«ІШКІ САЯСАТЫ МЫҚТЫ МЕМЛЕКЕТТІҢ ІРГЕСІ БЕРІК БОЛАРЫ АНЫҚ»

292
1
Гүлмира Тағаева, ОҚО ішкі саясат басқармасының бастығы:

Гүлмира Тағаева, ОҚО ішкі саясат басқармасының бастығы:

Қазіргі таңда ешнәрсеге таңқалуға болмайды. Осыдан 50 жыл бұрынғы тіршілік пен бүгінгі заманды алып қарасақ, арасы жер мен көктей. Атам қазақ «Елу жылда ел жаңа» деп бекер айтпаса керек. Бұдан жарты ғасырдай бұрын туылғандар да дәл қазір өздері өмірге келген Кеңес одағы үшін емес, Тәуелсіз Қазақстанның мүддесі үшін еңбек етуде. Ерді танытатын еңбегі десек те, ерлермен тең дәрежеде нар жүгін көтерер әйелдер ше? Олардың елге сіңірген еңбегін кім ескермек? Дұрыс, мемлекетіміз іскер әйелдердің елге қосып жатқан үлесін үнемі ескерумен келеді, қолдап, қуаттайды. Көтере алар шоқпарды белдеріне байлаған қаншама нәзік жандылар бүгінде биік лауазым иелері, басшылық органдарда абыройлы қызмет етуде. Сондай жандардың қатарына біз Гүлмира Тағаеваны қоссақ, мұнымызға көпшілік ренжи қоймас. Гүлмира Тағаева кім? Ол – Оңтүстік Қазақстан облыстық ішкі саясат басқармасының бастығы әрі отбасының ұйытқысы, бақытты ана. Ендеше, оқырман қауымға оның өмір жолы, еңбектегі жетістіктері, алға қойған міндеттері тұрғысында баяндап, екеуара болған сұхбатты ұсынамыз.– Гүлмира Жапбарқызы, әңгімеміздің әлқиссасын өзіңіздің өмір жолыңыздан бастасақ. Туып-өскен жеріңіз, отбасыңыз, білім алған орныңыз, жалпы жастық шаққа сәл шегініс жасап көрсеңіз…

– Мен 1966 жылғы сәуірдің 20-ы күні Оңтүстік Қазақстан облысы, Шардара ауданы, Коммунар ауылында дүниеге келіппін. Барлық балаға тән балалық шағым шалғайдағы қазақы ауылда өтті. Көпбалалы шаңырақта өскендіктен бе, әлде ата-ананың тәрбиесі солай болды ма, зеректеу өскенім рас. Оның үстіне, не нәрсенің де қадірі болатынын, ата-ананың рөлін, ағайын-туыстың жақындығын ерте сезіндім. Өнерлігім мен көпшілдігім де ауылда өскендігімнің бір белгісі. Маған жарық дүние сыйлаған, өміріме қажет рухани азық пен тәлім-тәрбие берген ата-анама мың алғыс. Мен ол кісілердің алдындағы қарызым мен парызымды өле-өлгенше ұмытпаймын, ақтап өтуге тырысарым анық.
Мектептен соң Ташкент қаласындағы Ауылшаруашылық институтына түсіп, оны 1989 жылы бітіріп шықтым. Оған дейін Сарыағаш ауданаралық «Сельхозтехника» базасында жұмыс істегенмін. Ал, алғашқы еңбек жолымды Сарыағаш ауданаралық ауылшаруашылығын құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету базасының кадр бойынша инспекторынан бастадым. Біршама тәжірибе жинақтадым, көпшілікпен араластым, ысылдым. Әйел баласына ауылшаруашылығы саласында еңбек ету ауырлау тиетінін түсініп жүретінмін. Осы аралықта қосымша мамандық алу мақсатында Академиялық инновациялық университетті тәмамдап, мемлекеттік және жергілікті басқару бакалавры бойынша екінші мамандық иесі атандым. 1999 жылдан бастап мемлекеттік қызметтемін. Алғаш Сарыағаш ауданы әкімі аппараты жалпы бөлімінің меңгерушісі болсам, келесі жылы аудандық экономика бөлімінің бас маманы болдым. Бір орнымда ұзағырақ істегенім, ол – Сарыағаш аудандық кәсіпкерлікті қолдау және дамыту бөлімінің меңгерушісі болғаным. Бұл 2000-2005 жылдар аралығы еді. Аудан әкімі аппараты әкімшілік бөлімінің және экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің меңгерушісі болып істеген жылдарым нағыз толысу, тәжірибе жинақтау кезеңдерім болғаны анық. Біліктілігім мен біліміме, іскерлігім мен тәжірибеме сенгендігі болар, сол кездегі облыс әкімі Қазығұрт ауданы әкімінің орынбасары етіп бекітуге келісім беруі мен үшін биік шыңды бағындыруға берілген мүмкіндік екенін ұқтым. Бұл жұмысқа жеті жыл жегілсем де өкінбеймін. Себебі, менің қазіргі жұмысымды тез игеріп кетуіме көп септігін тигізгені рас.

– Сіздің жүріп өткен жолыңыз талайға қызықты деп ойлаймыз. Себебі, қарапайым жұмысшыдан осындай жетістікке жету екінің бірінің қолынан келе бермейтіні анық. Жетістіктің шыңына жетелеген қандай күш деп ойлайсыз?

– Адам баласы белгілі бір жетістікке жету үшін алдына үлкен мақсат қояды. Бақ біреуге тауып қонады, біреуге тайып қонады. Сол себепті, жетістікке жету – не болса да тапжылмай еңбек ету деп ойлаймын. Адамда ішкі ынтасы, мақсаты, еңбекке деген сүйіспеншілігі болмаса ол өз ісінің жемісін көре алмайды. Биік шыңды тек білсем, көрсем, жетілсем екен деп үнемі ізденісте жүретін адам ғана бағындыра алады. Мен де бір кездері еңбек жолымның белесі дәл бүгінгідей арнаға түседі деп ойлаған емеспін. Бұл – бір. Екіншіден, еңбегімнің бар ауыртпалығын, қуанышы мен қызығын бірге көтеріп жүрген әріптестеріңе арқа сүйеген де жөн, ел басқарған ағалардың ақыл-кеңестеріне құлақ түріп, білмегеніңді білуге ұмтылғанның да артықшылығы болатындығына көзім жетті. Эзоп айтқандай: «Еңбек ете білудің өзі — байлық». Мен тек басшы ретінде ғана емес, жалпы адам ретінде шыншылдық пен еңбекқорлық қасиеттерді жоғары бағалаймын. Жауапкершілік болмаса, істің бәрі бос. Өз мамандығыңды қадірлемесең, жетістікке де жетуің екіталай.

– Облыстық ішкі саясат басқармасын басқару тізгінін қолға алғаныңызға да жылға жуық уақыт болыпты. Не көріп, не білдіңіз? Ішкі саясат деген – мемлекеттің еңбір нәзік пернесі, бірақ жұмысы ауқымды. Әйел адамға салмағы басым саланы басқару қаншалықты қиын екенін сезіне білдіңіз бе?

– «Алладан басқа ешкімнен қорықпа! Ашылмайтын есік жоқ. Белгілі бір істі қолға алсаң еш қорықпастан, соның жолына түсуің керек. Егер үрейің басым болса, ол істі бастамағаның жөн». Менің ұстанымым осы. Менің алдымдағы осы саланы басқарған кез-келген азаматтың осында өзіндік қолтаңбалары қалды. Әр басшының басшылық жасаудағы әдісі мен тәсілі бар дегенмен, сала жұмысының арнасы бір. Осы арнаны қалпында ұстап, өзге жаққа бұрып жібермей, барлығын рет-ретімен шешіп отыру сала жетекшісінің тікелей міндеті.
Оңтүстік Қазақстан еліміздегі халқы көп, өндірістік дамуы жоғары аймақ. Мұндай облыстың ішкі тұрақтылығын қалыпты жағдайда ұстап тұру оңай еместігі түсінікті. 2,650.000 халықтың миллионға жуығы жастар. Оларға бағыт-бағдар беру, кәсіби біліктіліктерін арттыру, қоғамдық жұмыстарға тарту, жұмыспен қамтамасыз ету керек. Рас, бұл жөнінде мемлекеттік бағдарламалар бар, облыс әкімінің тапсырмалары бар, басқарманың бекітілген іс-жоспары бар, қолымыздан келгенше жастарды жерге қаратпауға, оларға барынша жағдай жасауға тырысып бағамыз. Облыс бойынша 16 жастар орталығы, 72 жастар ұйымы жұмыс істейді. «Бизнестің жол картасы – 2020», «Жұмыспен қамту — 2020», «Дипломмен ауылға» бағдарламалары негізінде қолға алынған жетістіктеріміз де жетерлік. «Еліміздің болашағы — жастар» екенін жиі айтқаннан гөрі, нақты істеріміз арқылы сөзімізді дәлелдеуіміз керек. Сондай-ақ облысымызда түрлі бағыттағы 925 ұйым жұмыс жасаса, оның 425-і үкіметтік емес ұйымдар. Олардың қай-қайсысы болмасын, өңіріміздің ғана емес, Қазақстанның өсіп-өркендеуі жолында еңбектеніп жатқандары рас. Тағы бір айтарым, осыдан бір жыл бұрын еліміздегі тұңғыш «Әлеуметтік зерттеу орталығы» біздің облыста ашылды. Мұның тиімділігі сол, аудан, қалалардағы жағдайдың тұрақтылығы, қалыптасуы мүмкін тұрақсыздық, оның алдын алу жолдары ұдайы назарымызда болатындығы. Бұдан бөлек, Оңтүстік өңірден жарық көретін 180 газет, 9 телеарна, 3 радио да халыққа қызмет көрсетіп, облыстағы атқарылып жатқан іргелі істерімізді елге жеткізіп отырады. Әрине, жұмыс жүрген жерде кемшіліктің де болатыны жасырын емес. Қасыбір басылымдар кінәлі тұлғаларды сынап та жатады. Оларға «бұларың жөн емес» деп айту дұрыс емес. Бірақ факті шынайы, шындыққа сәйкес болғаны жөн. Қоғам дамуының бір тетігі де сынға қатысты. Адам болған соң қателесуі, кемшілік жіберуі қалай заңды құбылыс болса, оны түзеуге шақырған журналистің де сын айтуы орынды. Оған бола шала бүлініп, журналисті жүндей түтіп жібере жаздау орынсыз.
Халықтың рухани дамуының бір жолы – әдебиет. Әдеби дүниелерді оқу арқылы адам қалыптасады, жан-жағын барлайды, көкірегі мен санасы оянады. Облыстағы 500-ден астам елді мекендерде кітапхана, оларда бай кітап қорлары бар. Көпшілік, әсіресе жастар шетелдік атыс-шабыс, зорлық-зомбылық сипаттағы фильмдерді көре бергенше. бір мезгіл кітапханаға барып, рухани құндылықтарымызбен қауышқандарын жөн көремін. Бұл тұрғыда да атқарылған ауқымды тірліктеріміз көп. Түрлі спорттық шаралар, турнирлер өткізуде де алдымызға қойған мақсат бар. Бұл біріншіден, халықты салауатты өмірге қалыптастыру болса, екіншіден, жастардың бос уақыттарының тиімді өтуіне, ой-өрістерінің кеңеюіне, жат әдеттерден бойларын алшақ ұстауына апарар жол. Жалпы, бізде ішкі саясат мықты болса ғана, еліміздің ішкі, сыртқы саясаты қалыптан айнымай, іргеміздің берік, түтініміздің түзу ұшары анық. Ізденістің, күнделікті жүйелі жұмыстың, көпшілікпен ортақ мәмілеге келуіміздің арқасында Құдайға шүкір, Оңтүстікте бұл саланың өзіндік орны, мақтан тұтар істері бар.

– Алдымызда еліміздің бірден-бір ұлық тұтар ұлы мерекесі – Тәуелсіздік күні тұр. Қазақ елімен дамудың оң жолына түскен, жиырма бір жылды еңсерген Қазақстанның жетістігіне қандай баға бересіз?

– Оң баға беремін. Салыстырмалы түрде алып қарағанда, кешегі мен бүгіннің айырмасы жер мен көктей. Кешегі Қазақ елі мен бүгінгі Тәуелсіз мемлекетімізді өзіңіз салыстырып көріңізші. Кеше қандай едік, бүгін қандаймыз! Еліміз үнемі өсіп-өркендеу жолында келеді. Мемлекетті аяқтан тұрғызып, оны өркениетті елдермен терезесін тең ету дәрежесіне жеткізу жолында Елбасының ұшан-теңіз еңбегін, қажыр-қайратын орынды бағалауымыз керек. Бұл жолда бәріміз де жұмылдық. «Көппен көтерген жүк жеңіл» десек те, бүгінгідей дәрежеге жету үшін, рас, жеңіл болған жоқ. Елбасымыздың арқасында бүгінгі Қазақстанды әлем таныды, Қазақстан өзін әлемге танытты. Қоғамның ұйытқысы – халық. Халықтың жағдайы жақсы, әлеуметтік мәселелері шешілген, жастар жаппай білімге бас ұрған, ішкі-сыртқы тұрақтылық қалыпты, экономика айтарлықтай дамуда. Басқа не керек? Бізге керегі – ата-бабаларымыз армандап өткен Тәуелсіздігімізге сызат түсірмеу, жұмыла кірісіп, Қазақ елінің абыройын аспандату. Осы жолда жандарын қиған боздақтарға бас иіп, өзіміз үшін, келер ұрпақ үшін аянбай еңбек ету. Кез-келген мемлекет үшін, азаттыққа қол жеткізуді армандап жүрген ел үшін ең құндысы – Тәуелсіздік. Сол үшін де біз тәуелсіздігіміздің қадірін біліп, қасиетін түсірмеуге тиіспіз.

– Қазақ жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған халық. Сол үрдіс бүгінде әдірем қалып, жетімдер үйі жәутеңкөз сәбилерге толы. Оны айтасыз, өздерін өмірге әкелген ата-аналарын Қарттар үйіне тапсырып жатқан қандастарды көргенде, намыстан жарылып кетуге шақ қаламыз. Бұл – қоғам дерті ме, әлде біздің ұлттық рухымыздың күйреуі ме?

– Рас, мұндай қатыгездік біздің ұлтқа тән емес көрініс еді. Меніңше, мұның басты себебі тәрбиеден болса керек. Жетімдер үйіндегі балалардың басым бөлігі ата-ана құқығынан айырылған маскүнемдер мен нашақорлардан, түрмеге түскен қылмыскерлерден болса, енді бір бөлігі күйеуге тимей, аяғы ауырлаған қыздардың еншісінде. Жеңіл жүрісті кәсіп еткендердің де үлестері бар. Олардың мұндай қадамға баруларына, біріншіден – ата-аналары, мектептердегі осалдаған тәрбие кінәлі болса, екіншіден – қоғам да, біз де кінәліміз. Қазіргі қоғамның ең бір осал тұсы – жастар арасында темекі мен ішімдіктің басым болуы. Біздің мемлекетіміздің ертеңгі болашағы деп үлкен сенім артып отырған ұл-қыздарымыздың мұндай зиянды әрекетке бой үйретуі – өте қорқынышты әрі ұлтты мақұрымға әкеліп тіреуі мүмкін. Сондықтан, жастарымыздың сана-сезімдері оянып, жан саулығы мен тән саулығын сақтай білсе ғана, жоғарыдағыдай келеңсіздіктер мен ұлттық қасіретке бастар жолға тоқтам болар еді. Бұл мақсатта, әрине, мемлекетіміз де, басқа да құзырлы органдар қамсыз отырған жоқ, әрекеттенуде. Дегенмен, адамның өзіндегі санаға да байланысты.
Кешегі күнге дейін Қарттар үйін білмей өскен қазақтың тағы бір қасіреті – ата-анасынан бас тартып, қартайған шағында далаға лақтырып тастайтын жетесіз ұл мен қыздың тірлігі. Кім кінәлі? Ауызға тағы да ата-ана мен бала түседі. «Еркетотай» ұл мен қыз қалағандарына қол жеткізіп, тым әздек болып өскендіктен, не ішем, не кием демейтін жағдайға жеткізген ата-анасын керек қылмай, қарттар үйіне өткізіп жатса, кімге өкпелейміз? Өзі толып, өзі болған ұл-қызға ата-ананың «қиқуынан» гөрі, құлақтың тыныштығы керек. Көпбалалы отбасылардан мұндай жаға ұстатар жайсыздық шыға қоюы екіталай. Олар бауырмал, көпшіл әрі мейірімді болып өседі.
Ата-анаға керек емес балалар, балаға керек емес ата-аналар оларға керек болмағанымен, мемлекет оларды лақтырып тастамайды. Бар қажеттіні алдарына тосып, ешнәрседен тарықтырмауға тырысады. Түсінемін, бәрібір оларға ата-ананың, баланың махаббаты керек, амал қанша! Қандай қайырымдылық жасасақ та, олардың қамкөңіл жүректері жаралы, ауыр-ақ!

– Қайырымдылық демекші, сіз үшін бұл қандай ұғым? Өзіңізді қайырымды істердің басы-қасында көп жүретіндіктен сұрап жатқаным ғой…

– Қайырымдылық жасау – қазақтың қанында бар қасиет. Қайырымды тірліктермен тек қалталы азаматтар айналысады деген ұғым қате. Әр адам өз бетінше қайырымды әрекетпен шұғылданғаны жөн. Кейде көпшілік қайырымдылықты ақша беру, сый-сияпат жасау деп түсінеді. Дұрыс шығар, бірақ олар бір күндік қана. Жылы сөзіңмен, аялы алақаныңмен, ілкімді істеріңмен де қайырымдылық жасауға болады. «Бір жетімнің басынан сипасаң, көктегі қырық періште күліп қарайды» демекші, қайырымдылықтың сауабы мол. Мұндай іске өзім үлкен жүректілікпен қараймын. Қолыңнан келгенше мұқтаж жандарға көмек бер, жылағанды жұбатып, сүрінгенді сүйе. Мұның бәрі қайырымдылыққа жатады. Сонан кейін, істеген ісіңді міндетсінбе, мақтанба, жарнамалама. Айналаңа қарашы, өзіңнің көмегіңе мұқтаж жандарды көрдің бе? Қолыңнан келіп тұрса, көмектес. Қайырымдылық жүрген жерде сыйластық, мейірімділік, сүйіспеншілік қоса жүретіні анық. Қасиетті Құран кітабымызда да қайырымдылық жасау туралы көп айтылғандықтан, иісі мұсылман қауым бұндай игі істен шет қалмауы тиіс деп ойлаймын.

– Гүлмира Жапбарқызы, облыс әкімі Асқар Мырзахметов сізді осы жауапты қызметке тағайындарда неге сүйенді деп ойлайсыз? Жалпы, ол кісіге деген қөзқарасыңыз қалай?

– Жеті жыл Сарыағаш ауданында, осынша мерзім Қазығұрт ауданында жұмыс істеген менің тәжірибем мен біліктілігіме сенгендіктен болар. Қазығұрт ауданында тікелей әлеуметтік саласына жетекшілік етіп, бұл саланың сырына қанық едім. Мұным да ескерілген шығар деп олаймын. Жер басып жүрген пенденің бәрі өзін қоғамға керекті сезінеді. Сезінгені былай тұрсын, «дүниеге кетігін тауып, кірпіш болып қаланғысы» келіп, осынау арман оны асқаралы мұраттарға жетелейтіні анық. Жігерлендіреді, шабыттандырады, тынымсыз алға жетелейді. Бұл тұстағы басты мақсатың ішкі түйсігің, өзіңді керек адам ретінде рухани түлеуің, осы арқылы ілгері қарай ізденуің, адами болмыстың биік шыңына көтеріліп, енді төмен құлдиламаудың жолдарын іздестірудің, өзіңді әркез жаңа қырыңнан ашуға ұмтылуың болып табылады.
Асқар Исабекұлын сыйлаймын, ол кісінің іскерлік беделі мен басқарушылық қабілетіне қызығамын. Артық – ауыз сөзі жоқ, нағыз істің адамы. Атқарған жұмыстары да ауқымды. Оңтүстікте өркен жайған әлеуметтік нысандар мен өндіріс орындары сол кісімен тікелей байланысты. Облыс әкімі ішкі саясат басқармасының жұмыс істеуіне барлық жағдай жасап отыр, бағыт-бағдар береді. Алдағы жылы жаңа жұмыс жоспарымызбен бұл салаға барынша басымдық берілмек. Еңбек – өтелуі шарт. Әр сөзді нақты істерге жұмсау керек. Сонда ғана еткен еңбегіңнің жемісін көресің.

– Оңтүстікті қазақтың қаймағы бұзылмаған өлке деп, ерекшелеп жатамыз. Алайда, бізде ұлттық салт-дәстүр, мемлекеттік тілдің қолданылуы аясы өз деңгейінде дегенге келісесіз бе?

– Әр ұлттың өзіне тән ерекшелігі болады. Халқымызда «Алты жыл аш болсаң да, атаңның салтын ұмытпа» деген ұлағатты сөз бар. Біздің дәстүр – біздің мақтаныш. Ұлтымыздың салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы Оңтүстікте өз деңгейінде дегенге келісемін. Ал, мемлекеттік тілге келсек бұл жөнінде, рас, кемшін түсер тұстарымыз көп. Бірақ, өзге өңірлерге қарағанда, бізде ілгерілеушілік бар. Тіл – елдіктің киелі де қастерлі нышаны. Заманында билік, басқару төрінен ығыстырылып, бір ауық тәуелсіздігінен ажыраған ұлттың шектеулі, күнделікті қарым-қатынас құралының шегіне дейін құлдыраған ана тіліміз тәуелсіздігіміздің арқасында мемлекеттік мәртебеге ие болып, биік тұғырына көтерілді. Елбасының биылғы Жолдауында: «Қазақ тілі, біздің мемлекеттік тіліміз өсіп-өркендеп келеді. 2020 жылға қарай мемлекеттік тілді меңгергендердің қатары 95 пайызға дейін жететін болады», — дегені бар. Оның үстіне жақында Үкімет басшысы Серік Ахметов үкіметтік жиындарды қазақ тілінде өткізуге тапсырма берді. Демек, қазақ тілінің болашағы бар, «қараң қалды» деп қайғыруға негіз жоқ деп есептеймін.

– Бос уақытыңызда немен айналысқанды тәуір көресіз?

– Мемлекеттік қызметте жүргелі бос уақыт менде тапшы. Кейде демалыс күндерінің өзінде қоғамдық жұмыстар, келелі кездесулерге қатысуыма тура келеді. Бос уақыт бола қалған күннің өзінде отбасы, ошақ қасы, бала тәрбиесі, ағайын-туыстың көңілдерін сұраудан әріге аспайды. Әдеби кітап оқуға құштармын. Жаның сергіп, рухани белсенділігің жоғарылайды. Табиғат аясына шығып, бір мезгіл бой жазғанға да кет әрі емеспін. Театрға барып, керемет әсер алғанға не жетсін! Күнделікті күйбең тірліктер адамды шаршатады, демалған да дұрыс.

– Бұқаралық ақпарат құралдары – саясатың басты «қаруы». Өздерін «Төртінші билікпіз» деп есептейтін журналистермен бірге жұмыс жүргізу сізге ауыр емес пе? Қанша айтқанмен нәзікжандысыз ғой.

– Мен нәзікжанды болсам, журналистердің де жүректері нәзік. Бір-бірімізді түсінісуге тырысамыз. Мен ойлаймын, журналист деген мәртебелі мамандық иесі. Ол өз саласының аумағынан тыс, қаласа дәрігер де, мұғалім де, экономист те, әкім де бола алады. Кез-келген салаға қатысты тақырыпты қаузап, жаза берген соң өзі де сол салаға бейімделіп, маман болып қалыптасқандарын білмей қалады. Халқымыздың реформаторы Ахмет Байтұрсынов: «Газет – халықтың тілі, көзі һәм құлағы» — деген. Біз де осы қанатты сөздің арнасында ел тынысын, хал-жағдайын күйттеп, керек жерінде жорналшыларға қолдау көрсетуге тырысамыз. Рас, «жегендері – жантақ, арқалағандары — алтын» журналистердің басым көпшілігі әлеуметтік мұқтаждықтарға шыдамай, басқа салаға кетіп жатады. Біздің басқармада БАҚ өкілдерімен жұмыс жүргізетін бөлім бар. Әрбір басылымда жарияланған дүниелерді талдап, талқылап отырады. Алдағы кезде БАҚ өкілдерінің біліктіліктерін көтеру үшін Алматы, Астана қалаларына жіберіп отыру, келесі жылдан бастап әр тоқсанда облыс журналистерін сырттан маман шақырып оқытуды жоспарлап отырмыз. Материалдық жағдайларына да назар аударып, әлеуметтік мәселелерін шешуге ниеттіміз.

– Сіздің қауырт жұмысыңызды бір сәт ысырып, «Уақытқа» уақыт бөлгеніңізге шынайы алғысымызды білдіріп, басқарма жұмысын өрге сүйрей беруіңізге тілектеспіз. Бастаған ісіңіз баянды болғай!

– Рахмет!

Сіз не дейсіз?

Жеңісбек МӘУЛЕНҚҰЛОВ, ОҚО Ардагерлер кеңесінің төрағасы:

Жеңісбек МӘУЛЕНҚҰЛОВ, ОҚО Ардагерлер кеңесінің төрағасы:

–    Гүлмира қызымның еңбекқорлығы мен алғырлығына шәк жоқ. Талапшылдығы мен турашылдығы да бір басына жетерлік. Заты әйел болса да, онша-мұнша ер-азаматтың қолынан келе бермес тірлікті атқарып жүр. Барынша кішіпейіл. Бауырмашылығы тағы бар. Жүрегі мейірімге толы мұндай басшыдан тек жақсылық күтуге болады. Оның Сарыағашта, Қазығұртта еңбек еткендігін, өзіне қандай сала тапсырылса да, тез игеріп кететінін білемін. Енді облыстағы бірден-бір жауапты сала, ішкі саясат басқармасына басшылық жасауда. Бұл лауазымды қызметтің тізгінін ұстағанына сегіз ай болса да, қолға алған істері ауқымды. Келгелі артынан сөз ерген жоқ, арық айтып, семіз шығуға талпынады. Халықтың жағдайын терең білетін Гүлмирадай білікті мамандар көп болса, облыстың әлеуметтік дамуы мен көрсеткіші әлдеқайда жоғарылай түсері анық. Біз мұндай кадрларды қолдап, тиісті жерінде көтермелеп жүруге тиіспіз. Бейнеттен қашпайтын, ізгі істерге бастайтын Гүлмира қызымыздың еңбегіне сәттілік тілейік. Болашағы зор. Әлі талай биіктерді бағындыратынына сенімім мол.

Сіз не дейсіз?

Ханбибі ЕСЕНҚАРАҚЫЗЫ, ақын, «Парасат» орденінің иегері:

Ханбибі ЕСЕНҚАРАҚЫЗЫ, ақын, «Парасат» орденінің иегері:

–    Гүлмираның басқарған саласының жүгі салмақтылау. Қай жерде жүрсе де, халықтың сенімін ақтап жүрген оған облыс басшыларының таңдауы бекер түскен жоқ. Оған сенді, сенгендіктен осы саланың тізгінін ұстатты. Іскерлік, адамгершілік қасиеттері өзінің болмысына жарасып жүретін Гүлмира Жапбарқызына қашанда тілеулеспін. Сөзі мен ісі үнемі қабысып жататын, артық сөзі, құрғақ уәдесі жоқ оның бір шаруаны қолына алса, соңына дейін жеткізбей тынбайтын қайсарлығын да білуші едім. Кез-келген мәселеге терең үңіліп, байыппен шешуге тырысады, қызбалыққа да салынбайды. Бойында қазақ қызына тән ұлттық рух, бітім-болмыс, ибалылық пен мәдениеттілік бар. Мемлекеттік қызметтің міндеті ауыр да жауапты. Оған мойып немесе болдырып жүрген Гүлмираны көрмейсіз. Қашан қарасаң, үлкенді-кішілі тірліктердің басы-қасында жүргені. Ұйымдастырушылық қабілеті зор. Халқымыз мұндай қыздарымен мақтанса әбден жарасады. Өз басым Гүлмира Жапбарқызына сенемін, бағалаймын.

Сіз не дейсіз?

Момбек ӘБДӘКІМҰЛЫ, жазушы:

Момбек ӘБДӘКІМҰЛЫ, жазушы:

–    Қазақта «Адамның сыртқы келбеті – ішкі дүниесінің сыры» деген сөз бар. Осыған сайсақ, Гүлмира Жапбарқызы сыртқы сұлу келбетімен қатар ішкі дүниесі де кең әлем. Ішкі дүние дегенді әркім әрқалай түсінуі ықтимал. Ал менің бұл ретте Гүлмираның ішкі дүниесіндегі мол рухани байлығын айтқым келіп отыр. Жастайынан көзге түсіп, жұрттан оқшау көрінген ол, әлбетте, білімі мен парасаты жеткілікті адам. Осы қасиеттерінің арқасында ғой, оның осыншама биікке көтеріліп жүргені. Интеллект қуаты зор, сөзге шешен, әрі кез-келген адаммен тіл табысып сөйлесе алатын Гүлмираның бойында басшылыққа лайық қасиет бар. Мен оның осындай ерекшеліктерін ұққандықтан, оған әрдайым биік-биік белестер мен табыстар тілеймін. Сіз не дейсіз?