САРЫАҒАШТАҒЫ КӘСІПОДАҚ ҚЫРЫЛЫСЫНЫҢ АҚЫРЫҒЫ ПАРЛАМЕНТКЕ ДЕ ЖЕТТІ АЛ ОНЫ ШЕШУГЕ КЕЛГЕНДЕ ЕШКІМ ДӘРМЕНСІЗ

373
0

Сарыағаш ауданы Абай ауылының тұрғыны М.Артықованың ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматуллин мырзаға жазған арызының көшірмесі біздің редакцияның почтасына келіп түсті. Біз оны сол қалпында көпшіліктің назарына ұсынуды жөн көріп, оны тиісті орындардың құзіретіне жолдауды және одан нәтиже шығады деген үмітпен жария етуді дұрыс деп шештік.

«Сізге Сарыағаш ауданы білім бөліміндегі неше жылдан бері қалыптасып келе жатқан былықтар мен шегінен шыққан парақорлықтан аз да болса хабарыңыз бар шығар деп ойлаймыз.

40 жылдан бері мұғалімдердің кәсіподағы комитетінің төрағасы болып келе жатқан Бейсенәлі Қырғызәлиев пен білім бөлімін 20 жыл басқарған Сапарәлі Селтанов бастаған әділетсіздік пен парақорлық бүгінгі күнге дейін шырғалаңмен келе жатыр. Б.Қырғызәлиев пен С.Селтанов адам баласына «жақсылық»  істемеген жандар. Кімсің Қырғызәлиев, кімсің Селтанов деген «атақтары» жер жарады. Алайда, оның барлығы жалған абырой, жалған атақ. Бәрін де жеке бастарының қамы үшін істеген. С.Селтанов зейнетке әрең кетті. С.Селтановтан зорға құтылғанда, білім бөліміне басшы болып Е.Рысбаев келді. Е.Рысбаевтың тірлігі Селтановтан асып түсті. Қайта Селтанов дұрыс екен-ау дедік. Е.Рысбаев білім бөлімін бес жыл басқарды. 2 жылға жуық декреттік демалыста қашып жүріп, ақыры үстінен іс қозғалып құрыды. Өткен жылы білім бөліміне басшылыққа Мұрат Маханов келді. Маханов әрі жас, әрі іскер жігіт екен. Бүгінге дейін қалыптасқан білім бөліміндегі әділетсіздік пен парақорлықтың қатаң тәртібін бұзды. Махановтың бұл адалдығы Б.Қырғызәлиев пен С.Селтановтың шәкірттері Т.Ахметов, Х.Омарова, Р.Төлендиева, Ғ.Бұхарбаева, Т.Ералиев, У.Ходжагельдиева (№73 мектеп-гимназия директоры, осымен екінші рет пара беріп адам ұстатып, өзінің креслосын сақтап қалу үшін 26 жылдан бері Қырғызәлиев пен Селтановтың арқасында мектеп директоры болып отыр), сөйтіп барлығы ұйымдасып М.Махановты пара беріп ұстатпақ болды.  Маханов пара алмақ түгілі, параға жан-тәнімен қарсы адам.

Енді Б.Қырғызәлиев пен С.Селтанов екеуі кәсіподаққа таласып, қырылысып жатыр. Біреуі 91 жаста, Селтановтың жасы – 71-де, аудандық мәслихат депутаты, ауыл биі, ауыл әкімшілігіндегі ардагерлер кеңесінің төрағасы, 200 гектар жері бар, қажылыққа барып қайтқан Селтановқа кәсіподақ қызметі неге керек болды екен? Келес өңіріндегі 60 мектептің жартысы Б.Қырғызәлиевке, жартысы С.Селтановқа өтіп кетті. Селтанов өзінің бұрынғы білім бөлімі басшысы болған қызметін пайдаланып, туған-туыс, ағайын-бауыр, жақын адамдары мен бар күшін мектеп директорларына салып, лауазымын асыра пайдаланып алдап, Махановтың тапсырмасы деп, 3-4 күнде отыз мектептің кәсіподақ ұйымын өзіне өткізіп алды. Барлығы емес, ең өкінерлігі бір мектептің 70 пайыз мұғалімдері Селтановқа өткен, қалғаны Қырғызәлиевте. Мектепте айқай-шу, «өтеміз бе, өтпейміз бе» деген гу-гу әңгіме. Мектептегі қазіргі өтпелі кезең мұғалімдерге ауыр тиіп тұрғанда, мұғалімдерді екі жақ қылып, бір-бірімен алакөз етуі Б.Қырғызәлиев пен С.Селтановқа жараса ма?

Мектептегі моральдық ахуал өте төмен. Мұғалімдер білім берумен емес, Селтановтың әлегімен жүр. Қырғызәлиев неше жылдан бері көк тиын бермеген мектеп мұғалімдеріне енді ақша мен емдеу-сауықтыру орындарына жолдама таратып жатыр. Қырғызәлиевтің есепші Сәлима деген әйел зейнеткер сөмкесін ақшаға толтырып алып, мектептерді аралап, мектеп директорына, мектеп кәсіподағына, әр мұғалімге 500 теңгеден тарқатып жүр. «Қайтадан Селтановтан маған өтіңдер, санаторияға путевка беремін. Селтановта 1-ақ айдың жарнасы бар, менде 40 жылғы қор бар» деп мұғалімдерді қайта азғырып жүр. Біраз мұғалімдер С.Селтановтан шығып, қайта Қырғызәлиевке өтуде. Алтын көріп періштелер жолдан таюда. С.Селтанов бұрынғы «Пионерлер үйі» директорының кабинетін басып алған. Кіре беріске екі қарауыл қойып қойған. Кіргізбейді.

Құрметті Нұрлан Нығматуллин мырза!

Біздің жанай-қайымызды ешкім естімеген соң Сізге өтініш жасауға бел байладық.

Б.Қырғызәлиев пен С.Селтановтың мұғалімдерге 40 жылдан бері көрсеткен азабы аз ба еді? Бұлардың құлқынын тесіп бара жатқан кәсіподақтың ақшасы, яғни мұғалімдердің ақшасы ғой. Бұлар өздері өмірден өткенше мұғалімдердің ақшасын «жеп» өте ме? Б.Қырғызәлиев пен С.Селтановты тоқтатуға мүмкіндігіңіз бар шығар. Біздер, мұғалімдер қор болдық қой.

М.Артықова,

Сарыағаш ауданы, Абай ауылының тұрғыны.

 

Редакциядан:

Шындығында да, мәселе орынды көтеріліп отырған секілді. «Қойды бөле қырыққан жүнге жарымайды» деген сөз бар. Бір білімнің саласындағы кәсіподақ ұйымын бірі жетпістегі, бірі тоқсандағы қос қарияның бөліп-жарып жатқандығы ешкімге де жақсылық әпермейтінін түсінбеудің өзі әбестік. Ел боламын деген азаматтар мұндай ала-құла күйге бармауы тиіс қой деп ойлаймыз. Мүмкін әлі де кеш емес шығар, әр іске түсіністікпен қарауға.