Шымкент Астанадан кейінгі автоматтандырылған велосипед жүйесін орнатқан екінші қала

366
0


Астана және Шымкент автоматтандырылған велосипед жүйесін орнатқан әлемнің 21 қаласының қатарына кірді.
«Shymkent Bike» жобасының алғашқы станциялары қаланың орталық көшелерінде ашылды. Жалпы, 200 велосипедке шақталған 40 велостанция ашу жоспарланып отыр. Соның нәтижесінде көшедегі көлік саны азайып, экологиялық ахуал да жақсарады дейді жауапты мамандар. Бұл жүйе күн көзінен қуат алып, паркинг желісінің терминалымен жабдықталады.
«Shymkent Bike» жобасы қаладағы велоспорт пен веложол инфрақұрылымын дамытумен қатар мегаполис тұрғындарының саламатты өмір салтын ұстануға да сеп болады. Велосипедті жалға алудың автоматты желісін іске қосу қаладағы велотуризмнің дамуын жаңа сатыға көтереді.
Жалға берілетін велосипедтер авиа өндірісінде қолданылатын хромдалған болаттан жасалған. Екі дөңгелекті құрал ұрыларға мүлде тиімсіз — әр бөлшегі өзгеше жасалған және өзге велосипедтерге салуға келмейді.

Шымкенттегі ауа райын ескерген идея авторлары бұл Shymkent bike жобасы жыл бойы қала тұрғындарының игілігіне жарайды деп сенеді.
Айта кетейін, тұрғындардың қауіпсіздігін сақтау мақсатында жергілікті полиция қызметкерлеріне қосымша 40 велокарта беріледі.