«Өзгелердің кеңесін алудан арланбаймын…»

468
0

Тасын түртсең тарих сөйлейтін Отырар ауданы үшін өткен жыл толайым табыстарға толы болды. Ауданда тұралап қалған өндіріс өркен жайды. Жер-Анадан ризық-несібесін жинауға бейімделген диқандардың ісі ілгері басты. Былайғы халықтың көңілін шалқып тасытқан тірліктер мұнымен шектелмеді. Көп жылдан бері жөндеу көрмеген біраз көшелердің көркі артып, жарықтандырылды. Егіс алқабының көлемі 2000 гектарға жуық суармалы жермен толықты. Жер ырысын тасытқан бұл еңбектерден бөлек, бабтардың бабы мәңгі тыныстаған киелі орынның көптеген бөлігі абаттандырылып, айнала көз тартар келбетке енді. Қайта қалпына келтірілген орталық саябақ жұрт серуендейтін сүйікті орынға айналды. Сананы сергітіп, рухты жаңартатын жиындар да халықтың алға қарай ұмтылуына ұйытқы болды. «Болар істің басына – жақсы келер қасына» деген. Бұл істердің барлығы да ауданға сол елдің төл перзенті Ерлан Айтаханов әкім болып тағайындалған сәттен бастап жүзеге асырылды. Туған жерді түлетуді нақты ісімен көрсетуді мақсат тұтқан ол тұрғындар көңілін жадыратар талай тың тірліктерді қолға алды және оны әрмен қарай жалғастыруда. Ол кісімен арнайы жолығып, жүздескенімізде біз осыны айқын аңғардық. Сондай-ақ оның бойында халықпен бірге жұмыс жүргізуде өзге әкімдерге үлгі боларлық өзіндік тәсілі бар екенін де байқап қайттық.

– Ерлан Қуанышұлы, сіздің негізгі мамандығыңыз экономист. Алған біліміңіз бойынша көптеген қаржы ұйымдарында жұмыс істедіңіз. Білікті мамансыз. Сол толысқан тәжірибеңіз арқылы туған елдің экономикасын көтеруге қандай үлес қоса алдыңыз?

– Отырар ауданы 2016 жылы тарих қойнауына жақсы көрсеткіштермен енді. Елбасының тікелей тапсырмасы аясында жасалған реформалар мен бағдарламаларды бағыт-бағдар етіп бірталай іс бітірдік. Нақты жұмыстарды жүзеге асырдық. Жақсы көрсеткіштермен жылды жаптық. Алға қойған міндеттерді межеден артық орындадық. Белгіленген индикаторларымыз бойынша ойдағыдай көрсеткіштерге қол жеткіздік. Есепті кезеңде жергілікті бюджеттің кіріс жоспары 110,6 пайызға орындалып, бюджет бүйіріне 148,6 млн. теңге артық түсті. Соған сәйкес қазынамыздағы қаржының 509,3 млн. теңгеге ұлғаюына қол жеткізілді. Бірақ бұл көрсеткіштердің қайнар көзі мен болдым деп айтудан аулақпын. Олай болмайды да. Ауданның абатты, халықтың ауқатты болуына бастайтын бұл көрсеткіштердің бәрі де өзім басқарып отырған ұжыммен жұдырықтай жұмыла жұмыс істеудің нәтижесі деп түсінген абзал.

– Аймақта өткен жылы мұнда біраз өндіріс орындары ашылды. Ауданға инвесторларды тарту жағы әлі де жалғасын тауып жатқан болар…

– Бұл біздегі басты бағыттардың бірі. Себебі өндіріс орындары ашылса, бюджетке түсетін түсімдер де арта түсетіні сөзсіз. Осы мақсатта ауылшаруашылық өнімдерін терең өңдеуге ниеттеніп отырмыз. Соған сәйкес «Үдемелі индустриалды-инновациялық даму» бағдарламасы аясында Шәуілдір мен Темір елді мекендері арасындағы 97 гектарға жерге индустриалды аймақ құрылды. Инвесторлардың талғамына толықтай сәйкес келу үшін ол жерге инфрақұрылымдық жүйе тарту мәселесіне де мән берілді. Ауданымыздағы индустриалды аймақтың инфрақұрылымының құрылыс жұмыстары толығымен біткен жағдайда, Шымкент қаласындағы индустриалды аймақтан кейінгі орында болады деп айтсам, артық айтпағаным. Себебі біздің индустриалды аймақта магистралдық темір жолға қосылатын темір жол тұйықтары бар. Ол болса да өндірістік кәсіпорындарға қажетті факторлардың бірі. Бүгін ол жерде 2 жүгері кептіру мен сақтау зауыты іске қосылды. Олардың әр қайсысының қуаттылығы 10 мың тоннаға жетеді. Кезекте тағы бес жобамыз бар: тері өңдеу, құрылыс материалдарын шығару, жүгеріні өңдеу, тағы басқа бағыттар, ол жобалардың да жүзеге асар күні асыл емес. Былтырғы жылдың 11 айында ауданның өнеркәсіп орындарында 14 млрд. 149 млн. 913 мың теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі 104,7 пайызды құрады.
Бүгінгі таңда дәндік жүгеріден 27 677,5 тонна, көкөністен 9 623 тонна, бақшадан 110 348 тонна, картоптан 2009,2 тонна өнім жиналды. Келешекте бұдан да жоғары жетістікке қол жеткізуді жоспарлаудамыз. Сол үшін жүгері өсіруге барынша екпін берудеміз. Өздеріңізге жақсы мәлім жүгері өсіруге аудан халқы әбден бейімделген. Біз соны тиімді пайдалануымыз керек. Мысалы, 1960-1990 жылдары Отырар жүгері өндіруде үлкен табыстарға жетті. Соның нәтижесінде аудан республика былай тұрсын, Одақтық социалистік жарыстарда бірнеше дүркін жеңімпаз болған. Тәуелсіздіктің елең-алаң кезінде бұл шаруашылық та шатқаяқтады. Енді біз сол дәстүрді қайта жандандыруымыз қажет. Дақылдың бұл түрі осы жылы 5500 гектарға жерге егілсе, 2021 жылға дейін оның көлемін 20-25 мың гектарға дейін жеткізу жоспарда бар. Бізідің түпкілікті мақсатымыз тек жүгері алқаптарының көлемін ұлғайту емес, жалпы ауылшаруашылық өнімдерін терең өңдейтін кәсіпорындарды индустриалды аймақтан ашып, сатып алушыға дайын өнім ретінде ұсынуды көздейді. Сонымен қатар бізде түйе сүтінен шұбат өндіретін бірнеше кәсіпорын бар. Оның бірі «Маяқұм» сауда белгісімен шұбат шығаратын мекеме. Ондағы мамандарға тек бір өніммен ғана шектелмей, түйе сүтінен басқа да атап айтсақ, балқаймақ, құрт, ірімшік және тағы басқа өнімдер шығару туралы талап қоюдамыз. Ұтырлы ұсынысты жүзеге асырсақ, ұтарымыз көп болары анық.

– Ауданда әлі де өз шешімін күтіп отырған күрделі мәселелер көп-ақ. Бұл жайында тарқатып айтып, оның шешілу жолдарын да бөлісе кеткеннің артықтығы бола қоймас?

– Аудан климаты ауылшаруашылық саласын дамытуға өте қолайлы болғанмен, шаруалар жұмысының жандануына үлкен қолбайлау болып отырған негізгі екі мәселе бар. Ол – су тапшылығы мен жердің тұздануы. Бұрын мұнда 368 шақырымға жалғасқан дренаждық жүйе болған. Сумен жердегі тұзды әрдайым шайып тұратын ол дренаждар істен шыққан. Салдарынан жер сорланып жатыр. Ондай жерге егін шығуы қиынға соқтырады. Бұдан бөлек Сырдариядан Арыс өзеніне қосымша су жібертуді көздеген «Ақып-Жақып» каналын іске қосу да күн тәртібінде. Кезінде ол бастама қолға алынып, сол күйі аяқталмай кеткен. Бұл жұмыстарды қаржыландыру үшін біз шетелдік қаржы институттарымен, атап айтсақ «Европалық даму» және Ислам банкімен келіссөздер жүргіздік. Бұл оң шешімін тапса, бұдан артық игі іс болмас еді. Сорланып жатқан дала төсі біздің де көңілге кірбің салады. Өйткені Жер-Ана бәрімізге ортақ. Егер біз осы олқылықтың орнын толтырсақ ауданда ауылшаруашылық саласындағы проблеманың 80 пайызы оң шешімін табатын еді. Бұл облыс басшысы мен еліміздің ауыл шаруашылық министрлігінің назарында тұрған түйткіл. Қаржыландыру жағы биыл шешімін табады деп сеніп отырмыз. Бұдан бөлек осы жылы Отырарға көгілдір отын жеткізуді де мақсат етудеміз. Ауданда 38 елді мекен бар болса, соның 13-не (бір-біріне тығыз және аудан орталығы Шәуілдірге жақын) биыл табиғи газдың құрылыс жұмыстары басталмақ. Нәтижесінде аудан тұрғындардың 56 пайызы көгілдір отынмен қамтылатын болады. Өз кезегінде көптен бері күткен бұл көзайым жаңалық өндірістің, туризмнің, халықтың әлеуметтік жағдайының дамуына да оң әсерін тигізбек.

– Сіз әлгінде ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы арта түскенін алға тартып, сандарды сөйлеттіңіз. Отырарлықтардың әлеуметтік жағдайы оңалып келе жатқанын бұдан басқа қандай негіздерге сүйеніп айта аласыз?

– Жыл сайын демографиялық өсім байқалады. Бірқатар тұрғындар шаруа қожалығын ашуға ниет білдіріп жатады. Көпшілігі ғаламтор желісінің жылдамдығын арттыруды сұранады. Бала кезім осында өтті. Сол кездерде көшелерде автокөліктер анда-санда бір өтетіні әлі есімде. Яғни, жолдарымызда көлік нөпірі аз-тын. Ал қазір темір тұлпар толастамайды. Орталық көшелерде автокөліктер иінтіресіп қалатын жағдайлар жиі орын алады. Осының барлығы аудан халқының әлеуетіне әл кіргенінің белгісі ғой. Талғажау болар тамағын әрең тапқан адам интернет іздеп шарқ ұрып, бизнес ашамын деп талпынып, темір тұлпар алып тірлік істемес еді?! Әрине. Бұл мені қуантады. Тағы бір айта кетерлік жәйт – ол халықтың көз аясы кеңейген. Жергілікті жұрттың мәдени іс-шараларға, концерттік бағдарламаларға көптеп қатысуы, яғни рухани азыққа сұранысының артуы да көңіл жадыратады.

– Сонда сізбен кездескен, немесе жеке қабылдауыңызға келген былайғы жұрттың бірде-бірі тұрмыс жағдайының төмендігін, соған байланысты қандай да бір көмекке мұқтаж екенін алға тартпай ма?

– Айына екі рет жеке қабылдау күні белгіленген. Кейде көп балалы аналар, жалғызбасты әйелдер келіп, отбасын асырау үшін екі қолға бір күрек тауып беруіме ықпал етуімді сұранып жатады. Қолдан келер көмекті аямайсың. Мемлекеттік бағдарламалар бойынша барлық мүмкіндіктерді қарастырасың. Дұрыс бағыт-бағдар бересің. Кейде тепсе темір үзетін жігіт ағалары келіп, «түген жерде мұғалім болып жұмыс істесем екен» деп тосыннан талап қойып жатады. Сұрастыра келсең олардың өз атында жерлері бар, бірақ оны кәдеге жарата алмай жүрген болып шығады. Қолында мүмкіндік болғанына қарамастан, істің көзін таба алмай жатқан олардың жастарға дұрыс тәлім-тәрбие беретініне өз басым иланбаймын.

– Жергілікті халықтың жағдайын көтеру – негізгі мақсаттардың бірі. Десек те одан өзге мәселелер көлеңкеде қалып қоймауы тиіс. Соның бірі– идеология. Бұл туралы не айтасыз?

– Дұрыс айтасыз. Бұған баса мән беремін. Өзім облыстық әкімдікте идеология саласын тізгінге алғандықтан бұл жерге келгенде де сол саланы бір сүзгіден өткіздім. Жалпы ауданды бақылап, көп нәрсенің көңілдегідей көрініс таппай жатқанына көз жеткіздім. Халықтың санасын сілку үшін талай іс-шаралар ұйымдастырылды. Көптеген фестивальге қатыстық. Мысалы, ел ішінде талант иелерін анықтап, оларға қолдау көрсету мақсатында «Отырар таланттары — 2016» V-ші халықтың өнер фестивалі өтті. Шәмші ауылында облыстық «Менің Қазақстаным» ән байқауы өтіп, жерлесіміз Р.Ахинбеков бас жүлдені жеңіп алды. Оған 4000 көрермен қатысты. Былтыр Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына орай Отырар халық театры облыс орталығы Ж.Шанин атындағы театрда мағынасы зор, салиқалы ой, салмақты сөздің тиегі ағытылған бірнеше қойылымдарды сәтті орындап шықты. Орыс, өзбек драма театрларында да өнерін паш етті. Жыл қорытындысы бойынша Отырар халық театры облыстың «Үздік көркемөнерпаздар ұжымы» болып танылды. Айта берсең тізім түгесіледі. Мұның барлығы да халықтың ішкі рухани әлеміне сілкініс әкеп, серпін берді. «Отырардағы оң істер» бағытында жүзеге асып жатқан идеологиялық мәндегі жұмыстар жүйелі жүргізілді. Бұл жиындардың барлығы біз үшін бағалы. Өйткені, біз осылайша ауданның имиджін қалыптастырудамыз. Рухты жаңартып, тарихты ұлықтауға өзіндік үлес қосатын бұл жиындарға жергілікті халықты көптеп жұмылдыру басты мақсаттарымыздың бірі. Өскелең ұрпақтың қатысуымен өтетін тәрбиелік мақсаттағы жиындарды да жиі өткіземіз. Кез келген отырарлық тұрғынның бойында «біз игі істердің ұйытқысы, озық ойдың иесі болуға лайықпыз» деген тұлғалық «менін» қалыптастыруға зор ықпал танытқым келеді. Шындығында солай болуы тиіс. Себебі, Отырар – Екінші Ұстаз Әбу Насыр Әл-Фарабидің туылған, әлемнің ардақтысы, бабтардың бабы Арыстан бабтың сүйегі қойылған, Шәмшідей қайталанбас өнер иесінің кіндік қаны тамған, небір археологиялық олжалардың мекеніне айналған, Ұлы Жібек жолының күретамыры болған киелі өлке. Сондықтан да мұндағы әрбір адамның өне бойы, істеген ісі мен сөйлеген сөзі киелі жердің топырағына аунап өскенін байқатып тұруы қажет.

– Сіз бірнеше жыл облыс әкімінің идеология жөніндегі орынбасары қызметін атқардыңыз. Сонда көптеген сындар сізге бағытталып жатты. Оны қалай қабылдадыңыз?

– Дұрыс қабылдай алдым. Сын шын болса ол өзіме сабақ. Рас көптеген журналистер билік көрмей жатқан кемшіліктерді көрді. Оны мәселе етіп көтерді. Орынды айтылған сыннан қорытынды шығарасың. Ондай журналистерге риясыз көңілмен рахметімді айтамын. Бірақ «бояушы, бояушы дегенге сақалын бояптының» керін киіп, қалам ұстаған осы екен деп, жөн-жосықсыз сын жазып, шала бүлінетіндер де болды.

– Сіздің әкеңіздің есімі елге белгілі. Көптеген азаматтар билікте отырған немесе үлкен қызметтің құлағын ұстап жүрген ағайын-туысының арқасында біраз тірліктерін реттеп жатады. Ал сіздің әкеңіздің атақ-абыройы өзіңізге не берді? Ол кісінің сізді демеп жіберген сәттері көп болды ма?

– Көпшіліктің көкейінде «Бұл әкесінің арқасында әкім болып жүр» деген пікір болатынын мен іштей сеземін. Бірақ бір нәрсені айтайын, әкем «баламды жұмысқа ал» деп ешкімнің есігін қаққан емес. Мен білім алдым. Көптеген жерде бір кісідей жұмыс істедім. Еңбек еттім. Іздендім. Оның абыройына кір келтірмеуге барынша тырысып бақтым. Ол кісі Парламентке кеткен соң, әр қадамымды нық басатындай халге жеткен мына менің бойымда «туған жерді неге түлетпеске?!» деген жауапкершілік пайда болды. Бәлкім бұл «туған жерге деген махаббат бөлекше бағалы болуы керек» деген әке тәрбиесінің игі нәтижесі болса керек. Рас, ол кісі маған көп дүниелерді үйретті. Тәлімді тәрбие берді. Көкейде мәңгі сақталар кеңестерін айтты. Тығырықтан шығар сәтте жол табар тағылымдарымен бөлісті. Оның барлығы бойымды шыңдай түсті. Ең бастысы «алма алмадан алыс түспейді. «Қуаныштың тәрбиесін алса, алар асуы биік болар» деп айналамдағы адамдардың маған сенім артуына қол жеткізуіме ықпал етті. Ал былайша мен үшін біреуден бірнәрсе сұрап, араағайындыққа бармады. Оған жол бермеймін де.

– Ерлан мырза, сіз фейсбук парақшасының белсенді қолданушысыз. Осы әлеуметтік желіде отырып, көптеген жұмыстарыңыз екінші орынға ысырылып қалмай ма?

– Егер жеке қабылдау өтетін болса, бір тұрғынға кем дегенде 15-20 минут уақыт арнайсың. Ал әлеуметтік желіде сол уақытта бір емес бірнеше адамның мәселесімен танысасың, тиісінше нақты жолдарын қарастырып та үлгересің. Уақыт ұтасың. Әлеуметтік желіде халықпен байланысқа шығу үшін, олардың көкейіндегі жәйттен хабардар болу үшін отырамын.
Бұл жұмысыма көмектеспесе, кедергі келтірмейді. Халық фейсбук парақшасы арқылы маған сұрақ қояды. Көптеген кемшіліктерді көрсетіп, келеңсіздіктерді жеткізеді. Оны білген соң, тиісті мамандарға тапсырма беремін. Кейін қолым қалт еткенде өзім барып көремін. Бұл халықпен кері байланыс орнатудың ең тиімді жолы. Егер жұмыс осындай екен деп кабинеттен шықпай, қағаздарыңды ақтарып отыра берсең көп жәйттен хабарсыз боласың. Барып көргенде байқаймын деп ойласаң, оған дейін қаншама уақыт өтеді. Жалпы жұмыс бөлмемде артық уақыт отырғанды ұнатпаймын.
Кейде жазба қалдырамын. Бос дүние емес, қазақтың құнарлы, көкейге ой салар, көңілді ағартар сөздерін саламын. Абайдың қара сөздерін де ортаға тастаймын. Оның айтқандары әлі күнге дейін өзектілігін жоймаған. Кейде «сізге туысқан боламын ғой» деген орынсыз әңгіме жазатындар болады. Оларға мән бермеуге тырысамын.
Бірақ кейде көптеген азаматтардың әлеуметтік желіге салған дүниелерін оқып қарным ашады. Біреуі жастықпен, біреуі мастықпен қателікке барған қаракөз қазақ қыздарының қия басқан тұстарын түсіріп, оны әлеуметтік желіге салатын адамдарға қайран қаламын. Сонда олар кімді мазақ етіп жүр? Өз ұлтын ұят шоғына бидайдай қуырғаннан не пайда табады? Оны түсіріп бәйек болғанша, былай шығарып, қатты болса да, ақылын айтып кетпей ме? Сауап іс қой бұл. Осындайға уақыт арнайтындар Абайдың қара сөзін неге талқыламайды осы деп күйінесің.

– Отырарда туризмді түлету мақсатында қандай жұмыстар қолға алынып жатыр?

– Ауданға кіретін қақпаны көркейтіп, түнгі мезгілде жарықтанып тұру үшін күн сәулесінен қуат алатын қондырғыларды іске асырып жатырмыз. Содан тікелей Арыстан баб кесенесіне апаратын жолдың бір бөлігін ретке келтіріп, екінші бөлігінің жөндеу жұмыстары осы жылы іске аспақ. Жол бойына келуші қонақтардың жайлылығы үшін бір сәт демалатын орындар жасауды қолға алдық. Кәсіпкерлерді тарту арқылы түрлі нысандар ашу жоспарымызда бар. Күл қоқыс пен мал жаятын өріске айналудың сәл-ақ алдында тұрған орталық саябаққа да ерекше сән бердік. Үстіміздегі жылы Арыстан баб кесенесі маңын абаттандыру да ойда бар. Бұдан бөлек тағы көптеген жерлерді абаттандыруды қолға алып отырмыз. Ауданда өнер мектебі ашылды. Алдағы уақытта ондағы шеберлердің қолымен жасалған түрлі бұйымдарды туристер кәдесый ретінде сатып алатын болады. Бұл да бизнестің бір көзі. Жергілікті халықты осыған бейімдеуіміз керек.

– Белгілі ғалым Асқар Жұмаділдаев «Бүкіл кітапты оқып біліп алу мүмкін емес. Ешкім бәрін білмейді» дейді. Бұл ақиқат нәрсе. Сол сынды Сіздің де білмейтін дүниелермен бетпе-бет келетін тұстарыңыз орын алатыны сөзсіз. Сондай жағдайда не істейсіз? Кімнен кеңес аласыз?

– Әріптестеріммен кеңесемін. Білмей жатқан дүниемді біліп аламын. Оның еш сөкеттігі жоқ. Егер мен біреуден артық білсем, ақылымды айтудан жалықпаймын. Егер білмейтін дүнием жайында маған өзге біреу кеңесін беріп жатса, рахметімді жаудырамын. Әкім болып ешкім туылмайды ғой.

– Сіз өз әкеңіз сынды елге еңбек етіп жүрсіз. Келешекте ұл- қыздарыңызды да осындай қызметтерге баулу ойыңызда бар ма?

– Үш ұл, екі қызым бар. Үлкені студент. Қалғаны оқушылар. Қазір олар әлі тым жас. Сондықтан да болашақтары туралы болжам айту ерте сияқты. Бірақ әкім болса екен, бастық болса екен деп мақсат қоймаймын. Қай кәсіпке талабы бар, соны таңдауына мүмкіндік жасаймын. Мүмкін ол суретші болар, бәлкім мұғалім болар, дәрігер болуы да ғажап емес. Ең бастысы ата-ана үмітін үзбей, дені сау, санасы сергек болып қалыптасса деп тілеймін. Қалғанын уақыт құдірет көрсете жатар. Лайым бәрі баянды болғай.

– Баспасөзге пікіріңіз қандай? Блогерлер жайлы не айтасыз? Сіздің ұғымыңызда журналист пен блогерлердің айырмашылығы қандай?

– Әлеуметтік желіде отыратын журналистік еңбек өтілі жоқ, кейбір блогерлер өздерін төртінші билік өкілі ретінде сезінетіндерін байқап қаламын. Бұл – жаңсақ дүние. Қанша жерден жоғары технология дамыса да журналистің мерейі блогерден үстем. Бұл менің жеке пікірім. Иә, рас, блогерлер де жаңалықтар жазады, мәліметтер таратады. Бірақ оның барлығы бірсыдырғы сөздермен тізбектеледі. Ал журналист қандай да бір мәселені көтерсе, содан тобықтай түйін, көңілге қонар қорытынды шығарады. Қаламынан шыққан дүниелер, көпшілік көңілін дөп басып, қоғамдық пікір туып жатады. Көңілдегі кірбіңді, санадағы сан сауалды, бойымыздағы құбылысты, жүректегі жараны бәрін-бәрін дәл сипаттай алады. Өзекті өртер проблеманы, қоғамдық дертке айналған мәселені ашып айтады. Бірақ өзін тілшімін деп таныстыратын олардың барлығын емес, тек ақты ақ, қараны қара деп көрсете білетін, сын садағына алған субъектіні обьективті түрде сынай алатын журналистерді мен расымен де төртінші билік өкілі дер едім.
Мысалы, өзім құрмет тұтатын, жазуын мойындайтын, кәнігілігіне бас иетін журналистика саласының майталмандары бар. Олар Абай Балажан, Бақтияр Тайжан, Еркін Қыдыр, Жарасбай Сүлейменов, Берік Уәли, Әсет Әссанди, Ғалымжан Елшібай, Уәли Қыдыр, Серік Сейтман, Алмас Ақылбек, Айгүл Қапбарова, Кеңес Исмайлов, Бейсен Тәжібай және тағы басқа азаматтар. Бірақ блогерлердің де орны да бір төбе. Олардың ішінде де көкейкесті мәселені көтеріп, бүгінгі күннің тақырыбын қаузап, әділдіктің салтанат құруына өзіндік үлес қосып жатқандары да кездеседі. Солардың бірі – Айгүл Орынбек, Ұлықбек Алиакбарұлы деп айтқан болар едім. Олардың көтерген кейбір мәселелері өмірдегі түйткілдермен астарласып жатады. Көптің назарын аударып, қоғамда кең көлемде пікір туғызады. Мен оларды сондықтан да құрметтеймін. Осындай ұтымды ой иелері көбейе берсе, қанекей?!.

– «Уақытқа» уақыт бөліп сұхбат бергеніңіз үшін алғысымды білдіремін!
Сұхбаттасқан
Талғат БАЛТАБАЕВ.

(«Уақыт» газеті, №03 (222).