ЖАЗҒАНДАРЫҢЫЗДАН ЖАЗАТЫНДАРЫҢЫЗ КӨП БОЛСЫН

272
0

Үш жүздің басын қосқан таулы Ордабасы өңірінде кесек-кесек үш тақырыпты арқау еткен халықаралық деңгейде айтыс өтті. Нақтырақ айтар болсақ, Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 25, «Ордабасы оттары» газетіне – 80, Қажымұқан Мұңайтпасұлының туылғанына 145 жыл атты тақырыптар ақындардың шабытына қозғау салды.

«Ордабасы оттары» газеті айтар сөзді бағамдар тұста құрылып, ешбір толқынды тосқауылдарда мүдірмей 80 жыл бойы тікесінен тік тұрып, биік тұғырынан айнымады. Осы орайда, облыстан арнайы келіп, айтысты ашқан Ұласбек Сәдібеков әкімнің алғысы мен құттықтауын халықтың көрер көзі, естір құлағы болып, шынайы ақпараттан хабардар қылудан жалықпай келе жатқан «Ордабасы оттары» газетінің ұжымына табыстады. Сондай-ақ, Ұласбек мырза:

-80 жасқа толып отырған ата газеттің өзіндік принціпін қалыптастыруда көп күш жұмсаған Нармахан Бегалиев мырзаға, көтерілген биігін төмендетпеген Ғалымжан Зиябекке алғысым шексіз. «Ордабасы оттары» қоғамның сан қырлы саласын қамтып, халыққа нақты ақпарат жеткізуде қомақты үлес қосып келе жатыр. Ендеше, жердегі жүгіріп жүрген әдебиеттің өкілдеріне қаламдарыңыз ұштала берсін. Жазғандарыңыздан жазатындарыңыз көп болсын, — деп тілегін қоса жолдады.

Айтыстың халықаралық деңгейде өтуіне ұйытқы болған Ордабасы ауданының әкімі Алмасбек Мамытбеков. Ал, Жасұлан Әбдіқалықов, Кермек Ниязов, Бақтияр Тайжанов, Маржан Есжанова, Базаркүл Қалбырова сынды марқасқалар төраға болған айтысқа республикаға танымал Нұрлан Есенқұлов, Анар Жаппарқұлова, Жарқынбек Наушабеков, Біржан Байтуов, Қажымұқан Абзалов, Карима Оралова және Өзбекістаннан арнайы келген Құлмахан Дүйсенов,Талғат Орынбеков атты ақындар қатысты. Бұл айтыстың бұрынғы айтыстардан ерекшелігі ақындар Ордабасы ауданында поэзия, әдебиет саласында еңбек еткен тұлғалардың атындағы жүлделерді иемденді. Арнайы жүлделерді айтысқа қосымша демеушілер ұсынды. Нақтырақ айтар болсақ, «Көпбай Омарұлы» атындағы жүлдеге облыс мәслихатының депутаты Қасымбай мырза, «Майлықожа атындағы» жүлдеге аудандық мәслихаттың депутаты Жұмабеков. М. «Бердуәлі Тұрмағанбетов» атындағы жүлдеге Бердуәліұлы Сұңқар, «Елшібек Мұртазаұлы» атындағы жүлдеге Жұбай, «Дүйсенхан Бақытов» атындағы жүлдеге Әсет Әссәнди, «Әбілдә Аймақ» атындағы жүлдеге Медеу Сағымбеков, Сондай-ақ, «Қажымұқан Мұңайтпасұлы» атындағы жүлдеге Сағынғали Әбубакіров демеуші болды. Ал, бас жүлде есебіндегі марапат аудан әкімінің жүлдесі болып табылды. Екі күнді қамтыған дүбірлі айтыста суырылып алға шыққан Карима Ораловаға аудан әкімінің арнайы сыйлығы бұйырды.

Айтыс соңында Ордабасы ауданының әкімі Алмасбек Мамытбеков сөз алып, жұртшылықты айтулы мерекелермен құттықтап, «Ордабасы Оттары» газетін 50 жылдан астам уақыт басқарған Нармахан мырзаға қазақтың дәстүрлі салтымен шапан жауып, ел алдында алғысын жеткізді. Торқалы той көпшіліктің басын қосқан кешкі аспен жалғасын тапты.

Талғат ОРМАНОВ.