МЕДИАЦИЯ ІСІН ІЛГЕРІЛЕТУГЕ АРНАЛҒАН СЕМИНАР ӨТТІ
Бүгін облыстық «Қоғамдық келісім» КММ-де ОҚО Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен «Дауларды, тартыстарды шешудегі медиация негізі. Міндетті сотқа дейінгі реттеу» тақырыбында практикалық семинар өтті.
Семинарға судьялар, құқық қорғау орындарының өкілдері, кәсіби және кәсіби емес медиаторлар, аудан, қала әкімдіктерінің медиация ісіне жауапты мамандары қатысты.
Жиынды облыстық ассамблея хатшылығының бас инспекторы Бақытжан Полатов ашып, жүргізді.
— Мемлекет басшысы Қазақстан халқы Ассамблеясының XXIV сессиясында даулы мәселелерді сотқа дейінгі тәртіппен шешетін медиаторлар желісін дамытуды ассамблеяға жүктеген болатын. Бұл бағытта облыстық сотпен, әділет департаментімен, нотариаттық палатамен және адвокаттар алқасымен түзілген өзара іс-қимыл жөніндегі меморандум аясында ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Елімізде «Медиация туралы» заңның қабылдануы, өркениет көшіне бет түзеген батыл қадамдардың жасалуы біздің қоғамымызда оң өзгерістердің жүзеге асырылып жатқандығының айқын көрінісі. Медиация институтын дамыту — қазақ халқының дәстүрлі билер мен ата-бабалар тағылымын, әдет-ғұрып тәжірибесін қалпына келтіруге жасалған игі қадамдардың бірі, — деді өз сөзінде Бақытжан Полатов.
Басқосуда облыстық соттың татуласу рәсімі бойынша үйлестіруші-судьясы Нұрлан Биболов, «Қазақстан Медиаторлар Ассоциациясы» заңды тұлғалар қауымдастығының директоры Жандильда Жакупов сөз сөйлеп, өңірімізде медиация ісін ілгерілету бағытында атқарылып жатқан жұмыстар мен кездесіп отырған мәселелерді ортаға салды.