Мұхтар Мұхамбеджан оңтүстіктің бас идеологы ма?

339
2

5

Мұхтар МҰХАМБЕДЖАН, белгілі саясаткер, «Ел бірлігі» ұйымының төрағасы:

Бізде идеология туралы  кереғар пікір қалыптасқан. Қызметтегі идеологтардың функциясы тек әлеуметтік-идеологиялық бағыттағы органдардың қызметін үйлестіру,  жиындар мен іс-шаралар ұйымдастырып  сол шараларда елге грамота мен медал тарқату, шапан кигізу. Былайша айтқанда, идеолог емес, идеологиялық іс-шараларға қатысатын шенеуніктер. Қысқаша, примитивтендірілген. Сондықтан ол қызметке бәрі барғысы келеді.  Ал анадай шапан кигізгіштерді біздер «той-мальчик» дейміз. Осы «той-мальчиктердің» идеологиялық қызметтерді басып алуының бүгінгі қауымды жайлаған рухани кеселдердің асқынуында  үлкен үлесі бар. Себебі, олар идеологиялық ахуалды зерттей алмайды, зерттеген соң диагноз қойып, «рецепт» жазып бере алмайды. Жазса да, оны орындайтын Рухы да, өнері де, білімі де, абыройы да жоқ.  Олар үшін идеологиялық қызмет- әкім болу үшін қажетті кезекті саты ғана. Сондықтан бүгінгі балалар арасындағы бұзақылық, жезөкшеліктің асқынуы, жалған патриотизмнің елді бұзуы – сол «той-мальчиктердің» ел үшін емес, қызметті өзі үшін пайдаланып өз болашағы үшін елдің рухани жағдайын құрбандыққа шалып жіберіп отыруынан болды. Бірақ,  бізді тек қана «бұлай болмайды» деген қағидамен отыр деп ойлап қалмаңыздар. Бізде осы мәселеге «ал былай болса ше» деген шешіміміз бар, ұсынысымыз бар.  Мысал. «Достық»  ауданында әлеуметтік жанжал болды, бәрі біледі. Бүкіл облыстың идеологтары түгелімен жабылып, шеше алмады, жақындай алмады. Ал «Достықтың» ашу-ызаға булыққан азаматтары қалалық әкімдікке басып кіріп, жолды жауып, сұрақтарына жауап таба алмай, азап көріп жатты. Сонымен осы жанжалды биліктің идеологтары мен әкімдері  жабылып жүріп қуып жіберген  «Қызыл Жұлдыз» орденінің ковалері Мұхтар Мұхамбеджанды шақырды. Мұқаң сол дауды бір-ақ айда шешті. Бюджеттің бір тиынынсыз. Әліге дейін «Достықтағы»  ел Мәкеңнің ақылына, әділдігі мен тазалығына тәнті. Сонда облыста кім идеолог?  Созақтағы Ысқақ бабтың басында құран оқытып, аста отырған қалың ел  басқаның сөзіне мән бермей, етті қылғытып жатса,  Мұхаңның бір минуттық сөзіне тәнті болғаны сонша, құдайыда отырғанын ұмытып, ду қол шапалақтайды. Елдің жүрегінің кілтін таба алса, онда нағыз идеолог Мұхтар Мұхамбеджан емес пе?  Маятаста ұлтаралық жанжал болды. Ешкім шеше алмай, билік милициямен бүкіл ауданды жауып тастады, сөйтіп жағдайды консервациялап тастады, бірақ, ертең милиция кеткен күні-ақ қайта қырғын болатынын білген билік аласұра осы жанжалды шешетін адам іздеді. Кімді тапты дейсіңдер?  Мұхтар Мұхамбеджанды. Өздері қызметтен жазықсыз қуып жіберген азаматты.  Қаржыдан қиналып жүрген Мұхаң осы жерде билікке деген өкпесін жеңіп,  басшылық ұсынған қаржыдан  бас тартып, «Алла үшін, Алланың сауабы үшін  жасаймын» деп, екі қауымды жарастыруға сөз береді. Сөйтіп,  тарихта болмаған нәрсені жасап, ұлтаралық жанжалды жалғыз өзі, ООН-сыз, ОБСЕ, НАТО-сыз, милициясыз, ақшасыз, бес-ақ күнде шешті де тастады. Ал енді «күрділердің» өзі жүз пайыз сеніп, «әуелі Алла, сосын Сен. Сен не десең соны істейміз» деп, тағдырларын сеніп тапсырардай, қазақтар да, бұзығына, бандитіне дейін  құлап айтқанына көнердей, Мұхтар Мұхамбеджан қандай адам? Әпербақан ба, кейбіреулер айтатындай?  Дөрекі ме?  Әлде, Тағдырдың өзі елге сыйлаған шынайы мағынасындағы облыстың бас биі ме?  Енді бүгін, өзінің білімі мен ілімі бар екенін көрсетіп, бөлек іс-шара емес, Елбасының саясатын жергілікті жағдайға шақтап  жүргізе алатын, қазақтың ұлт ретінде бұдан кейінгі жүз жылда жүретін  жолын сызып беріп отырған,  бүтіндей  бір идеология ұсынып отырған Мұхтар Мұхамбеджанды кім дейміз? Астындағы машинасы несиеге алынған, үйінен басқа дымы жоқ, ал білімі мен өнері  ұшан-теңіз осындай тұлғаны біз шынайы қадірлей алып жүрміз бе? Әлде Мұхаңды шынайы қадірлеуді әдеттегідей оның өлгенінен кейінге қалдырамыз ба?
Біз таяуда белгілі саясаткер Мұхтар Мұхамбеджанмен сұхбат құрған болатынбыз. Ол кісіге қатысты сұрақтар қойып едік, бүгінгі күні өзінің атқарып жатқан жұмыстары жайында аз-кем әңгімелеп берді. Сол сұхбатты оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдік.

− Мұхтар  мырза, сізді ел, Атырау мен Алтайдың арасы «Ел бірлігі» газетінің басшысы ретінде ғана емес,  «Ел бірлігі» қорының президенті,  «Сара жол» бағдарламасының көшбасшысы ретінде таниды. Енді осы ұйымдар мен бағдарламалар жөнінде біздің басылым арқылы көпшілікке түсінікті тілмен олардың жай-жапсарын толығымен баяндап берсеңіз?
− Ғасырлар бойы өз тағдырын өзі шешу бақытынан айрылған қазақ үшін Тәуелсіздікке жету оңай болған жоқ. Ал жеткен сәтте, өз жерінде азшылыққа айналған, жартысына жуығы рухсызданып,  бөтен ұлттың шашбауын көтерушілеріне айналып, өз тілі мен ділін ұмыта бастаған  елдің басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа  жаңа мемлекеттің ұлттық-саяси келбетін,  экономикалық бағытын анықтау оңай болған жоқ. Алланың қолдағаны, тарқаған он бес елдің ішіндегі тарқауы, қирауы, ыдырауы, ұлтаралық қырғынның топалаңына айналуы ең тез деген ел Қазақстан болса, дәл сол Қазақстан  әлгі он бестің ішіндегі ең мықтысы, ең бейбіті, ең тынышы бола білді. Бүгінгі күн Елбасымыз қалай мақтанса да, — жарасады. Осындай қырық құраудан тұратын елде барлық жамағаттың басын бір қазанға сыйдырып, оларды бір бағытқа жүргізе білгендер, дүниежүзілік дін басыларының кездесуін Астанада ұйымдастыра алғандар, Абылайдың арманы – қазақтың өз қолымен салған алғашқы қаласы – Астананы салғандар, бүкіл елді жарып өткен Батыс Европа – Батыс Қытай автожолын ұйымдастырғандар  – біздің  Елбасының жеңімпаз командасы…  Әрине, кез келген қоғам өзгерістен құтыла алмайды. Кез келген қоғам әр сәтте белгілі бір қауіптерден құтылып отыруға қабілетті болу керек.  Бүгінгі  біздің елдің  проблемасы  – рухсыздық. Тарихымызда болмаған жезөкшелік. Жетімдер проблемасы. Отбасылық құндылықтың дағдарысы –  ажырасқандар проблемасы.  Балалар арасындағы бұрын-соңды болмаған қылмыскерлік, бұзақылық, қатыгездік. Діни секталар мен теріс діни ағымдардың лаңы. Алғашқы террорлық әрекеттер. Осының бәріне келесі жылғы Ауғанстаннан американ әскерінің шығатын фактісін қоссаңыз, еліміздің ішкі де, сыртқы да жағдайы мүлдем қауіпсіз деп айту – мемлекет алдындағы кешірілмес қылмыс болар еді. Сондықтан «жау жоқ деме, жар астында», бес қаруды асынып сақадай сай отыру бүгінгі күннің күттірмес мәселесі. Қазақтың атқарушы және өкілетті билігінің онсыз да ширақ, ұшқыр, қағылез екенін ескере отырып,  біздің «Ел бірлігі»  қоры осы сферада қоғамның бойында қалыптасқан проблемалармен күресуді жөн деп шешті. Барлық ұлттардың, олардың заманауи  мемлекеттік құрылымдарын айтпағанда, өздерінің ұлттық, ғасырлар бойы тезден өткен  өзін-өзі басқару механизмі қалыптасқан.  Сондықтан мемлекет болған күнде де, мемлекет қираған күнде де ұлт өз қотырын өзі қасып, құрып кетпей күн көріп жатады. Қазақтың ондай өзін-өзі басқару принципі – рулық қатынас еді. «У ішсең руыңмен», «қанына тартпағанның қары сынсын», «жетімі мен жесірін жылатпаған»,   нашарын «аштан өлтірмейтін, көштен қалдырмайтын», осының бәрі еліміздің өзін-өзі басқару, өзін-өзі сақтап отыру принциптері еді. Ал қауымға белгілі «мәжбүрлеп отырықшыландырудан» соң бұл принцип сынды.  Себебі,  отаршыл өкімет тұрақты, жоспарлы, мақсатты түрде қазақтың  омыртқасы  – рулық қатынасты бөжек етіп көрсетіп, руды айтқанды «жоямын» деп, қасақана үркітіп келді. Бұл саясатты отаршылдардың тамаша жүргізгені соншалықты,  тіпті тәуелсіздік алып, отаршылдардан құтылсақ та,  өз жемісін беріп келеді – күні бүгінге дейін руымызды айтуға қорқатынымыз содан. Сондықтан бүгінгі күн қазақтың ұлттық конструкциясына оның өз менталитетіне негізделген, яғни жасанды емес, өзін-өзі басқару механизмін ұсыну керек. Тек сонда ғана ұлт тіріліп, өз қотырын өзі қасып, биліктің мойнына артылған аса көп жүктің біразын өзіне алады.  Бүгінге дейін жасанды механизмдер ұсынып келдік, олар өлі туылып, өлі күйінде отырды – сондықтан бүгінгі жамағат жасандылықтың еш жеміссіз екеніне көз жеткізді деген ойдамыз.  Біздің «Сара Жол» бағдарламасы Елбасымыз айтып отырған шынайы, жаңа қазақстандық патриотизмді жасауға және қалыптастыруға  арналған,   ұлттың тұла бойынан шыққан қасиет – салт-дәстүрге негізделген,  яғни  тірі,  жұмыс істеуге қабілетті механизм. Алла бұйыртса, бүгінгі мына елдің қолдауына сенсек, еліміздің етек-жеңін жиып, рухын тіктеп, бөтен бәлекетті кіргізбейтіндей мықты болуына қол жеткізе аламыз.
− Облыс аумағында біраз жылдан бері «Ырыс алды – ынтымақ» атты форумды өткізу дәстүрлі дағдыға айналып келеді. Байқап отырсақ осындағы жәйттер мен көтерілген мәселелердің жалғыз жанашыры, оны көпке жеткізуші сіз ғана секілдісіз. Сонда басқалар, нақтылай айтсақ, ұйымдастырушылар форумдағы алқалы топқа айтылған әңгімені ары қарай жалпақ жұртқа жеткізушілер не істейді? Айтылған сөздің елдің құлағына құйылуына құмбыл еместер кімдер?
− Расында, он жылдан астам теледидардан да, газет беттерінен де, жиындарда да шаршамай айтып жүргендерімді ел біледі: дін мәселесінде толеранттық деген түсінік дұрыс емес, бұлай кете берсек, онда террор мен экстремизм бізге де келеді.  Жастар мәселесінде жұмыс принципі мен механизмін түбегейлі ауыстыру қажет. Бала тәрбиесі осылай кете берсе, рухсыздық пен арыздықтың шыңырауына құлаймыз. Жалған патриотизмді доғармасақ, онда  еліміздің болашағы күңгірт. Өкінішке орай, осы сөздерім бүгінде шынға айналды. Ендігі қарсы шығушылардың да аздығы- олардың өздерінің де көздері жетті ау деп ойлаймын. Бірақ, әлі де кеш емес. «Ырыс алды – ынтымақ» форумындағы облыс әкімі Асқар  Мырзахметовтың ұлтжанды, батыр да батыл пікірлері менің осы мәселенің бәрін біріктіріп, бір бағдарламаға тоғыстыруыма себеп болды. Сонымен, бүгінгі күн өміріміздегі жасанды, жалған патриотизмнің тамырына балта шауып, шынайылыққа, ұлттық патриотизмге негізделген мемлекеттік, жаңа қазақстандық патриотизмге жетелейтін бағдарлама жасадық.   Мысалы, бүгінгі күн бала тәрбиесінде жауапты ретінде билік те, қоғам да мұғалімді  бекітіп, мойындаған. Бүгінгі  жаһандану заманында, әр баланың қолында интернеті бар ұялы телефоны бар заманда мұғалімнің қолынан түк келмейтіні ешкімді толғандырмайды. Айналып келіп мұғалімді соққылай береміз, ұра береміз, жұлқи береміз. Одан ештеңе шықпаса, Америкадан көріп психолог тартамыз, видеокамера тартамыз. Ал сырттан бақылаудың ешқашан жүз пайыз бола алмайтынын,  жүз пайыздық бақылау тек қана  іштен, яғни тәрбиеден, баланың бойындағы иманнан екенін ойлағымыз келмейді. Ата-ана мен қоғамның жауаптылығы естен шыққан. Біз осы мәселеде басты жүкті ата-ана мен қоғамның мойнына артуды ұсынып отырмыз – бұл жолмен жүрсек, бұзақылық пен қатыгездіктің азаятыны сөзсіз. Қаладағы жастардың рухсыздығы, мәдениетсіздігі, түрлі секталар мен теріс діни ағымдарға кіріп кетуіне тосқауыл ретінде қазақтың баяғы түгендеу принципін ұсынып отырмыз.  Мән- ауыл, әулет болып бірігіп, қалаға оқуға кеткен ұл мен қыздың артынан барып,  кіммен жүр, оқып жүр ме, не ішіп жүр, не киіп жүр, қайда ұйықтайды  деген мәселелерде тұрақты тексеру ұйымдастыру.  Олардың өміріне бақылау ұйымдастыру.  Осы дәстүрімізді жаңғыртудың өзі көшелерімізге үлкен тыныштық, мәдениет, әдеп пен имандылық алып келеді.  Расын айтсам, менде «Ырыс алды- ынтымақ» форумы мен «Ел бірлігі» қорын бәсекелес ретінде салыстырып көретін ойым жоқ. Мысалға, бізде орталық кеңесте облыстық мәслихаттың депутаттары, қазақтың мүйізі қарағайдай киелі ұлтшыл ғалымдары, саясаткерлері, күрескерлері отыр. Олардың да ойында біреуді мұқатып, өздері биікке шығатын ойы жоқ. Ұлт мүддесі деген қасиетті ойдың биігінен  қызмет, таққұмарлық, бәсекелестік  сияқты мәселелер күйкі тіршіліктің  бітпейтін майда да мәнсіз амалдары  сияқты болып қалады. Расында, «Ырыс алды – ынтымақтың» идеялары жарқын, асыл. Ол үшін алдымен сол идеялардың авторы — облыс әкімі Асқар Мырзахметовқа, оны батыл қолдап жүрген қариямыз – Мархабат Байғұт ағамызға  рахмет.   Бірақ, сол форумға жиналушылардың  көпшілігінің  осы мәселелерді алдымен түсінетініне, содан соң, іске асыруға құлқы бар екеніне, құлқы болса, қабілеті бар екеніне күмәнім бар екені де рас. Негізі, қай мәселе болсын, қай сала болсын, облыс әкімінің алдына белгілі бір ғана адамдарды әкеле беруді доғару қажет-ау. Мысалы бір ауданға өз тақырыбымызбен келісіп, жиынға барып едік, сонда отырған адамдар бізді қосқанда үшінші жиынды бастарынан өткізіп отыр екен. Үш жиынның тақырыптары үш қайнаса сорпасы қосылмайтын әр түрлі.  Әр тақырыптың өз қолдаушылары болады. Ауылдарымыз, шүкірлік, ондайдан кенде емес. Сондықтан өз жұмысымызда  осы ұлт тағдыры жанын ауыртатын адамдарды тауып, соларға арқа сүйеуге тырысу қажет.
− Сіздің қордың «Сара жол» бағдарламасы жетімдерді жетілдіру,  жесірлерге демеу болу жөнінде ел арасында әңгіме-дүкен құрып қана қоймай, оны қазақи дәстүрмен дамытудың тиімді жолдарын ұсынып жүр екен. Енді осыны айтып берсеңіз.
− Бізде патриотизмді тек қана «алтын күн аспанын» шырқата айтып, және соғыс болса елді қорғаймын деп қойсаң – болғаны деп есептеу басым. Расында патриотизм – тек ритуал емес, ол өмір салты. Ал өмір салты сол қауымның өмірлік принциптеріне, тұла бойынан шыққан арман-мұңдарына, дініне  негізделеді. Сондықтан Елбасымыз айтқан жаңа қазақстандық патриотизм мазмұнына біздер гимн айтудан басқа салауатты өмір салтын ұстану, бала-шағаның тәрбиесіне көңіл бөлу, ауыл болып бірігіп қоршаған ортаны сұлу да жанға жайлы ету, отбасылық құндылықтарды дәріптеу сияқты қосып жатырмыз. Расында, машинада келе жатып, терезеден Қазақтың жеріне босаған баклашканы лақтырып жіберіп, мен патриотпын деу – алдымен надандықтың,  бұдан соң арсыздықтың, екіжүзділіктің шыңы.  Ата-бабаң қанын төккен қасиетті жерге баклашканы, темекіні, кез келген басқа ластықты ойланбай лақтыра салуды басқа не деп атауға болады? Бизнесмендеріміз дәл қасында біреу қиналып жатса да қарамай өтіп кетеді,   ал әкімдеріміз телекамераларды самсатып,  шоу ұйымдастырса, реклама үшін аямай қаржысын төге салады. Бұл қайырымдылық мәселесінде бізде мәдениет жоқ екенін көрсетіп тұрса,  отандасын қылмыскер соққылап өлтіріп  жатқанда үндемей өтіп кеткен адамның ертеңіне өзін патриотпын деуіне не дерсің??? Міне, бізді қынжылтатын мәселелер. Бізге  жаңа қазақстандық патриотизмді қалыптастыру  дегенде, тіпті, баяғы қазақтың қасиетті заңдары – әмеңгерлік, жетімді уыстан шығармау,   ажырасқан жігітті үйлі етіп, ажырасқан келіншекке бір азаматтың етегін ұстату сияқты мәселелерді бүгінгі заманға шақтап  қалпына келтіру қажет сияқты болып тұрады. Біз мына мәселені нақты шешіп алуымыз  керек – біз Тәуелсіз Қазақстан мемлекетін не үшін, кім болу үшін, қандай болу үшін құрдық?  Бөтендердің гендерлік саясатын көшіріп алып, елді бұзу, бөтендердің  тееларналарындағы лоқсықты жастарымызға көрсетіп, оларды қасақана бұзу, отбасылардың ажырасуын қолдан жиілету, шамамыз келсе, балдарымызды, ұрлаған ақшамызды  Лондон, Парижге қашыру, сол жаққа бейімдеу үшін бе? Жоқ әлде  ата-бабамыздың отаршылдар зорлап тиым салған салт-дәстүрін қалпына келтіріп, өмірге енгізіп, ҚАЗАҚ болып өмір сүру үшін бе? Үміттенуімше, ҚАЗАҚ болып өмір сүру үшін шығар. Егер олай болса, бәріміз бірігіп «Сара Жол»  бағдарламасын орындауға кіріссек, Елбасымыз айтқан, ұлттық құндылықтарға негізделген  жаңа қазақстандық патриотизмнің негізін қалап шығамыз.
− Халқымыздың қанында жоқ жөзекшелік, арды аяққа таптау, қатыгездік қазір қоғамымызда жазылуы қиын дертке айналып барады. Сіз оған жаныңыз шырылдап араша болуға, арылуға, адами қасиетті жоғалтпауға елді үндеп жатырсыз. Елең ететіндей не істедіңіз? Оның нәтижесі қандай? Тоқырап, тосылып, күдер үзіп қалған жоқсыз ба?
− Бүгінге екі ауданда, ауыл-ауылдарда осы «Сара Жол»  бағдарламасын ауыл өміріне енгізетін Үлкен Кеңестер сайланып жатыр, газет, теледидардан насихат жүргізіп жатырмыз, ғалымдар кеңесі құрылды. Енді осы қыркүйек айында аудандарға жиындар өткізуге шығамыз. Арамызда ақсақалдар, ғалымдар, депутаттар, саясаткерлер болады. Сонсоң қазан, қараша айында ел арасындағы, адамдар арасындағы дауларды ұлттық дәстүрмен шешетін қазылар алқасын бекіту, олардың Түркістандағы Яссауи кесенесінің алдында ант беру рәсімін өткізу сияқты қиын да қызықты жұмыстарымыз бар.
− Елдің болашағын біз жастармен елестетеміз, оларға сенім артамыз. Мұның барлығы айтумен бітпейді, оған кең көлемдегі ұлттық, ұлтжандылыққа толы намысты жанитын идеология керек. Бір кездегі облыс пен қаладағы саясатты басқарған азамат ретінде сіз бүгінімізге қандай баға бересіз, келешекте не күтесіз?
− Біріншіден, жастарымыз жаман емес. Егер  ақылды, қисынды бағдарлама ұсынылса, дұрыс идеология ұсынылса, қазақтың жастары  алып кете алмайды дей алмаймын.  Бүгінгі күн жастардың әлеуметтік мәселесін айтқанда, ашық өтірік айту басым.  Себебі, тегін жоғары білім алу, білімнен соң жеңілдікпен жұмысқа тұру немесе  жеңілдікпен  үй салуға жер алу немесе жеңілдікпен үй алу, бизнеске жеңілдікпен несие алу  сияқты өмірдің ең маңызды тармақтарында  – жастарға ешқандай жеңілдік жоқ. Мұны атқармай, жастардың жағдайы тамаша деп «Хабардан»  сарнай бергенмен, жағдай жақсармайды.  Және теріс діни ағымдар мен секталардың, бандылардың санын азайтқыңыз келсе, онда осы мәселеге тезірек назар аударған дұрыс.
− Осы  саясатыңыз жастарға қандай ықпал етіп, нендей оң бетбұрыс жасалынып жатыр?  Біз шындығында ауызбен, қағазбен жұмыс жүргізіп жатқан жоқпыз ба?  Әйтпесе, қылмыс азайып, ұлтжандылық рухы өрімдей ұл-қыздарымыздың бойында қанымен жылжып, жүрегіне жайғасып жатпас па еді?
− Біз қоғамдық ұйымбыз. Бізде ел еңбекақысыз жұмыс істейді. Және біздің ықпал ету деңгейіміз мемлекеттік органдардан, әрине, әлдеқайда төмен.  Шамамыз келгенше қимылдап жатырмыз. Қаншама ғалымдар, депутаттар, әкімдер қолдап жатқанмен,  ең басты жұмыс – ұйымдастыру мәселесінде біздің қоғамдық ұйым екенімізге байланысты қол қысқалық етеді. Біздің ойымызша, бүгінде осы біз айтқан мәселелер ШТВ, Айғақ телеарналарында қолға алынып, жақсы деңгейдегі хабарлар жасалуда.  Көп ретте осы насихат мәселесі қаржыға тіреледі.  Сондықтан қоғамдық ұйым ретінде біздің мақсатымыз – тек елді оятып, оған дұрыс идея беріп, қимылдата алу, арғысын, егер осы тірлік дұрыс нәтиже беріп жатса,  ел және билік өздері шеше жатады.
− Жүзге, руға бөлуге көзқарасыңыз қандай? Ол қай жерде қажет, қай ортада керек?
− Енді жүз және ру баяғы заманда қазақтың көшпенді өмірге лайықты өзінің мықты структруасы болғанын көрсетеді.  Бүгінгі Республиканың облысқа, облыстың ауданға бөлінуі – отырықшы өмір салтына тура. Ал Ұлттың жүзге, жүздің руға бөлінуі – көшпенді өмір салты жағдайында  ең тиімді ұйымдастыстырушылық-теориялық бөлініс.  Сондықтан кетіп қалған отаршылардың сарынын жалғастырып, ру деген жаман деп зарлай беру дұрыс емес. Талай теперіштен қазақты оның рулық қатынасы, әр бөліктің өз кішкентай болса да, ағзасы, ақсақал-басы болғаны құтқарды, біз рулық қатынасты тек қарғай беруге тиісті емеспіз, оған рахмет айтатын жеріміз де өте көп. Және рулық қатынас тек қана қазақты ыдырату процесі емес. Олай десек, Ресей де өз облыстарын ыдырату факторы деп тақатып жіберсін – бұл екеуі синоним факторлар. Әр ұлт бөліну арқылы бірігеді. Бұл Құранда бар нәрсе. Орыстың Петрі тек орыстын патшасы болғаны үшін  ұлы реформатор да,  Қазақ өмірінде дәл сондай функция атқарған Есім неге феодал болуы керек? Сондықтан, өзімізден жиіркенуді қойып, өз қасиеттерімізді мақтаныш етіп, оны ту етіп, оны насихаттасақ –ұтамыз. Қазақтың ұлттық сүйегі мынадай конструкциядан тұрады:  отбасы-әулет, ру-тайпа – ұлт. Осыдан отаршылдардың айтағымен руды алып тастадық. Бұл адамның бөкседен  тізеге дейін бөлігін жаман, қалғандарын дұрыс деп, жаманын жұлып тастаумен пара-пар.    Сондықтан ру азаматтарының жиналып, танысып, астар беріп, тарихи жадын қалпына келтіріп жатқанынан еш зиян көре алмаймын. Тек қана осы құбылыс жалпықазақтық патриотизмді басып кетпесе болғаны.
− Сізге осыншама ауқымды жұмысты бүкіл ел аумағында жүргізуге кімдер көмек береді. Құпия болмаса соны айтып берсеңіз?
− Кейде сөз-жәрдем, кейде іс-жәрдемімен  «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалының бірінші орынбасары  Алмасбек Мамытбеков, қалалық «Нұр Отанның»  басшысы Өмірзақ Мелдеханов, облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Гүлмира Тағаева,  танымал депутаттар Рәшкүл Оспаналиева, Дулат Әбіш, Бахрам Әбдікерімов, танымал ғалымдар Мекемтас Мырзахметов, Сансызбай Құрбанқожа, Зікірия Жандарбек, Нұрлан Мыңбай, Мұхит Миразов сияқты ғалымдар, басқа да саясаткерлер мен кәсіпкерлер. Міне,  осы қатарды көрген соң жәрдем беретіндердің  аз еместігіне және мүлдем нашар еместігіне куә боласыз.
− Жаңа бір сайлау шықты. Ол-әкімдердің сайлауы. Саясаткер ретінде кешегі өткен сайлау қорытындысы бойынша болған тағайындауды қалай бағалайсыз?
Расын айтқанда, оның тоқсан тоғыз пайызы – бұрынғы әкімдердің қайта сайлану-тағайындалуына арналған жоба. Бірақ, саясаткер ретінде менің ондайға өкпем жоқ. Қазақстанды қоршаған ортаны қауіпсіз деуге өте ерте, сондықтан мемлекет қалыптасып, қоршаған дүние Қазақстанның барын жан-тәнімен мойындап, көніп кеткенінше, біздегі  арампиғылдардың  да дәл осылай еліміздің ертең тарқап кететін уақытша құрылым емес екеніне көздері жеткенше, біздің елге әлі кемінде елу жыл өте күшті орталықтандырылған, бір адам – Елбасына бағынатын авторитарлық система керек.  Тек бұдан мені демокртияны жақтырмайды екен деп қорытынды шығармаңыздар.  Өмірімді ұлтыма арнаған ұлтшыл азамат ретінде мен қазақтың тағдырын осы бүгінгі Қазақстан мемлекетімен байланыстырамын.  Осы мемлекет сау болса, халқымның жаман болмасына сенемін, сондықтан ұлтшыл болу үшін алдымен мемлекетшіл болдым. Ал мемлекетшіл ретінде бізге батыстың демократиясы –  сиырды үргізіп, итті мөңіреткендей нәрсе.  Біздің басты мәселе – мемлекеттің ішіндегі құрылымның авторитар-демократиялылығы емес, мемлекеттің күшеюі үшін не керек, соны істеу.   Сондықтан, сәл өтірікке ұқсап кетсе де, мен өткен әкімдер сайлауына дұрыс болды деп баға беремін.
− Сізді атқарушы билік екі-үш рет қатарынан шығарып жіберді. Соның өзінде Сізде республикалық оппозицияның басшыларындағыдай билікке деген кек қалыптаспады. Неге?
− Мен өзімді тек қана атқарушы биліктің қатарында жүруім керек деп есептемеймін. Мен қазақшыл болып туылғам. Менің бабаларым  Ысқақ баб,  Ыбырайым  шайық, Ахмет Яссауилер  де өз өмірін еліне арнаған адамдар. Сондықтан, елімнің дауын айтқанда, билік бірде қуады, бірде бауырымдасып көріседі. Бірақ, сыйламағанын байқамадым.  Сосын өзімді ерекше деп есептемеймін. Қазақ үшін жанын қиып, қазақ үшін күресіп жүрген ел перзенттерінің бірі ғанамын.
− «Сара Жол»  бағдарламасының авторы кім?  
− Басында мен деуші едім. Дәл бүгін ол бағдарламаны қолдап, оны іске асыру үшін ат салысып жүрген адамдардың ниетіне қарап, олай айтқым келмейді. Елімнің мен деген азаматтарының арман-мақсатын, аңсағанын  тағдыр кездейсоқ қана менің жүрегіме құйып, миымнан  шығарды –  еңбегім осы-ақ.  Егер үш-төрт жыл осы бағдарламаны іске асырып, нәтижесінде ел арасында ұлттық мәдениет, ұлттық киім, ұлттық өмір қалыптаса бастаса, мен өзімді  өмірге бекер келмегенмін,  шексіз бақыттымын деп есептер едім.
− Әңгімеңізге рахмет!