«АКБАРОВ» ҚАШАНҒЫ АСЫЛЫП тұра береді?!

400
0

Акбаров фотосыШымкентте көпшілік онша біле бермейтін «Жастық» атты шағын ғана көше бар. Бұл көше қаладағы темір жол вокзалына таяу жерде, Қабанбай батыр даңғылымен қапталдаса жатыр. «Жастыққа» жолымыз жиі түспесе де, анда-санда сол маңайдан өте қалатынымыз бар. Сондай сәттердің бірінде мына бір келеңсіздікті байқап қалып «Әттеген-ай!» дедік.
Бұдан бірнеше жыл бұрын елімізде облыстық, қалалық, аудандық мәслихаттардың депутаттарын сайлау науқаны өткізілгені белгілі. Сонда үміткерлердің қызылды-жасылды сансыз үнпарақтары Шымкенттің де әр бұрышына қаптата жапсырылып, жабыспайтын жерлерге амалын тауып ілгізіп тасталған еді. Сондай үнпарақтардың бірі — яғни, Шымкент қаласының №8 сайлау округінен облыстық мәслихаттың депутаттығына үміткер болған Бауыржан Акбаров мырзаның жарнамасы дәл осы «Жастық» көшесінің төбесіне ілінген екен. Сол сайлаудан бері неше жаз, неше қыс өтті. Сайланғандар сайланып, сайланбағандар «майланып», жай-жайын тауып кетті. Ал олардың кейбірінің сол додада жалауша желбіретіп ілдіріп қойған «жарнамалары» әлі күнге дейін бәз-баяғы орнында түте-түтесі шығып, Алдаркөсенің жыртық шапанындай жалбырап, Шымкент көшелерінің онсыз да күл-қоқысқа толы көшелерін одан әрмен «әрлендіріп» тұр. Кезінде сол бір жапырақ қағазды соншалықты биікке ілуге уақыт тапқандар енді сайлау өтіп кеткесін оны алдырып тастай салуға неліктен аз ғана уақыт таба алмады екен?! Әлде өз бейнесінің осылайша қырық жерінен жыртылып, жарқанатша жалбырап тұра бергені үміткер мырзамыздың өзіне соншалықты ұнамды көріне ме?! Ал ары-бері өтіп жатқан қала тұрғындары мен қонақтары үшін бұл көріністің өте жағымсыз әсер тудырып тұрғаны сөзсіз.
Ендеше, «Мөлдір» дүкенінің жанында неше жылдан бері жалбырап, асылып тұрған «Акбаровты» төменге түсіріп алатын кім бар екен?! Бәлкім, бұған қалалық әкімдіктің тиісті бөлімі көңіл аударар.

Қошқар ҚАЛЫБАЙ