«БЕРЕКЕ-А» КӨПІРДІ ЖАҢАРТТЫ, ЕНІН ҰЛҒАЙТТЫ
Осыдан жарты ғасырдан астам уақыт бұрын Шымкенттегі темір жолдың үстінен салынған ені тоғыз құлаш ескі көпірдің тозығы жетіп, қаладағы көлік кептелісіне де кері әсерін тигізіп жатқандықтан, қала әкімдігі өткелге қайта құру жұмысын жүргізуді осыдан бір жыл бұрын бастап, нысан жұмысын «Корпорация Береке-А» компаниясы қолға алған болатын.
Облыс өңірінде күре жол салу мен құрылыстарды сапалы пайдалануға беруде үлкен сенімге ие болған алпауыт корпорация аталмыш нысанды белгіленген мерзім ішінде аяқтап шықты. Ені 21 метрге ұлғайған, жанынан жаяу жүргіншілердің аяқ жолы салынған көпірді жарықтандыру да жүзеге қоса асырылды. Енді көліктер Төлеби, Қапал батыр, Ақназар хан, Анаров көшелеріне еркін шығып, кептеліс азаймақ.
Көпірдің ашылу салтанатына қатысқан ОҚО әкімі Жансейіт Түймебаев пен Шымкент қаласының әкімі Ғ.Әбдірахымов шараға қатысушыларды және көпір құрылысын салған компания директоры, облыстық мәслихат депутаты Рәшкүл Оспанәлиеваны жұмыстың аяқталуымен құттықтап, алғысын білдіріп, жаңа көпірдің халық игілігіне қызмет етуіне өз тілектестігін білдірді.
—Елбасы тапсырмасына орай Шымкент еліміздің үшінші мегаполис қаласына айналуда. Бұл ұғым шаһардың халқының санының артуымен ғана өлшенбейді. Мұндай жоғары дәрежеге лайықты болу үшін барлық салада өсу, өркендеу, даму барынша жоғары болуы – бірінші кезектегі міндет болып саналады. Соның бір дәлелі ретінде – бүгінгі күнгі пайдалануға беріліп отырған көпірді айтуға болады. Ол адамдарға қауіпсіздікті қамтамасыз етіп қана қоймай, қазіргі кептелісті біршама азайтатындығы белгілі, – деді аймақ басшысы Жансейіт Қансейітұлы.
Салтанатты сәтте көппен бірге қуанышты бөліскен облыс әкімі құрылыс ісіне басшылық жасаған Рәшкүл Жәлелқызы турасында «ер азаматтың көбісінің қолынан келе бермейтін, жүрексінетін істі әйел бола тұра қолға алып, батылдық танытқаныңызға риза екендігімді айтқым келеді» деп шын пейілден шыққан пікірін білдірді.
Нысан жұмысына «Береке-А» компаниясымен қатар, техникалық қадағалаушы болып «ЕрГрантСтрой» ЖШС, жобалаушы мекеме ретінде «Алматы Жоба» ЖШС мекемелері де қатысты.
Д.АСҚАРҰЛЫ.