Бір ілік тапса, түйедей етер түймені
Газеттің 2013 жылғы 14 қаңтардағы №02 санында жарияланған «Жемқорлар тоя ма, жегендерін қоя ма?» атты мақалада баяндалған менің қадір-қасиетіме, абыройыма ңұқсан келтіретін, негізсіз айыптауларға толы мақалаға байланысты кері пікірімді білдіргенді жөн көрдім.Мақаланың өн бойында баяндалған айыптаулардың бәріне мән бермей ақ, «Ит үреді, керуен көшеді» деп қоя салуға да болар еді, алайда, мақала авторы Нұрмұхамбет Сыдықовтың бұл «туындысы» менің жеке басымды айыптаудағы толып жатқан арыз, шағымдарының кезекті бір парасы ғана болып отыр. Бұл азамат мен туралы екі адам бас қосқан мәжілістің бәрінде, сондай-ақ бақылаушы, тексеруші органдар басшыларына айтудай-ақ айтып келеді.
Тіпті, сотқа да тартпақшы болды. Бұл әрекеттерінен түк шықпаса да, мені қалай да тұқыртудың әрекетін жасап, мекемелердің табалдырығын тоздыруда. Мемлекет қызметкерін жемқор деп айыптау үшін, бұлтартпас дәлел болуы керек емес пе? Ойдан құрастырылған сандарды алға тартып, мені жемқор етіп көрсеткісі келеді. Мұның барлығы сайып келгенде азамат Н.Сыдықовтың менің жеке басыма деген араздығынан туындап отыр. Н.Сыдықовтың баласы Дамир Сыдықов Сайрам аудандық сәулет және қала құрылысы бөлімінде арнайы тексеруден өткенге дейінгі сынақ мерзімімен бас маманның міндетін атқарушы болып қызмет істеді. Алайда, «әкем ешқандай құжатқа қол қойма» деп айтқан сылтаумен, өзіне жауапкершілік алудан бас тартып, тіпті, ҚР «Сыбайлас жемқорлық туралы» Заңына сәйкес мемлекеттік қызметкер қабылдауы тиіс шектеулерге де қол қоймағаны үшін жұмыстан шеттетілді. Әрине, бұдан кейін олар қарап қалған жоқ, мені сотқа тартты. Біздің берген бұлтартпас дәлелдеріміздің негізінде, сот Сыдықовтардың талап-арызын қанағаттандырусыз қалдырды. Осы мәселеге байланысты туындаған екі адамның арасындағы бас араздыққа елдің бәрін тықпалап, мазалаудың не керегі бар еді?
Жоғарыда аталған мақалаға келер болсам, автор мені өзінің баласы Дамир Сыдықовты жұмыс істетпей қудалады деп, мен айтпаған сөздерді айтты деп айыптап, бақылаушы органдарға арызды қарша боратты. Аудандық прокуратура, қаржы полициясы, сондай-ақ мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттікке жазған арыздары бірнеше реттен тексерілді. Анықтамалар беріліп, арызда көрсетілген фактілер дәлелін тапқан жоқ. Нәтижесінде, баласының жұмыстан шеттетілуіне өз үлесін қосқанын байқамай да қалды. Мақаладағы айыптаулар негізінен автордың саяси сауатсыздығының дәлелі. Атап айтқанда, аудандық сәулет бөлімінде қаптаған программистер мен экономистер, олардың дені – ала тақиялы азаматтар дейді. Бұл сөзімен не айтпақшы? Біріншіден, аталған мамандардың қаптап жүргендері шындыққа жанаспайды, екіншіден елді жікке бөліп, алауыздық туғызу қылмысқа жататынын, Қылмыстық Кодекстің тиісті бабымен айыпталуға жататынын азамат Н.Сыдықов білмесе керек. Мені кадрлық бизнес жасады деп айыптауы, тіпті, ақылға сыймайды. Өйткені, осы қызметте істеп жүрген үш жыл ішінде бірде-бір қызметшіні ауыстырған емеспін. Мақаласына арқау болған жемқорлығымды немен дәләдемек? Қазақтың анайы мақалдарын қолдана отырып менің жүйкемді жұқартқысы, елдің алдында қарабет қылғысы келеді. Бұл да болса, Сыдықовтың «жазушылық» жанрының бір қыры болса керек. Салықтан жалтарды, мемлекет қаржысын талан-таражға салды деуі де ешқандай дәлелсіз айыптаулар. Аудан орталығында орналасқан Абылай хан ескерткішін орнатуда жемқорлыққа жол берді деп айыптайды. Оған қандай негіз? Мен ауданның бас сәулетшісі ретінде бұрынғы «Мәртөбе» алаңын бас жоспарға сәйкес қайта құруды, алаңның бір шетінен өтетін Абылайхан көшесін қайта ашып, көлік қозғалысын реттеуді мақсат етіп, жобалық ұсыныстар жасадым. Өйткені, автор айтып отырғандай, бұл жерде мерекелік шаралар өткізу алаңы бұдан бір жыл бұрын емес, үш-төрт жыл алдын жасалып, ауылдың бас жоспарына сай болмаған. Тиісті мекемелердің келісімі негізінде мерекелік шаралар өткізу алаңын орталық саябаққа ауыстырып, алаң орнына гүлзар жасалды.Негізінен бұл шешім мерекелік шаралар өткізу кезеңінде адамдардың қауіпсіздігі үшін қажет болды. Бұрын көзден тасада, ағаштардың арасында тұрған Абылай хан ескерткішін биік тұғырға қойып, көшенің осіне орнаттық . Құрылысқа тапсырыс беруші-аудандық құрылыс бөлімі болды. Осы мәселеде мені жемқорлықпен айыптауы қисынсыз және ұрынарға қара таппау деп білемін. Н.Сыдықовтың айтып отырған мемлекеттік рәміздер алаңы бары рас, алайда, ол көрсетіп отырған орыннан бірнеше шақырым әріде тұр. Мұны жасағаны шектен шыққандық дейді. Онымен нені меңзейді? Әлде рәміздерге қарсы ма? Аудан орталығындағы «Ынтымақ»және «Мәртөбе»гүлзарлары тұрғындардың ықыласына бөленген, сүйікті демалыс орындарына айналды. Бұл жерден менің тапқан «пайдам», аудан орталығының сәл де болса сәулеттік келбетінің жақсарып, оған өзімнің үлесімді қосқаныма қуанғаным. Ал «Ынтымақ» гүлзарының құрылысына тапсырыс беріп, іске асырған- аудандық тұрғын үй құрылысы және коммуналдық шаруашылық бөлімі.
Өзінің арызы бойынша қылмыстық іс ашпадың деп, аудандық қаржы полициясына, істі жасырып отыр деп аудан әкіміне тісін қайрайды. Енді мені қойып, менің отбасы мүшелеріме, бөлім қызметкерлеріне айғақ жинап, сол арқалы мені тұқыртудың амалына көшті. Қалай болған күнде де «Аққа- құдай жақ» деген. Мен Конституциялық құқығымды пайдаланып, азамат Н.Сыдықовтың іс-әрекетіне сот арқылы тосқауыл қоймақпын. Салықтан жалтарды дегені, құрылыстардағы кемшіліктің бәріне мені айыптауы дәлелдеуді қажет ететін мәселелер.
Еш жерде жұмыс істемейтін, қоғамға титтей де пайдасы жоқ адамның өз отбасын қалай асырап отырғанына таңым бар. Мүмкін демеушілері бар шығар? Ол жағын өзінің ар-ұятына қалдырдым. Барлығы да патша уақыттың еншісінде.
P.S. Асқар Мамырбаевтың бұл мақаласы редакция көзқарасын білдірмейді. Үстіміздегі жылдың басында Сайрам ауданының тұрғыны Н.Сыдықовтың «Жемқорлар тоя ма, жегендерін қоя ма?» атты мақаласы жарық көріп, ол бойынша Сайрам ауданында екі рет сот отырысы өткен болатын. Ол сотта Н. Сыдықов жеңіске жетті. Соттың шешіміне келіспеген А.Мамырбаев өткен аптада редакциямызға арнайы келіп, Н.Сыдықовпен қайтадан соттасатынын және соттың шешіміне келіспейтінін айтты. Егер жоғырыдағы мақалаға Н.Сыдықовтың келіспейтін тұстары болса, оның да пікірін газет бетінде беруге дайынбыз.
Асқар Мамырбаев,
Сайрам аудандық сәулет және
қала құрылысы бөлімінің басшысы,
Қазақстанның құрметті сәулетшісі.