Біреуге бас қайғы, біреуге…»

358
0

001Осыдан бірер ай бұрын ОҚО мәслихаты  кезектен тыс 19-шы сессиясын өткізді. Сессияда халық қалаулылары алдымен облыстың 2013-2015 жылдарға арналған бюджетін нақтылап алған соң, екінші мәселеге – ОҚО Құрметті азаматы атағын кімдерге беру жайын талқыға салды. Облыс әкімдігінің аппарат басшысы ұсынған тізімде Сайлаукүл Барақова, Зоя Бектаева, Мүсілімбай Дайырбеков, Орынбай Рахманбердиев пен Шахарбек Усмановтар бар екен. Алайда, халық қалаулылылары сол кезде осыған қатысты дау шығарған болатын. Ұсынылған бес азаматтың бәрінің  бір жүзден екенін айтып, дауды алдымен бастаған Аманолла Раманқұл болды. «Бұл не өзі, трайбализм бе?» деген болатын ол сол кезде. Сессия соңында жиылғандар әупірімдеп жүріп мәмілеге келіп, осы қараша айында бұл атақты тағы бес адамға беру туралы, сондай-ақ сол кезде «басқалардың» да қамтылатынын айтып, ортақ бәтуаға келгендей болған. Бұл әңгіме сонымен біткендей көрінген.

Сөйтсек… ОҚО мәслихатының депутаты Пернебек Райымбек қазір осы мәселені қайта қоздатып жүр. Оңтүтікте трайбализмнің асқынып кеткенін айту үшін ол жақын арада Ақордаға аттанайын деп жатса керек. Мұны жуырда жергілікті басылымдардың бірінен оқыдық.
Айтпақшы, сол сессияда Пернебек Райымбек Құрметті азамат атағын беруде «Таразы басы тең болуы тиіс» дегенді айтқан. Ол мұны текке айтпаған екен. Елбасыға ол Оңтүстікте лауазымды қызметкерлер арасында жерге, руға, атаға, жүзге бөліну жайлап алғанын, облыс әкімінің барлық орынбасарларының бір жүзден екенін, департамент басшыларының бір атадан екенін жайып салмақ. Мұның алдындағы облыс прокуроры кезінде аудан және қала прокурорлары мен бөлім басшыларының бәрі «бір ауылдың» жігіттері болыпты. ОҚО мәслихатына Арыс жақтан сайланған депутаттың назарынан бұл жағдай да тыс қалмапты. Халық қалаулысы, әйтеуір, өкпелі. «Сонда бұл орындарға басқа ауылдан лайықты азаматтың табылмағаны ма?» дейді ол. Оның «таразы басы тең болуы керек» дегені осы екен. Енді Елбасыдан Оңтүстікке қарай комиссия шығарып, мән-жайды анықтап, нүкте қойып беруді өтінбек. Расы керек, мұндай сөзді айтып жүрген жалғыз Пернебек Райымбек қана емес. Әйтеуір, біздегі трайбализмді ерінбегеннің бәрі сөз етеді. Көрінген жерде қоздатып, сырттай күңкілдейтіндер көп. Саясатқа қатысы барының да, жоғының да әңгімесі осы.
Расы керек, ру-руға, жүз-жүзге бөлінген қазақты басқару қай кезде де оңай болмаған. «Жүзге бөлінгеннің жүзі күйсін» дегенді Төле би бабамыз күйінгеннен айтқан болар. Есте болса Елбасы «Қазақстан-2050» стратегиясында «Біздің қоғамымызда «артық» немесе «бөтен», «біздікі» немесе «біздікі емес» деген болмауға тиіс» деген еді. Қазақтың ішкі тұтастығын бұзғысы келетін рушылдық, жершілдік әңгімемен ел бірлігін бүлдіргісі келетін күштердің пайда болуы Елбасы ретінде өзін алаңдататынын да сол жолы айтып өткен.
«Ондай жымысқы ниеттілердің айқайына құлақ асып, айтағына ілескен жан әр атаның шежіресін әспеттеп, әр жаққа тартқанын аңдамай қалуы мүмкін. Ру мен тайпаға бөліну — ұлттық тұтастықтан айырылудың өте қауіпті түрі. Қазақ әлсіресе, алауыздықтан әлсіреген, күшейсе, бірліктен күшейген» дегенді ескерткен еді Елбасы.
Осындай ескертпеден кейін Елбасы Пернебек Райымбектің Ашық хатын қалай қабылдар екен? Басқа біреу болса бір сәрі, ОҚО мәслихаты депутатының мұндай ескертпелерден кейін трайбализмді жалаулатып Ақордаға аттанғысы келгені бүкіл Оңтүстік жұртына сын емес пе?! Өзге жұрт «не шықса да Шымкенттен шығады» деп тағы күлмей ме?
Тарихтан белгілі, ел басына күн туған сын сағатта қазақ қашан да бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, ұлт мүддесін жеке бастың шаруасынан биік қойған. Сырттағы жаудың қазақты басып ала алмағаны да сондықтан.
Елбасы «бөтен», «біздікі» немесе «біздікі емес» деген болмауға тиіс» деп шырылдап жүргенде, «бар «замы» бір жүзден» деп облыс әкімінің үстінен шағымданамын деп  Пернекеңнің өзі ұятқа қалмас па екен? Қарапайым біреу айтса бір сәрі, дәл мұндай сөздің халық қалаулыларының аузынан шығуы, әрине, өкінішті.
Елбасы «Бірлігі берекелі, тірлігі мерекелі, ынтымағы жарасқан елдің ғана ырысы мен табысы мол болмақ» дейді аталмыш стратегияда. Ал, депутаттарымыздың кейбірі айдың-күннің аманында осылайша ала тайдай бүлініп жүр. Елбасы ел болайық дейді, ал Райымбектер… «Біреуге бас қайғы, біреуге мал қайғы» деген осы шығар…

Гүлжамал МҰСАЕВА