ҚАРАЛАУ ҚАШАНҒА ДЕЙІН СОЗЫЛМАҚ, ИСМАЙЛОВ МЫРЗА?

279
0

ҚР Денсаулық сақтау министрінің назарына!

5Адамға қара күйе жағу, ғайбаттау, оның бүкіл еңбегін жоққа шығару үшін мардымсыз, мағынасыз мақала жазу кейбір газеттерге не үшін керек болғанына түсіне алмай жүрмін. Қайта бірін-бірі батырым деп, жасаған жақсылығын жалпақ жұртқа жария етудің орнына, тырнақ астынан кір іздеу, ұсақтықтың, парасатсыздықтың, пайымсыздықтың, іштарлықтың көрінісі деп айтсам, әлгі аққа қара дақ жаққан жазғыштар мені сөге қоймас. Біз неліктен жақсыны көзімізді жұмып көрмеуге тырысып, сәл ғана кемістігімізді кемеге мінгізіп, алып айдынға шығаруға құмармыз?! Адамдарға сол кісінің жасаған жақсылығының оннан біріндейін де жақсылық жасай алмайтындар, жасау қолынан келмейтіндер жұрттың көңілін алаң етіп, кереғар пікір тудырудан аулақ болса қайтеді. Біреуге кінә артып, тақырдан тау тұрғызу Ислам әлемінде Құрани Кәрімде кешірілмес күнә екендігін сол сауаты шамалы басылымдар білер ме екен? Адамға жоқ жерден жала жабудың өзі сол басылымның басшыларына қарақан басының күйкі тірлігі үшін қажет деген менің тұжырымыма көпшіліктің қолдау білдіреріне сенгім келеді.
«Уақыт» газетіне бұл ашық пікірімді арнайы жолдауымның өзіндік себебі бар. Бұл басылым ешкімнің атағына, лауазымына, беделіне қарамастан, өзінің пікірін, айтар ойын, нақты дәлелдермен келтіретіндігіне оның тұрақты оқырманы ретінде бас иемін. Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Асқар Мырзахметов жөнінде «Уақыт» газеті бір нөмерінде сын мақала жазса, келесі нөмерінде ол кісінің басшылығымен, ұсынысымен, ұйымдастыруымен атқарып жатқан жақсы жұмыстарының жайын көпке мағлұм етті. Мұның барлығына үлкен түсіністікпен қараған облыс басшысы газеттің журналисін арнайы қабылдап, көңілдегі түйіткілді ойларға байланысты ашық әңгіме айтып сұхбат берді.  Міне, баспасөздің беделі, білгірлігі, құдіреті осында болса керек. Бұл жерде басылым ешқандай екіжүзділік ұстанымын ұстанған жоқ. Қайта барды бар, жоқты жоқ деп ашық айта білді. Ол сонысымен де өзінің он мыңдаған оқырманының алдында биік беделіне дақ түсірген жоқ.
Мұқан Егізбаев жөнінде сериалды сын мақалаларды екі-үш фактінің төңірегінде ғана өрбітіп, көбігін көпіртіп келе жатқан басылымдар неге аурухананың бас дәрігерінің жақсы істерін көрмейді? Егер олардың айтқанындай, олардың жазғанындай М.Егізбаевтың бүкіл жұмысы түкке алғысыз болса, онда оны медицина басшылары не үшін ұстап отыр? Жаманды жалаулатып, жаза білген газет – жақсыны көрсете алмаса, ол – оның қыңырлығы.
Менің тағы бір түсінбейтінім — шынымен-ақ М.Егізбаевтың өзі де, ісі де түкке алғысыз болса, онда ОҚО денсаулық сақтау басқармасының бастығы Жұмағали Исмайлов барға баға беріп, таса да тығылып қалмай, айтарын неге ашық айтпайды? Әлде біреулердің айтқанындай Егізбаевтың орны басқарма басшысының басқа бір жақын таныстарына қажет болып жүр ме? Әйтпесе, Ж.Исмайловтың қара қылды қақ жаратын әділ шешімі әлдеқашан айтылуы керек еді. Соған қарағанда бұл жерде де біз түсінбейтін қызметтік ойындар жүріп жатқан секілді.
Мен бұл пікірлерімнің «Уақытта» жарық көретініне, оның батыл қадамдарға бара алатындығына сенгендіктен арнайы хат жолдап отырмын. Мен дәл осы сарындағы өзімнің түйінді ойларымды Шымкенттен шығатын «Уақытқа», Алматыдағы «Жас Алаш» пен «Трибуна» секілді салмағы мол басылымдарға да жолдап отырмын. Ел Оңтүстік өңіріндегі жатыпатар оспадарсыз әрекеттерден хабардар болсын деген ниетім бар. Облыстың бас дәрігері Ж.Исмайлов ОҚО клиникалық ауруханасының бас дәрігері М.Егізбаев жөніндегі жазылған жәйттерге басшы ретінде нүкте қоятын кез әбден жетті деп есептеймін. Олай болмаған күнде бұл басшыға деген сенімге селкеу түсіп, сенім сетінейтіні сөзсіз.

Маралбек БҰРҚАНОВ,
еңбек ардагері.
 Мақтарал ауданы