1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс оңтүстікті де шарпыған

406
0


Оңтүстік қазақтарының соңғы үш-төрт ғасырлардағы тарихы оқулықтар мен ғылыми әдебиеттерде шынайы түрде көрсетілмей келе жатқаны сияқты, 1916 жылғы Қазақстан мен Орта Азияны шарпыған ұлт-азаттық көтеріліс – оңтүстік өлкесінде де үлкен белең алып, жергілікті тұрғындарға зор зобалаң мен зұлмат әкелгені жайындағы дерек-мағлұматтар да бүгінгі дейін ашық жарияланбай келеді. Біз осы көтеріліс туралы сөз етсек, тек Торғай даласындағы Аманкелді Иманов пен Жетісу-Қарқара жеріндегі Бекболат Әшекеев пен Жәмеңке Мәмбетов бастаған шайқастарды ауызға аламыз. Өйткені мектеп оқулықтары мен ғылыми еңбектерде осы екі кісі басқарған соғыс қана оқытылады әрі оның бірі көркемфильмге де арқау болған. Соған сайып, біздің ұғымымызда 1916 жылғы ақ патшаға қарсы Қазақстан жерінде өткен толқулар жаңағы аталған екі көтеріліспен ғана шектелген деген сенім мен көзқарас қалыптасқан. Ақиқатында ұлт-азаттық көтеріліс Жетісу мен Торғайда ғана емес, күллі қазақ даласын, оның ішінде оңтүстік өңірін де шарпыған. Ол шақта біздің өңір қазіргі Қызылорда, Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облыстарын біріктірген Сырдария облысы деп аталған. (Анықтама үшін айта кетейік, 1917 жылға дейін орталығы Ташкент қаласы болған Түркістан генерал-губернаторлығы деп аталған өлкеге – Сырдария, Жетісу, Самарқан, Ферғана, және Закаспий облыстары кірген). Өкінішке орай, оңтүстік өлкеде өткен ұлт-азаттық көтерілісінің тарихы архивтік һәм ауызекі әңгімелер дереккөздері бойынша мол болғанымен, оны арнайы зерттеп жазған ешкім болмапты. Бір ғана дерек – әйгілі жазушы Ш.Мұртазаның «Қызыл жебе» атты романында 1916 жылы Меркі жерінде Ақкөз деген қария басшылық еткен шайқас көркем әдебиет тұрғысында берілген. Бірақ бұл дерек ол көтерілістің барлық ақиқатын танып-білуге тым-тым аздық етеді. Аталмыш тарихи уақиғаның шығу себебі мен барысын бүге-шігесіне дейін талдап жазу үшін көлемді еңбек керек-ақ. Әйтсе де, осы мақалада оның негізі мен түп-тамырына үңіліп, жалпы сипатын қысқаша айтып өтпекпіз.
ХХ ғасырдың басында бүкіл қазақ жері мен Орта Азияның бірсыпыра өлкелері Ресейдің қол астына кіріп, орыс мемлекетінің жері атанып қойған. Түркпен жерінің белгілі бір бөлігін өзіне қаратқан Бұқар және Әмударияның батыс бөлігіндегі құмды даланы иеленген Хиуа хандықтары біршама бейтараптықты сақтап қалғандарымен, бәрібір, көп жағдайда орыс патшасына бағынып, оған сырттай тәуелді болды. Дегенмен олар 1917 жылғы төңкеріске дейін өз хандықтарының атын сақтап тұрды. Ал 1895 жылға шейін Памир тауларына дейінгі жерлерді бауырына басқан орыс отаршылдары жергілікті халықтардың қалыпты өмір салтын бұзып қана қоймады, оларға өз ұстанымдары мен билік құрылымдарын зорлықпен енгізіп, әр түрлі ұлттарды орыстық тәртіппен күн кешуге мәжбүр етті. «Найзаның күшімен орнатылған жүйе – найзасыз өмір сүре алмайды» деп Керейхан Аманжолов жазғандай, отаршылдар қазақ халқы мен Орта Азия жұртына аса зияндық тигізді. Миллиондаған гектар жерлер патша өкіметінің иелігіне, оның шенеуніктерінің меншігіне тартылып алынды. Қарапайым халыққа орасан көлемдегі салықтар салынды. Отаршылдықтың салдарынан бүкіл қазақ даласы сияқты Түркістан өлкесінің де ауыл және халық шаруашылығы күрт төмендеп, жұрт ауыр жағдайға ұшырады. Мал еті мен мақтаға аса зәру болған Ресей басқыншылары онсыз да титықтай бастаған шаруаларды бұрынғыдан бетер қанап, керекті заттарын талап етуден бөлек, қорқытып-үркітіп тартып алды. Оған назаланған қазақтар, өзбектер, қырғыздар, т.б. бірнеше мәрте отаршылдарға қарсы бас көтерді. 1885 жылы Ферғанада, 1898 Әндіжанда, 1892 Ташкентте, 1906 жылы Шымкент уезіне қарасты Бадам, Арыс, Созақ, Түлкібас болыстықтарында болған көтерілістер осындай қысымшылықтың себебінен туындаған еді. Бұдан басқа да қазіргі Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда жерлерін түгел қамтыған сол кезгі Сырдария облысының бұқарасы арасында патша шенеуніктерінің озбырлығына деген ашу-ыза, наразылық кеңінен өріс алып, ауылдар мен қазақтар көп тұратын кент-шаһарларда ереуілдер жиі-жиі шықты. Мұның барлығы патша өкіметі тарапынан аяусыз басып тасталып отырылды. Ал мұндай көтерілістердің ең шарықтаған әрі зор белең алған кезеңі 1916 жылдың шілдесінің ортасы мен қараша айларының арасында өтті.
Сондағы көтерілістің бір айдың көлемінде осыншама ұлан-ғайыр өлкеде қалай ғана бірден басталып кеткені әлі күнге дейін тарихи жұмбақ. Мысалы, 1916 жылдың тамыз айының аяғына таман Түркістан генерал-губернаторлығына қарасты Ферғана облысында Мадан бастаған шайқас пен Сырдария облысындағы Меркі және Торғай жеріндегі көтерілістер бір уақытта басталған. Дәл осы кезде Сырдария облысына қарасты Ташқазақ уезі мен Түркістан уезінің және Жетісу облысының бірнеше жерінде де отаршылдар саясатына қарсы бас көтерулер орын алған. Араларында қазіргідей байланыс құралдары жоқ ол уақытта бір-бірінен тым шалғай жатқан өлкелерде көтерілісшілер күні бұрын келіскендей, бір мезгілде бастауы, расында, таңқаларлық жәйт. Бұл мәселеге орай пікір айтқан тарихшылардың бәрі – аталмыш көтерілістің басталуына ІІ Николай патшаның Ресейдің батысында жүріп жатқан соғысқа қазақ пен Орта Азия халықтарының 19 бен 31 жас аралығындағы жас жігіттерін іріктеп алып, оларды жаумен щайқасуға емес, майдан даласында окоп қазуға, темір жол салуға, қираған үйлерді қалпына келтіруге, жаралыларды тасуға, т.с.с. қара жұмысқа алу туралы жарлығы себеп болды дейді де, жоғарыда біз көтеріп отырған сауалға ешқайсысы жауап іздемейді. Иә, бұл сұрақ әлі де жауапсыз.
Сонымен, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің шығу негізі қандай себептерге байланысты болғандығын баяндайық. Тарихта бірінші дүние- жүзілік соғыс деп аталатын майданға Ресей 1914 жылдың 19-шілдесінде кіріскен. Соғысқа күшті державалардың екі мықты тобы – Антанта (Англия, Франция, Ресей) мен Австро-Герман блогы (Германия, Австро–Венгрия, Түркия және олардың одақтастары) бір-біріне қарсы шықты. Соғыс екі жылға созылды. Ресей соғыс үшін Түркістан өлкесінен шикізатты, азық-түлікті, мал мен ақшаны есепсіз алды. «Қазақ ССР тарихының» мәліметі бойынша, Ресей 1915 жылдың өзінде Түркістан өлкесінен (оның ішінде Сырдария облысы да бар) 20899 мың пұт мақта, 300 мың пұт ет, 109 мың пұт мақта майы, 474 мың пұт балық, 12,7 мың пұт түйе жүні, 220 мың пұт сабын, 70 мың жылқы, 38 мың шаршы кез киіз, 13441 киіз үй, 80 мың қой тасып әкеткен. Осы уақытта бір ғана Сырдария облысынан 44 миллион сомның малы мен мал шаруашылығы өнімдері әкетілген. Оған қоса, сол жылдары халыққа салынатын салық 4-5 есеге дейін өскен. «Мемлекетке бұратана жұрттардан, яғни Түркістан халықтарынан алынатын тікелей салықтардың мөлшері 1914 жылы 6.559.02 сом болса, 1916 жылы ол 14.311.771 сомға жеткен». (Х.Тұрсынов, «1916 жылғы көтеріліс», Ташкент, 1962).
Патша қанаушылары Түркістан жұртын дәл осылай қинап, материалдық және моральдік тұрғыда езіп-жаншып жатқан кезде, ІІ Николай 1916 жылдың 25-маусымында бұл халықтарды Антанта мен Австро-Герман блогы соғысып жатқан майданның қара жұмысына шақыру туралы жарлық шығарды. Бұл туралы тарихшы К.Аманжолов былай деп жазды: «Импералистік соғыс жылдарында Ресейдің қарулы күштері 10 миллион адамға жеткен. Соған қарамастан соғыстың барысы қиындай түсті. Орыстар өлімге ұшырағанда, бұлар неге сыртта қалады деген оймен, патша өкіметі мұсылман халықтарының 19 бен 31 жас аралығындағы жігіттерін майдан шебіндегі қара жұмысқа салуға ұйғарым етті. (Жарлықтың бастапқы мәтінінде майданға мұсылмандардың 19 бен 43 жас аралығындағы жігіттерін алу керек деп жазылған. Николай патша бір айдан кейін 43 жасты 31 жасқа шегерген). Миллиондаған қазақ, өзбек, қырғыз, т.б. ұлттардың азаматтарын майданға қаруландырмай аттандыру – оларды құрбандыққа шалумен, жаппай қыруға айдаумен бірдей еді. («Түркі халықтарының тарихы» 3-том, 224 бет).
Жарлықтың мәтіні мен мазмұнын Түркістан өлкесіндегі қалалар мен уезд бастықтары, ауыл-ауылдардағы болыстар мен старшындар лезде халыққа таратып, патша бұйрығын орындауға тез кіріседі. Алайда олар әп дегенде-ақ халық тарапынан қарсылыққа ұшырайды. Патша шенеуніктерінің зорлығы мен қысымынан әбден зәрәзап болып отырған халық жарлыққа көнбейтінін бірден білдіреді. Ел арасынан жұрт мүддесін ойлайтын азаматтар шу дегенде-ақ бас көтеріп, аталмыш жарлықтың әділетсіз екенін жариялады. Халық та оларды әп-сәтте қолдап, тізім жасауға кіріскен болыстар мен старшындарды тыңдаудан бас тартады. Мұндай бастартулар мен қарсылықтар ауыл-ауылдарға тез тарап, аз ғана уақыттың ішінде бүкіл Түркістан аумағындағы жұртты елең еткізеді. Жәй ғана елең еткізіп қоймай, артынша үлкен және кішігірім ауыл, кенттерде майда-шүйде көтерілістер бой көрсете бастайды. Шілде айының ортасына қарай бір-бірін аттанға шақырған ауыл-ауылдардың бас көтерлері бірігіп, соғысқа алынатын жігіттердің тізімін жасауға келген болыстықтың өкілдері мен уездік приставтарды қуып шығады.
Алғашқыда патша шенеуніктері мұндай кіші-гірім бас көтерулер үлкен көтеріліске ұласып кетеді деп әсте ойламайды. Бұрынғы бейбіт кезде екі-үш-ақ мылтықты солдатпен бір ауылға барып ойран салатын әдеттеріне басып, уездік полицейлер әр ауылға екі-үшеуден аттанып, жарлыққа қарсы шыққандарды жазаламақ болады. Алайда не болса да тайынбауға кіріскен ауыл адамдары ондай полицейлерді ұрып-соғып, аттарын тартып алып, өздерін жаяу қайтуға мәжбүр етеді. Мұндай оқиғалар күллі Түркістан өлкесіне қарасты облыстарда күн бе күн қайталанып жатты. Бұдан секем алған Түркістан генерал-губернаторының міндетін атқарушы Ерофеев патшадан осы өлкеге әскери жағдай енгізуді сұрайды. Сұранысы сол күні қабылданып, ІІ Николай «Түркістан әскери округі соғыс жағдайында» деген указға қол қояды. Патшаның бұл қылығы бүкіл Орта Азия мен Қазақстан халқын «дұшпан армиясы» деп жариялаумен парапар болатын. Ертесіне, яғни 1916 жылдың 17-шілдесі күні Ресейдің әскери министрі әскери сотқа Түркістан өлкесіне байланысты жаңа бұйрық шығарады. Бұйрық бойынша Түркістандағы жергілікті соттар ауыл-ауылдарда бас көтергендерді тергеусіз, куәсіз атып тастауға, болмаса 10-15 жылдан каторгаға айдауға құқылы болды.
Тамыз айының басында осы бұйрықтың негізінде Сырдария облысында 4 адам атылып, 50-ге жуық адам әртүрлі жазаға кесіледі. Бірақ толқу басыл- мады. Қайта уақыт өткен сайын үдей түседі. Халық көсемдері патша шенеу- ніктеріне мынадай шарт қояды: «Біздің жігіттерді кемсітпей, қолына қару беріп, жаттығудан өткізіп, кәдімгі әскерлер қатарына алыңдар. Ал майдандағы қара жұмыс үшін боздақтарымызды жібермейміз!».
Алайда бұл талап ескерілмеді. Шілде айының өзінде-ақ Ташкентте, Шымкент, Түркістан, Қазалы, Ташқазақ уездерінде бірнеше рет шерулер өтіп, арты жандармдармен қақтығысқа ұласады. Жалпы, 1916 жылы Қазақстанның оңтүстік тарапындағы көтеріліс кезінде Жетісу облысындағы 137 болыстықтың 102 осы шайқасқа қатысса, Сырдария облысындағы алты уезге қарасты 170 болыстықтың 114-інің азаматтары атқа қонады. (Мұнда бір айта кететін жайт, кейбір жазбагерлер болыстықты болыс деп шатастырып жазып жүр. Болыс – лауазымдық шен. Болыстық – белгілі бір әкімшіліктік аумақ. Мұны Түркістан өлкесінің уақытша генерал-губернаторы Ерофеевтің 1915 жылы ІІ-Николай патшаға жазған хатындағы үзіндіден анық түсінуге болады. «…Вам исвестно, у каждого уезда есть несколько волостные управления. Волостными управлениями правят волостные управители. Ныне казахи их называют – волосами… Содан соң 1882 жылдан қазақша, өзбекше шыққан «Түркістан уәлаятының газетаси» да болыстар туралы жазғанда «болыстықтың болысы» деп жазады ).
Жағдайдың ушығып бара жатқанын сезген ІІ Николай патша Түркістанның генерал-губернаторлығына осы өлкені бұрын басқарған және мұндағы халықтың жай-күйімен жақсы таныс Куропаткинді тағайындайды. Барлық билікті қолына алған ол, келе сала, 23-тамыз күні бүкіл Тұран даласын бұрынғыдан да бетер дүрліктірген жарлық шығарады. Ол жарлық бойынша Түркістанға қарайтын бес облыстан майдандағы қара жұмысқа 220 мың жас жігіттер іріктеліп алынуы қажет-ті. Тарқатып айтсақ, Самарқан облысынан – 40 мың, Закаспий облысынан – 35 мың, Ферғана облысынан – 50 мың, Жетісу облысынан – 35 мың, Сырдария облысынан 60 мың адам майдандағы қара жұмысқа алынуы тиіс. Бір ғана Ташкент қаласынан екі блоктың майданындағы қара жұмысқа жегілуі тиіс 8 мың адам Сырдариядан алынатын адамдардың тізіміне кірген. Сырдария облысынан мұнша көп адамның алынуы – оның басқа облыстарға қарағанда жер көлемі де, тұрғын саны да анағұрлым мол болған. 28 тамыз күні Куропаткин облыстарға қарасты уездерге бағынысты әр болыстықтан қанша адам майданға жөнелтілуі керектігі жайындағы тізімді бекітеді. «Түркестанские ведомости» газеті сол жылдың 1-ші қыркүйегіндегі нөмірінде Сырдария облысына жататын болыстықтардан алынатын жігіттердің тізімін жариялаған. Ташкент мұрағатында жатқан аталмыш газеттегі мәліметті кезінде толық көшіріп алған едік. Соны тұтастай осы мақала ішіне кіргізе кетейік.

УТВЕРЖДАЮ Приложение №3 а.
ьк приказу по краю №220
28 Августа, 1916 года
Генераль-Адюданть Куропаткинь

ВЬДОМОСТЬ
Распред!лен!я наряда рабочих на тыловые работы по уьездамь и волостямь
(Ары қарай уездер мен болыстық атауларын қазақша жазамыз)

Черняев (Шымкент) уезі бойынша: Әулиеата уезі бойынша:

Черняев қаласынан – 380 адам Әулиеата қаласынан – 398
Түркістан қаласынан – 181 Ботамойнақ-Алмалы болыстығынан – 314
Ақсу болыстығынан – 138 Аса б. – 215
Бадам б. – 207 Ащыбұлақ б. –331
Боралдай б. – 253 Сәмбет б. – 210
Қазығұрт б. – 169 Тастөбе б. – 237
Кәлената б. – 184 Қарабастау б. – 265
Қарабұлақ б. – 202 Билікөл б. – 383
Қаратөбе б. – 204 Ойық б. – 490
Қарамұрт б. – 211 Ошақты б. – 471
Қаратас б. – 153 Бурыл б. – 211
Көкбұлақ б. – 104 Талас б. – 219
Қошқарата б. – 186
Манкент б. – 155 Өтеміс б, – 141
Масат б. – 176 Қарабәкір б. – 232
Майлыкент б. – 248 Көшеней б. – 386
Сайрам б. – 269 Қарақойлы б.– 198
Сарыбұлақ б. – 207 Байтемір б. – 340
Сайрамсу б. – 167 Мақпал б. – 248
Тассай б. – 78 Сиқым б. – 166
Түлкібас б. – 214 Ағашақ б. – 492
Ақтас б. – 284 Аққолтық б. – 316
Арыс б. – 226 Арғын б. – 125
Арыстанды б.– 146 Шу б. – 164
Бөген б. – 136 Қарақыстақ б. – 506
Өлікті б. – 161 Шұңғыр б. – 385
Бөріжар б. – 165 Аспара б. – 549
Байырқұм б. – 146 Талқан б. – 353
Бәйжігіт б. – 156 Құрағаты б. – 617
Сырдария б. – 153 Жайыл б. – 256
Сарыкөл б. – 121 Әмен б. – 514
Мыңбұлақ б. – 172 Шақпақ б. – 323
Қорғанжар б. – 155 Күйік б. – 241
Байтоғай б. – 176 Үшқорған б. – 370
Шаян б. – 214 Күркіреу б. – 330
Жаңасу б. – 169 Шілбелді б. – 130
Көкшеқұм б. – 224 Боқайыр б. – 135
Құрышу б. – 172 Қарабура б. – 209
Шу б. – 172 Баутерек б. – 264
Қаратау б. – 140 Кеңкөл б. – 434
Жылыбұлақ б. – 238 Қаракөл б. – 274
Ноғай-Құры б. – 174 Жетіген б. – 162
Сарыөзек б. – 150 Үшмарал б. – 107
Ақтөбе б. – 238 Барлығы: 13104 адам.
Хантағы б. – 228
Шағатай б. – 217 Перовск (Ақмешіт) уезі бойыша:
Шілік б. – 205 Кеңтүп болыстығынан – 314
Қаракөл б. – 207 Шаған б. – 321
Иқан б. – 219 Қараөзек б. – 254
Қарнақ б. – 284 Царская б. – 400
Созақ б. – 148 Көткеншек б. – 308
Барлығы 9682 адам. Аламесек б. – 230
Маслов б. – 240
Ташкент (Ташқазақ) уезі бойынша: Байзақ б. – 393
Ташкент қаласынан – 8000 адам Гродеков б. – 397
Майдантал болыстығынан – 163 Романов б. – 167
Аққорған б. – 100 Жаңақорған б. – 366
Тойтөбе б. – 198 Жөлек б. – 385
Қайыпата б. – 103 Приречная б. – 369
Қарыз б. – 60 Скобелевская б. – 273
Оспаната б. – 30 Головачевская б. – 420
Бөкі б. – 138 Қаракөл б. – 183
Піскент б. – 25 Қостам б. – 296
Ақжар б. – 132 Қышбөгет б. – 344
Ниязбек б. – 114 Сайран б. – 305
Александроов б. – 436 Аяқкөл б. – 187
Кіші Жетісу б. – 320 Айнакөл б. – 362
Шарапхана б. – 447 Телікөл б. – 157
Үштамғалы б. – 335 Барлығы 6670 адам
Зеңгіата б. – 312
Шыназ б. – 83
Қазалы уезі бойынша:
Болат б. – 307 Ақтоғай болыстығына – 797 Аққыр б. – 349
Алтын б. – 194 Ақтөбе б. – 1014 Көшербай б. – 560
Жаушықұм б. – 134 Ақшатау б. – 380 Қорғаншы б. – 345
Қанжығалы б. – 128 Қостөбе б. – 614 Қарабастоғай б. – 621
Қодан б. – 105 Сарытоғай б. – 572 Заңғар б. – 401
Тілеу б. – 177 Қаракөл б. – 713 Қармақшы б. – 360
Аблық б. – 345 Райым б. – 455 Қуаңдария б. – 498
Жетікент б. – 195 Шыбынды б. – 693 Жамансыр б. – 460
Қышкорған б. – 235 Қалыңбас б. – 553
Жәлелтөбе б. – 158 Мақпал б. – 359 Барлығы 9744 адам.
Қытайтөбе б. – 208
Барлығы 13182 адам.
Барлығын есептегенде Ташкент қаласы мен аталмыш уездер бойынша 52 мың 382 жігіт алынбақ болған. Бір ескерте кететін жәйт, жоғарыда көрсетілген тізім Ташкенттегі шаһарлық өзбектерді есептемегенде, тек қазақтар ғана қоныстанған болыстықтардан алынатын жігіттердің санын көрсетіп тұр. Сырдария облысынан алынатын 60 мың жігіттің осы тізімге кірмеген 7 мың 618 жігіт мен Жызақ (Мырзашөл) уезінен алынатын азаматтарға тиісілі. Ол кезде аталған Жызақ уезінің тұрғындарының да басым бөлігі қазақтар болғанын ескерсек, бір ғана Сырдария облысынан шамамен 50 мыңдай қазақ жастарын майданға аттандыру жоспарланған.
Сырдарияға қарағанда (Пішпек уезін есептемегенде) халқы ылғи және біртекті қазақтар болып келетін Жетісу облысының жеті уезінен майданға аттандырылмақ азаматтардың саны мынадай: Аякөз, Қапал, Лепсі, Жаркент уездерінің әрқайсысынан – 4 мыңнан, Пржевальскіден – 4,5 мың, Верныйдан – 6,5 мың, Пішпектен – 8 мың адам. Бәрін қосқанда 35 мың адам. Осы тұста тағы бір ескерте кететін жәйт, кейбір жазбаларда Жетісу жерінен 87 мың жігіт алынуы керек деген деректер де айтылып жүр. Бұл енді, көтеріліп көрсетілген цифр. Өйткені 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс алдындағы есеп бойынша, Сырдарияда 1 млн. 200 мыңдай, Жетісуда 610 мыңдай қазақ болған. Ендеше, халық саны Жетісудан екі есеге жуық артық Сырдариядан 60 мың жігіт алынуы тиіс болса, Жетісудан алынатындардың саны бәрібір одан аз болуы шарт. Бұған қоса, жоғарыдағы Жетісудан майданға баруы тиіс 35 мың деген сан Түркістан генерал-губернаторының біз көрсеткен арнайы бұйрығында айқын көрсетілген.
Курапоткин аталмыш жарлыққа қоса, мазмұны 7 баптан тұратын қосымша бұйрықты да бекіткен. Онда қара жұмысқа алынатын адамдарды қалай жөнелту, қалай киіндіру, сондай-ақ өкімет бұйрығынан бас тартқандарды сотсыз, тергеусіз ату, бас көтерген ауылдарды аяусыз қыру сияқты құпия баптар да бар-ды. Осы бапқа байланысты 27-тамыз күні Ташкентке сегіз мың адам жиналған толқуды басу үшін мұздай қаруланған 2300-дей полицейлер көпшілікке оқ атып, біразын қырып салды. Кейінгі тарихшылар «ұлт-азаттық көтеріліс» деп атаған үлкен дүмпудің, яғни патша әскерлерінің жиналған топқа сансыз мылтықтарынан оқ атып, баудай түсіретін ең бірінші де үлкен қатыгез ойраны Түркістанда осылай басталды.
Бұл уақытта Жетісу мен Сырдария облыстарында патша жарлығына қарсы бас көтерген қазақтар да қолдарына түскен найза-қылыштармен қаруланып, облыс пен уезд орталықтарынан келген шағын отрядтармен шайқас бастаған-ды. Бір ауылдың қол бастаған батыры екінші ауылдағы туыстарына шабарман шаптырып, көтерілісті қолдауды сұрап, реті келсе, бәрі бір ортаға жиналған үлкен топ құруды жоспарлады. Дегенмен көптеген себептерге байланысты бұл жоспарларына жете алмады. Соған қарамастан жаушылар мен шабармандар арқылы бір-біріне сырттай дем берген аралары шалғай, тіпті алыс ауылдар мен өлкелердегі мұсылмандар жұрты өз жерлерінде шамалары келгенше жасақ құрып, майданға жігіт бермеу үшін қару ұстап, атқа қонады.
Тамыздың аяғына таман Түркістан өлкесіндегі толқулардан қатты қауіптенген патша шенеуніктері «жабайыларды тәубесіне келтіру мақсатымен» мылтық былай тұрсын, зеңбірек-пулеметтермен қаруланған арнайы жазалаушы отрядтарды құруға кіріседі. Оған қоса, Түркістан генерал-губернаторы Куропаткиннің бастамасымен Жетісу облыстық әскери губернаторы Фольбаум мен Сырдария әскери губернаторы Галкин қазақ жеріне ауып келіп, село-село боп орныққан орыс мұжықтарына үндеу тастайды. Үндеу қағаздарға басылып, селолардың старосталарына, мұжықтарына таратылады. Онда мынадай үндеу бар-ды: «Бауырлар! Ұлы орыс билеушілері сендерді мұсылмандар арасындағы тірегі ретінде бар жағдайларыңды жасап, жақсы өмір сүрулеріңе мүмкіндік берді. Ресейдің басына күн түскенде біріңе дейін қалмай, оған қызмет етуге тиіссіңдер! Қолдарыңда өкіметтен тегін алған винтовкаларың бар. Винтовкасы жоқтарға ол тағы тегін таратылатын болады. Соны алып, ұлы патша ағзам бұйрығына қарсы шығып, бүлік салған мұсылмандарға атой салыңдар! Қарулы село – қаһарлы батальон екенін ұмытпаңдар! Патшаға адал қызмет ететін поли- цейлер мен жандармдарға еріп, осы шайқаста ерекше ерлік көрсеткендер – біздің тарапымыздан мол сыйлық пен олжаға кенеледі».
Осылайша, 1882 жылы Ресей сыртқы істер министрлігіне қарасты Орта Азия істері жөніндегі басқармасының шенеунігі Кривошейннің «Түркістанға қоныстанған әрбір орыс поселкасындағы қаруланған мұжықтар тобы – Ресейдің сенімді де қаһарлы батальондарының бірі болып есептеледі» деген сөзін қазақ даласын билеген әскери басшылар тағы да расқа айналдырып, іс жүзіне асырды. «Тағы да» деп отырған себебіміз, әдейі қаруландырылған мұжықтарға сүйенуді орыс отаршылдары қазақ даласын басып алған уақыттан бері дағдыға айналдырған. Сөйтіп 1916 жылы көтеріліс кезінде де олар (қаруы бар мұжықтар) патшаның жазалаушы отрядтарына қосылып, мұсылман халқының көп жапа шегуіне айтарлықтай үлес қосады.
Куропаткиннің бұйрығы бойынша Сырдария облысынан майданға алынатын жігіттердің алғашқы легі қыркүйектің 5 күні Ташкент вокзалынан аттандырылуы тиіс-ті. Жалпы ол, Орта Азия мен Сырдария шегінен аттанатындардың мезгілін төрт кезеңге бөлген. Біріншісі жаңағы бесінші қыркүйек болса, екінші этап – қыркүйектің 20-ы, үшінші этап – қазанның 5-і, төртінші этап – қазанның 20-ы деп жоспарланған. Оларға арнайы жиырма эшелон дайындалған. Бірақ Ташкентте, Жызақта, Самарқанда, Ферғанада және Сырдария жерінде бірден дүмпу басталып кеткені себепті бұл жоспардың ешқайсысы уақытысында орындалмады. Өйткені патша жарлығына қарсылық Орта Азия мен Сырдария облысында шілде айының ортасында-ақ басталып кеткен болатын әрі екі жақтың тайталасы қызу жүріп жатқан.
Сырдария облысындағы 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс ең алғаш шілденің 29-ы күні Ташқазақ уезінің «Кіші Жетісу», Шымкент уезінің Бадам, Арыс, Ақсу, Қаракөл, Түркістан уезінің Созақ, Қазалы уезінің «Райым» болыстықтарында бой көрсетеді. Іле-шала, яғни тамыздың басында Шымкенттің іргесіндегі Көмешбұлақта, Сайрамда, Арыс теміржол торабында, Черняевкада және Шымкент пен Әулиеата қалаларында, Меркі, Түлкібас, Құлан өңірлерінде жарлыққа қарсы шыққандар дүрк көтеріледі. Ташкент мұрағатындағы дерек бойынша, ол кезде Сырдария уезд орталығы саналатын Шымкентте бір рота жаяу әскер, бір атты жүздік, екі зеңбірек және екі пулеметі бар 30 адамдық арнайы атқыштар командасы болған. Тағы сол архивтегі дерекке қарасақ, Шымкенттегі көтерілісті Әлнұр Қожаназаров пен Аманбай Қостаев деген екі кісі бастапты. Бірақ мұрағаттық мәлімет олардың шыққан тегі мен қызметтерін, жастарын жазбаған. Олар алдымен жүз қаралы адамды ертіп теміржол маңындағы телеграф үйін өртеп, қала приставы отыратын кеңсенің күл-талқанын шығарған. Одан кейін ылғи өзбектер отыратын орамның шығыс жағында орналасқан әскери губернатордың мекемесін қоршап алған. Дәл сол кезде Бадам (қазіргі Төлеби ауданындағы Тоғыс, Киелітас, 1-Мамыр ауылдарының төңірегі), Қаракөл (бүгінгі Сайрам ауданындағы Совет, Көмешбұлақ, Ақарыс, Тассай, Қарасу мекендерінің айналасы) болыстықтарынан Ермек пен Тоғабай деген кісілер бастаған 600 адам келіп, бұларға қосылады. Ол уақытта Шымкент гарнизоны осы күнгі ескі автовокзалдың маңында екен. Қарақұрым халықтан жаны қалмаған уезд бастығы өзін қарулы төрт полицейге қоршатып, атына міне сап, гарнизонға қарай қашады. Ол қашқан соң көтерілісшілер әскери кеңсеге кіріп, ондағы қызметкерлерді тырдай жалаңаш қылып көшеге шығарады да, әбден сабайды. Одан соң кеңседегі үстелдер мен қағаздарды өртейді. Жиналған топ осылайша кеңсенің астаң-кестеңін шығарып жатқанда уезд бастығы ертіп келген полициялар мен әскерилер оларға оқ атып, кейін шегіндіреді. Кеңсе алдында 16 өлік, 31 жаралы қалады. Шегінгендер «Бәрімізді қырып тастасаңдар да, бір де бір жігіт майдандағы қара жұмысқа бармайды» деп айқайлап, үй-үйдің арасына кіріп жасырынады. Сол күні патша әскерімен қазақ көтерілісшілері бес сағат бойы шайқасады. сол күннің ертесіне, яғни тамыздың 20-сы күні уезд бастығы Тризнаның Куропаткинде жіберген телеграммасында: «Осыдан бес-алты күн бұрын Ақсу, Қаракөл, Арыс болыстықтарында патша жарлығына көнбеуге бел байлаған бұзақы киргиздар ұйымдасып, аталған болыстықтардың болыс-старшындарын өлімші қып сабап, майданға аттануы тиіс жігітердің тізімін өртеп жіберіпті. Ал Түлкібас болыстығына қарасты Корниловка селосы маңында шілменбет руынан шыққан Сыдық деген қарақшы бастаған елу шақты киргиздар сол селодағы Ванновка полицейінің өкімімен орыс мұжықтарынан құралған топпен атысып, бірталай адамдардың өліміне себепкер болды. Шымкентте де сұмдық оқиға орын алды. 700 қаралы есуас топ уездік кеңсені өртеді, телеграф орталығын талқандады. Қайдан алғандары белгісіз, өзбектердің пәс үйлерінің тасасына тығылған есерсоқ топтың кейбіреулерінде мылтық бар екен. Біздің әскермен кеш түскенше атысты. Горнизонның 10 солдаты өліп, 17-сі жараланды. Жергілікті киргиз-өзбектердің бізге жақтасатын кісілерінің жасырын хабарлары бойынша, Шымкенттегі бүлікшілерге Сыдық пен сол сияқты басқа да қарақшылардың топтары келіп қосылмақшы. Шұғыл түрде қосымша күш жібермесеңіз, жағдайымыздың тұйыққа тірелер түрі бар. Бұл хабарды сізге кеше бұзақы топ талқандаған телеграф орталығын түнімен қайта жөндеуден өткізген соң жолдап отырмын» деп жазылған хабары осы ойымызды растайды (ӨР орталық мемлекеттік мұрағаты , ф. Ж-4, оп. 227. д. 1607).
Осы оқиғаның артынша, Ташқазақ уезінің «Кіші Жетісу» болыстығының болысы Мошқал Тоқтамысұлы бас болған көтеріліс бұрқ еткен. Осы тұста 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің Аманкелді, Бекболат, тағы басқа да көсемдері сияқты тарихтан ойып тұрып алар орны бар Мошқал болыс туралы аз-кем мәлімет бере кетудің реті келіп тұр. Тарихтан белгілі, орыс отаршылдары Х1Х ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында ішкі Ресейден славян тектес мұжықтарды Оңтүстік Қазақстан жеріне көптеп көшіре бастағаны. Міне, осы кезеңде Мошқал өзінің қазақтың шын қаһарманы екенін алғаш көрсетеді. Жауланған өлкенің әскери һәм билеуші табына сүйенген қарашекпен ауғындылар келе салысымен-ақ қазақтың шұрайлы жерлерін тартып алып, қоныстануды әдетке айналдырады. Сондай қарашекпен ауғындылардың алғашқы легі Келес, Қазығұрт аймағына 1887 жылы келеді. Олар ә дегенде-ақ Мошқалдың туыстары және басқа қазақтар жайлаған табиғаты көркем, сулы да нулы «Кіші Жетісу» жерін иемденуге ұмтылады. Сол кезде отыз үш жастағы Мошқал Қазығұрт етегіндегі елдердің биі Естемеспен бірігіп, тау алабындағы қоныстарға бірді-бір қарашекпендіні жібермеу үшін күреске түседі. Қазақтың кіл мықты жігіттерінен қол жинап, келімсектерді Келестің шығыс бетіндегі кең алапқа аттап бастырмайды. Кейін болыс болған кездерінде де осынау ұстанымынан айнымайды. Осы себепті ауғындылар Келестің орта тұсындағы Шарапхана мен Шұқырбекетке (қазіргі Қазығұрт кенті), одан төмен жазықтағы өздері орнатқан Степное селосына ғана орныға алады. Бұл күрестің өзі де көлемді бір шығармаға арқау боларлық тақырып болғандықтан, бұған көп тоқталмай-ақ оның ақиқат дерек екенін мынадай дәлелдермен көрсете салайық. Мошқал басқарған «Кіші Жетісу» болыстығының территориясында бірде-бір орыс ауылы, одан қалса, орысша атаумен аталған ешқандай ауыл болмаған. (Кешегі совет кезінде «Кіші Жетісу» жерінде Ленин ауданына қарайтын көлемі жағынан ең үлкен бір кеңшар, екі колхоз отырды).
Бала кезіндегі Қоқанның, кейін орыс отаршылдарының қазаққа көрсеткен қиянаты бойына өшпестей кек болып қатқан Мошқалға 1916 жылғы дүрбелең кезең зорлықшы келімсектерден өш алатын уақыттай көрінде ме, әлде, ел басына күн туғанда өзіне біткен батырлық пен намысшылдық қасиеті халқына көсем болуға итермеледі ме, ол жағы белгісіз, әйтеуір, қалай дегенмен де, ол оңтүстік өңірде аталмыш көтерілісті бастаған алғашқы топбасшы әрі қаһарман болды.
1916 жылдың шілде айының ортасында облыс басшысы Галкин Ташқазақ уезінің бастығы Ефремовқа майданға алынатын жігіттердің саны бір ай ішінде тізімге қатталып, қыркүйектің 5-сі күні олардың алғашқы легін Ташкенттегі вокзалдан аттануы керек деген Куропаткин бұйрығының дер кезінде орындалуын қатаң талап етіп, арнайы жеделхат жолдаған. Жарлық бойынша, Ташкент (Ташқазақ) уезінің 27 болыстығынан 13182 жігіт алынуы керек-ті. Бірақ Галкин мен Ефремовтың ойларының тезірек іске асуына уезд көлеміндегі ауыл-ауылдарда бұрқ еткен қарсылықтар кедергі болады.
Бұл уезде патша әскерлеріне қарсы ең үлкен көтерілісті жоғарыда айтылған «Кіші Жетісу» болыстығының болысы Мошқал Тоқтамысұлы бастады. Ол өзіне қарасты ауылдардан батыс майдан үшін жігіт жинауға келіспей, Ұясу, Жаңабазар, Шарбұлақ, Қақпақ ауылдарының старшындарын ақ патша жарлығына мойынсұнбауға шақырды. Артынша аталған ауылдардан қол жиып, Ташкентте болып жатқан көтеріліске қосылуды ойлайды. Алайда оның мұндай жоспарын Тұрбаттағы бір-екі жансыздар Ефремовқа жеткізіп қояды. Ефремов Мошқал мен оған ерген біраз кісілерді жазалмақ болып, Черняевкадан 50 солдат ертіп, «Кіші Жетісу» жеріне аттанады. Орыс әскерінің өзін шабуға келе жатқанын естіген Мошқал 3000 жігіттік қолды бастап, отрядты Келес бойындағы Степное селосы маңында күтіп алады.
Ташкентте шыққан «1916 жылғы көтеріліс» атты жинақтың мәліметінше, Ефремов сол сапарда қорқақтық танытқан. Өзеннің арғы бетінде тұрған құжынаған қазақтардың қолын көргенде рота командирі поручик Токаревке «Қазақтардың бетін өзің қайтар» деп оған 40 қарулы солдатты қалдырып, кері қайтып кетеді. Оның артынан Токарев те қазақ- тарға бір оқ атпай, кейін шегінеді. Есесіне, Степное селосының орыс тұр- ғындары терезелерінен Мошқал тобына оқ атып, бес-алты кісіні өлтіреді. Қаһарланған қазақтар селоға лап қойып, қырық үйлі мұжықтарды жайпап салады. Олардың ішінде Ефремовқа тыңшылық жасаған үш-төрт қазақ-өзбек бар екен. Оларды Келеске батырып, өліктерін суға ағызып жібереді. Бұл оқиға қыркүйектің 1-і күні болған.
Сырдария облысының көлемі Жетісу жерінен әлдеқайда көлемді әрі халқы да көп болатын. Шілде айының аяғына таман генерал-губернатор Куропаткин Жызақ пен Піскенттегі, Ферғана мен Намангандағы көтерілісшілерді басуға аттанған арнайы Түркістан легионынан 3 мың солдатты қамтитын жазалаушы отрядты Сырдария жеріне бөледі. Бұл жазалаушы отрядта 4 зеңбірек, 6 пулемет болғанымен, көтеріліс өте үлкен аумақты қамтығандықтан, олар Ташқазақ, Шымкент уездеріндегі көтерілісшілердің өзімен екі аптадай соғысып, басқа өңірлерге жете алмайды. Тамыздың орта шенінде Куропаткин өз қол астындағы өлкедегі дүмпуді басуға Ташкент, Самарқан, Ферғана, Верный сияқты ірі шаһарлар мен Шымкент пен Әулиеатадағы және Түркістан мен Қазалыдағы жасауылдар аздық еткендіктен, патшадан Омбы және Орынбордағы гарнизондардан қосымша күш бөлуді сұрайды. Петербордағы соғыс министрлігі оның өтінішін қабыл алып, Омбыдан Жетісуға, Орынбордан Орта Азияға қырғын әскер бөледі. Сөйтіп Орал-Қызыл Арбат-Ташкент темір жолы арқылы 13 зеңбірек, 23 пулеметпен жарақтанған құрамында 2500 жасағы бар орынборлық полк қыркүйектің 5 күні Ташкентке жетеді. Бұл әскердің мың адамдық бөлімшесі Сырдария жерінде нәтижесіз соғыс жүргізіп келіп, Ташкент түбінде шоғырланып отырған полкке қосылады.
Қыркүйектің 7-і күні Орынбордан келген арнайы полктың мың адамын және Ташкенттегі прапорщиктер дайындайтын мектеп курсанттарын құрамына қосып алған Ташкент түбіндегі жазалаушы отряд 11 зеңбірек, 16 пулеметпен жарақтанып, бірінші Ташқазақ уезіндегі қазақтарды жазаламақ ниетпен Тұрбат тарапқа аттанады. Бұдан құлақтанған Мошқал болыс бұл жолы бес мың жігіт жиып, жазалаушы әскерді күтеді. Ертесіне екі қол Тұрбат пен Алексеевканың (кеңес кезіндегі Ленин, қазіргі Қазығұрт ауданының орталығы) тура ортасындағы Шарбұлақ қырының үстінде кездеседі. Тек шоқпар-сойылдармен, тек ішінара олжаға түскен орыс винтовкаларымен, құс ататын шиті мылтықтармен қаруланған қайран ержүрек қазақтар, осы жолы отты қарулардың қандай құдіретті екендіктеріне көз жеткізеді.
Ұрыс алдында Мошқал жігіттерді былай деп қайрайды: «Бәріміз жаудың бетін қайтару үшін, құрту үшін жиналдық. Енді оттас ататын зеңбіректен қорқып, жүрегіміз суламасын. Орыстардың зеңбіректері бір атар ғана. Оларын екінші оқтап үлгергенше біз тіке шауып, шетінен кескілеп тастаймыз. Ал, жұртым, қорқып, үркуші болмаңдар! Бәрімізді әруақ, құдай қолдасын!»
Ташкент отряды қазақтардың қарасын көрген мезетте-ақ, қыр үстінде шапшаң түрде шеп құрып, отты қаруларын дайындыққа келтіреді. Мошқал қолын үшке бөліп, сарбаздарына жауға бір мезетте шабуылдауды пәрмен- дейді. Сірә, ол қарсы жақ зеңбіректерін ана жақ, мына жаққа бұрғанша сар- баздар дұшпанның шебіне жетіп, қолма-қол айқасқа ілініп қалады деп ойласа керек. Алайда жазалаушы топтың басшысы оның бұл ойын аңғарып, зең- біректерін үш жаққа қарата орнатады. Осыны байқаса да, қазақтар бір мезетте үш жақтан лап қояды. Қыр басынан үш мың мылтық, оған қоса, 16 пулемет, 11 зеңбірек бірдей оқ атады. Жүйрік аттарының бар екпінімен шапқан қазақтардың орталарына оттастар дөп түскенде талай жігіттердің денелері құмдай шашылып, қырылып қалады. Қазақтар сонда да жанкешті- лікке басып, алға ұмтылады. Зеңбіректер бір сәт атуын тоқтатқанымен, сақылдаған пулеметтердің, нысанасын дәл көздеген үш мың мылтықтың оқтарынан шептегілер орылған шөптей қиылып түседі.
Алғашқы шабуылда көп қырғынға ұшыраған көтерілісшілер артқа шегініп, Шарбұлақ суының жағасына жиналады да, біраз демалыстан соң қайта шабуылға шығады. Бұл жолы да қолдары орыстардың жағасына жете алмайды. Кеуделерін намыс буған қазақтар үшінші рет алға жөңкиді. Тағы да сәтсіздікке ұшырайды. Осылайша, алты рет шабуылға шығып, қатарлары қатты ойсыраған Мошқал қолы еңістегі тегісте кеңес құрып тұрғандарында жазалаушы отряд орындарынан бірден көтеріліп, мылтық-пулеметтерімен оқ бората қазақтарға шабады. Осы жерде де талайы оққа ұшқан көтерілісшілер Тұрбатқа қарай шегінеді. Бірақ жау бәрін қырып тастағанша дамыл таппай- тындай сыңаймен өкшелеп қалмайды. Тұрбатқа жете бергенде Мошқалдың атына оқ тиіп, өзі жараланады. Бірге еріп келе жатқан серіктері көтеріп, басқа атқа мінгізеді де, бәрі Ысмайыл ата мазарына барып паналайды. Мазар маңына жеткенде аман қалғандарын Ысмайыл әулиенің әруағы қорғады ма, кім білсін, күн батып, ымырт үйіріледі. Осы мезет арттағы жау да тынышталады.
Жазалаушы отряд одан кейін ауыл-ауылдарды шауып, басшы кісілерді атады, қостаушыларды дарға асады. Бұған қатты назаланған Мошқалдың досы Нұржан болыс жүрек талмасына ұшырап, қайтыс болады. Мошқал, Ағабек, Сүгірәлі болыстар, Естемес, Бектібай билер Өгем тауына барып жасырынады.
Ташқазақты жайпаған сол жазалаушы отряд осыдан соң бір ай ішінде Шымкент пен Бадамдағы, Арыс пен Түркістандағы, Меркі мен Түлкібастағы және басқа жерлердегі көтерілістерді басып-жаншиды. Бүкіл Сырдария өлкесін қанға бөктіріп, алты мыңнан аса адамды қырып салады. Бұған қоса, осы облыс көлемінен 107 кісіні ату жазасына кесіп, 72 кісіні дарға асады. 312 адамды каторгаға айдайды. Сонымен бірге аз да болса дегендеріне жетіп, Сырдариядан алты мыңдай жігітті қазан-қараша айларында батыс майдандағы қара жұмысқа аттандырады. Осылайша, 1916 жылғы бүкіл Қазақстан мен Орта Азияны шарпыған дүмпу оңтүстік өңірді де қамтып, сан мыңдаған адамдардың бастарына зұлмат пен зобалаң тудырады. Сол зұлмат ары қарайда жалғаса берер ме еді, егер Петерборда ақпан төңкерісі жасалып, патша ұлықтары өз бастарымен өздері әуре болып кетпегенде.
Бұл – Сырдариядағы өткен көтеріліске қысқаша сипат. Ал Жетісу өңірінде болған қырғын бұдан да зор. Бұл өлкеде тамыз айының аяғында Бекболат Әшекеев, Жәмеңке Мәмбетов, Жаңабай Құдайбергенов, Ұзақ Саурықов, тағы басқа да халық батырлары бастаған көтеріліс бір мезгілде бұрқ етті. Оған со заманның білгір де сауатты азамат болып есептелетін, көрнекті қазақ қайраткері Тоқаш Бокин бас идеолог ретінде басшылық жасады. Оларды басу үшін Жетісу облысының әскери губернаторы Фольбаум барлығын қоса есептегенде 8750 адамы бар 35 рота, 3900 қылышты казак жүздігі, 16 зеңбірек, 27 пулеметі бар жазалаушы отрядты жасақтады. Бұларға село-селолардағы орыс мұжықтарының қарулы жасағы тағы қосылған. Кейбір деректерге ден қойсақ, мұндағы бас көтерген қазақтарды жазалауға саны 30 мыңға жеткен қарулы отрядтар жұмылдырылыпты.
Шынын айтқанда, Сырдария облысы аумағындағы бас көтерулерге қарағанда, Жетісу аймағындағы ұлт-азаттық көтеріліс көлемі жағынан да, маңызы жағынан да айтарлықтай ерекше болды. Қарқара мен Қаскелеңде, Үшалматы мен Ботбай болыстығында және Верный іргесіндегі аймақтарда бас көтерген, алғашқыда шағын-шағын орыс отрядтарына дес бермей, тіпті, оларды біраз қырғынға ұшыратқан жоғарыдағы батырлар бастаған қазақ қолдарына әлгіндей мұздай қаруланған һәм тек қана қырып жоюды көздеген орыс-казактардың жазалаушы әскерлері ешқандай аяушылық көрсеткен жоқ. Генерал-губернатор Куропаткиннің, одан соң Фольбаумның қатал бұйрығына сәйкес әрекет еткен, соған байланысты қатаң мақсатты ұстанған жазалаушы отрядтар көтеріліске қатысқандармен бірге бейбіт ауылдарды да қырып-жойды. Сол жылға тамыз айының аяғынан қазан айының соңына дейінгі аралықта болған қақтығыстар кезінде қолға түскен қазақтар ішінен 227 адамды көтерілісті ұйымдастырды деген себеппен тергеусіз, сотсыз атып тастады, 347 адамды дарға асты. Бұлардың арасында Бекболат Әшекеев пен Тоқаш Бокин да бар еді. Патша әскерлері атып-асудан бөлек сол жылы екі мыңға жуық адамды каторғаға айдады.
«Қазақ әдебиеті» газетінің биылғы жылдың 13 нөмірінде жазушы Тұрдақын Жексенбай «Бір сурет пен бір мақала жайында» атты мақаласында әскери губернатор Фольбаумның Верный уезінің бастығына берген жарлығын былай келтіріп өтеді: «Верный уезінде алғаш бас көтергендердің бірі – Ботбай болыстығы болатын. 10 тамызда хорунжий Александров өзінің қоластындағы жүздігімен барып, осы болыстықтың үш ауылындағы адамдарды түп-тұқиянын қалдырмай түгел қырды, үйлерін өртеді, малдарын айдап әкетті… Бұларды осылайша тәубеге елтіру керек».
«1916 жылдың 13 қыркүйегінде Лепсі уезінің бастығына жолдаған жеделхатында: «Біздің әскерлер мен қарулы переселендерге мынаны жеткізіңіз: көтерілісті тез басудың бір ғана жолы бар. Ол – басқаларға сабақ болу үшін бүлік шығарған бірер болыстықтың бірнеше жүз адамын бірден қырып тастау!» Бакуревич деген жазалаушы отрядтың бастығына берген бұйрығында:«Жолдарыңда кездестірген киргиздардың (қазақтардың) бәрінің көздерін құрта беріңдер, ешқандай аяушылық болмасын!». Жазалаушы отрядтардың тағы бір бастығына жіберген және бір жеделхатында: «Қазақтардың аз ғана болса да тобын көрсеңдер, бүлікшілер деп санаңдар да, аяусыз жазалаңдар! Қолға түскендерін әскери сотқа тартып, дереу дарға асыңдар… Аяушылық деген болмасын».
Расында Фольбаумның қаталдығы шектен асып, небәрі екі-үш ай ішінде неше мыңдаған қазақтарды жер құштырды. Олардың арасында жан-жақтағы соғыстан үркіп, бас амандығы үшін жер ауып бара жатқан қаншама бейкүнә адамдар да қырылып кетті. Бұған «Түркістан газетінің 24-ші нөмірінде профессор Ө. Озғанбаевтың «Қарқараның басында қан төгілген» атты мақаласында келтірілген мына деректер де айқын дәләл.
«…Бұратана халықтың шарт-шұрт қимылы пристав Подварковтың үрейін ұшырып, көтерілісшілерді басуға әскер жіберіңіз деп, Жетісу облысының әскери губернаторы Фольбаумға жеделхат жолдайды. Фольбаум генерал-губернатор Куропаткинге Жетісу жеріне көшіп келіп қоныстаған 210 орыс селосының тұрғындарын қаруландыру жөнінде ұсыныс білдірген. Келісілген ұйғарым бойынша Ташкенттен 2000 (екі мың) мылтықты солдат Верный қаласына жібереді…
…Қарқараның қасіретінен соң туған жерден шетке бас сауғалаған қазақтардың тағы бір қанды қанды қасіреті туралы да ештеңе айтыла қойған жоқ. Нарынқолдан Қытайға асатын Сартаудың арғы бетіндегі Ойқорым деген жерде 500 түтін тынығып жатқан жерінде патшаның жансызының сатқындығынан шәй қайнатым уақытты қырылып қалды….
…Қатал қуғын-сүргінге ұшыраған 300 мыңнан астам адам туған жұртын тастап, елден безіп кеткен. Жетісудағы қазақ, қырғыздар қоныстанған 100-ге, жуық елді мекен тұрғындары патша жендеттерінің қиянатына ұшырап, 373 үй өртеніп күл болған. 1905 адам оққа ұшып, 684 адам жараланып, 1105 адам тұтқынға түскен. Не өліде, не тіріде саны жоқ, із-түссіз жоғалғандардың саны да көп.Жетісудағы көтерілістердің жалыны Жаркент уезіне қарасты Қызылбөрік, Сөгеті, Шелек, Меркі болыстықтарын, Қарқара және Асы жайлауын, Нарынқол-Шарын бөлімшесін, Верный уезіндегі Қорам, Ұзынағаш, Ботбай, Шығыс және Батыс Қастек, Ырғайты, Тайторы, Жайылмыс болыстықтарын, Лепсі және Қапал уездерінің кейбір болыстықтарын шарпып өткен…»
Иә, келтіре берсек, мысал көп. Жетісу, Сырдария облыстарының әскери губернаторлары Фольбаум мен Галкин генерал-губернатор Куропаткиннің және Түркістанды билеп отырған басқа да жоғары лауазымды келімсек шенеуніктермен келісіп, мынадай тәсілдерді де қолданды: Көтеріліс жасап қолға түскен ауыл адамдарының алдына басқа бір бейбіт жатқан ауылдардың адамдарын түгелімен айдап барып: «Егер ертең көтерілсеңдер, сендердің де көретін күндерің осындай болады» деп, әлгі соғыс бастаған ауыл жұртын солардың көзінше қырып салды. Мұндай уақиғалар көптеген ауылдарды талай қайталанды. Оған қоса, алапат үркіншілікпен Алатау асып, Қытайға өтіп кетпек болған 19 ауылдың адамдарын пулеметпен атқылап, көпшілігін өлтірді, тірі қалғандарының арасынан кілең мықты жігіттерді іріктеп алып, зорлықпен майдандағы қара жұмысқа аттандырды. Алайда бір дерек әлі күнге дейін нақтыланған жоқ: сол жылдары қазақ даласынан, оның ішінде оңтүстік өңірінен қанша жігіт майданға аттандырылды һәм олардың қаншасы жат жерде өліп, қаншасы кері оралды?..
Әлбетте, ұлы уақыттың безбеніне салсақ, тарих үшін жүз жыл дегеніңіз азғантай ғана мезгіл. Сол жүз жыл ғана уақыт бұрын патша жердеттерінің Жетісуда салған ылаңы мен сондағы соғыс туралы әрекідік болса жазылды, ал Сырдария облысы аумағында со жылдары болып өткен соғыс пен іске асқан ащы ақиқаттың әлі күнге дейін беті ашылмай келе жатқаны өте өкінішті-ақ. Бәлкім зерттеушісі болмады, бәлкім жалпы Қазақстан тарихында оңтүстік өңірінің өткені көп баяндала бермейтіні, көп жазылмайтыны себепті – аталмыш уақиғалар кезінде зерттеу нысанынан сырт қалды. Қалай десек те, Сырдария өлкесіндегі сол соғыс туралы кең көлемдегі еңбектер түгілі, титтей де зерттеу мақалалар бұрын-соңды жазылған емес.
Менің атам Аманкелді сол кезде Шымкент уезіне қарасты «Қазығұрт» болыстығындағы №2 ауылға жататын Атбұлақ пен Жылыбұлақ мекендеріне старшын екен. Ол әу баста-ақ Қазығұрттың болысы Сүгірәлімен бірігіп, майданға жігіт жіберуге қарсы болған. Тіпті жоғарыда аталған Мошқал болыстың жасағына қосылып, орыс әскерлерімен соғысқан. Кейін Ташкенттен келген жазалаушы отряд бас көтерген қазақтарды аяусыз шапқылағанда қолға түскен. Өткен ғасырдың 80-ші жылдарында жастары сексенге таяған, сексеннен асқан қариялар айтушы еді: «Аманкелді бастаған бір топ жігітті Қазығұрттың етегіндегі жазықта орыстар іңір қараңғысында қаумалап ұстайды да, «бұлардың жазаларын таң атқасын береміз» деп, бәрінің қол-аяқтарын байлап, Батырбек байдың қотанына қамап қояды. (Қотанның дуалы, құлып салатын есігі болмайтыны белгілі). Түн ішінде күндізгі соғыста қолға түспей жылыстап кеткен жақтас жігітттер келіп, қотан шарбағынан асып, байлаудағыларды босатады. Сөйтіп бәрі Өгемге қарай қашып кетеді. Содан олардың барлығы ел тынышталғанша ауылға келмей, жарты жылдай тау ішінде жүрді. Сонда қолға түскендерді заматта ататын орыстар сенің атаң мен басқаларды бірден атпағанына әлі күнге дейін таңбыз…» деп.
Бұлармен қатар осы тақылеттес әңгімелерді және сол жылдың зұлматтары туралы мен талай қариялардың ауыздарынан естігем. Мен қатарлы, сондай-ақ жастары менен үлкен кісілердің де көнекөздерден осындай әңгімелерді талай естігендері тағы ақиқат. Бірақ неге екені белгісіз, советтік адамдардың көпшілігі ескі әңгімелерге құлықсыз, көне тәмсілді жүре тыңдайтын, бүгін естіген тарихын ертең ұмытқан ұрпақ болды. Әйтпесе, ел ішінде жазылған тарих болмаса да, ауызша тарих, ауызекі естелік күні кешеге дейін мол еді ғой. Сонымен бірге советтің таяғы мен саясатынан, 1928-38 жылдардағы қуғын-сүргіннен, ашаршылық пен Сталиннің қатал тәртібінен үркіп, бұрынғы көргенін, басынан өткергенін айтудан қашқақтаған, шындығын жасырған қариялардың да нешеуін көрдім… Содан соң қалалар мен ауыл-ауылдарда әр түрлі себептермен бас қосатын қазіргі қариялар арасында ескі тарих, Құдай-ау, ескі тарихыңыз не, таяу тарих жөнінде бір әңгіме қозғалмайды. Алайда, бәрі сауатты, саясат жайында, шет елдегі уақиғалар төңірегінде сарнап әңгіме айтады. Кімді депутат сайлау керектігін тезге салады. Ара-кідік дін жайында сөз түртеді. Дін демекші, қазіргі қарттар қария болудың белгісі және ұстанымы – намаз оқу мен ораза ұстау, құранның бір-екі аятын білу деп топшылайтын сияқты. Ал өз халқының тарихына келгенде тым сүлесоқ, тым таяз. Қазақтың қариясы өткен тарихтың бәрін білсін деген шарт жоқ, алайда қарттардың бәрі болмаса да, араларындағы құлағы тесік, көкіректері ояу делінетіндері аталық шежіре мен көне әңгімелерді білумен дана көрінбеуші ме еді. Мұндай құбылыс та тым сирексіп кеткен. Дегенмен бірлі-жарым айтатындар табылар-ау, тек тыңдайтын құлақтың жоқтығы өкініш. Біз әңгіме еткен соғыстың қазіргі жастардың саналарына жетпей жатуының бір себебін де – осындай әңгімелердің көпшілік бас қосқан жерде айтыла бермеуінен іздегеніміз жөн.
Иә, 1916 жылғы Қазақстанның басқа өңірлерінде өткен соғыстарды айтпай-ақ, тек Түркістан өлкесіндегі көтерілістің болмыс-сипатын толық қамтысақ, екі-үш роман көлеміне татитын еңбек жазып шығуға болатын еді. Дегенмен осы мақаланың аяғын К.Аманжоловтың: «1916 жылғы көтеріліс шығыс халықтарының отарлық саясатқа қарсы ұзақ дәуірге созылған күресінің жалғасы және биік тұғыры болды. Патша шенеуніктері реформаларынан туындаған – жергілікті халықтың жерін тартып алудың үдеуі, дәстүрлі шаруашылықтың күйзелісі мен құлдырауы, өлкенің тоналуының үздіксіз күшеюі, орыстардың саясатының асқына түсуі сияқты зардаптардың бәрі халық наразылығын шегіне жеткізді» деген пікірімен аяқтасақ, осы сөздерден-ақ көзі қарақты оқырман талай тарихи сырдың астарын оп-оңай түсіне алар деп ойлаймыз.

Момбек ӘБДӘКІМҰЛЫ,
жазушы, Қазақстан педагогика
академиясының профессоры.