтылып отыр.

Медициналық нысандарға мұқтаж деген елдiмекендерге талдау және мониторинг жұмыстарын жүргiзiп, көп ұзамай олардың құрылыс жұмыстары басталды. Нәтижесiнде, өткен жылғы есептiк кезең бойынша 52 медициналық нысан iске қосылды.

Облыстағы апаттық мектептердiң орнына заман талабына сай бiлiм ошақтарын салу Асқар Исабекұлының мақсаттарының бiрi едi. Әкiмнiң бұл ойы да жүзеге асты. 2011 жылғы есептiк кезеңмен айтар болсақ, 53 нысан iске қосылды. Ал, «Балапан» бағдарламасы бойынша өткен жылы 46 933 орынға 484 мектепке дейiнгi ұйым пайдалануға берiлдi. Ашылып, талай адамды жұмыспен қамтып жатқан өндiрiс орындары қаншама.

Жылдар бойы қараусыз жатқан дендросаябақ бүгiнде жайқалып тұр. Есiңiзде болар, бұл саябаққа бұрындары адам кiруге қорқатын. Кезiнде қоғам қайраткерi Асанбай Асқаровтың бастамасымен салынған денросаябаққа әкiм Асқар осылайша жан бiтiрдi.

Асқар Мырзахметов – күйбең тiрлiктiң адамы. Ол жағымпаздықты ұнатпайды. Мiнезi тiк. Берген тапсырмаларының уақтылы әрi сапалы орындалғанын қалайды. Екiжүздi адамдарды жаны сүймейдi. Оның өмiрлiк кредосы – елге адал қызмет жасау деп бiлемiн.

— Әңгiмеңiзге рахмет!

Сұхбаттасқан Т.ЕСЕНБАЙҰЛЫ.