КЕПТЕЛІС МӘСЕЛЕСІ ҚАШАН ШЕШІЛЕДІ?

103
0

Шымкентте Бәйдібек би мен Арғынбеков көшелерінің қиылысында жолайрық құрылысы жүріп жатыр. Үш деңгейлі нысанның құрылыс жұмыстарын бүгін шаһар басшысы Мұрат Әйтенов бақылап, бірқатар өткір мәселелер жайын сөз етті. Сонымен қатар жолайрықтың қаладағы көлік ағынын азайту мен реттеу мәселесіне айрықша үлес қосатынын тілге тиек етті.

Қазіргі уақытта жолайырықтың Арғынбеков көшесі бойында тіреу қабырғаларын орнату және Бәйдібек би даңғылы бойында көпір өткелі конструкциясының негіздері темір-бетонды тірек конструкцияларының құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Үш деңгейлі жолайрық құрылысы 2022-2023 жылдар аралығында қаланың көлік қозғалысын реттеудің кешенді жоспарына сәйкес жүзеге асуда. Жолайырық құрылысы аяқталғанда, көлік өткізгіштік деңгейі екі есеге артпақ. Жобаның техникалық сипатына орай Бәйдібек би даңғылы бойынан 700 метр, Арғынбеков көшесі бойынан 921 метр жол аралығы құрылыс аумағына енгізілген. Жолайырықта ені 80 метрлі төрт-алты жолақты автомагистраль салынып, жол жиегіне жаяу жүргіншілер және веложол төселеді деп жоспарлануда. Қалың оқырманның жадында болса, шілдеде Бәйдібек би даңғылы бойында көлік қозғалысы тоқтатылған болатын. Ал тамыз айының аяғында көлік жүктемесін азайту мақсатында Бәйдібек би даңғылының бойымен бір бағыттағы жол солтүстікке қарай уақытша ашылған-ды. Ендігі кезекте, жұмыстарды ыңғайластыра отырып Қараша айында нөмірі 1 және нөмір 4 оң жақ өткел жолында көлік қозғалысын ашу жоспарланған. Қаладағы кептеліс мәселесін шешу мақсатында қолға алынған шаруалар мұнымен шектелмейді. Қазіргі уақытта Өтегенов көшесін ұзарту бойынша да қыруар іс атқарылып жатыр. Бүгінгі таңда жол құрылыс жұмыстары екі кезеңмен жүргізілуде. Бірінші кезең Шымкент Сити шағын ауданынан бастап Сырым батыр көшесі аралығын қамтитын болса, екінші кезең Сырым батыр көшесі мен Төлеметов көшелерінің аралығы қамттын болады. Жоспар жүзеге асса, қаладағы көліктерді қаңтарып қоятын қалың кептелістің мәселесі біршама шешімін табады.