ШҰҢҚЫРДАН ШАТАҚ ШЫҚПАСЫН

Түркістан облысы, Қазығұрт ауданында екі жасар бала өз үйінің ауласында ересектердің қарауынсыз қалып көз жұмды,-деп хабарлайды uakit.kz Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігіне сілтеме жасап. Оқиға кеше орын алған. Бала үйдің аумағындағы жаңбыр суы толған шұңғырға құлап, көз жұмған.

Осы оқиға байланысты Түркістан қаласы Төтенше жағдайлар басқармасы балаларды ересектердің қарауынсыз қалдыру қауіпті екенін тағы да ескертеді.

Құрметті ата-аналар!

Кеше Қазығұрт ауданында баланың өз үйінің ауласында жаңбыр суы толған шұңқырға құлап, көз жұмуы өте қайғылы жағдай болды. Әрбір отбасы мұндай жағдайды алдын алу қажет. Үйіңіздің ауласындағы, есік алдындағы шұңқырларды, септик үшін қазылып жатқан аумақтарды ашық, қоршаусыз қалдырмаңыз. Қоршау үшін орнатылған шарбақтардағы үштік темірлердің қауіпті екенін де естен шығармаңыздар.

Көптеген отбасылар түздегі жұмысын тындыру үшін кәмелетке толмаған балаларын үйге ересектердің  қарауынсыз қалдырып жатады. Кей жағдайда  оларға жетектегі балаға бас-көз болып отыруды тапсырады. Сөйтіп баланың аты бала екенін естен шығарып жатады. Өткен жылдары Жаңатас қаласында ата-ананың қарауынсыз қалған бес баланың пәтерден шыққан өрт салдарынан бір сәтте жантәсілім болғаны естеріңізде болар. Сол үшін мұндай өкінішті жағдай болмас үшін әрдайым балаларды назарыңыздан шығармаңыз. Егер сыртта қандай да бір шұғыл шаруаларыңыз болып, белгілі бір уақыт олардың қасынан табылмауға тура келген жағдайда, оларды  сенімді адамдарға (туыстарыңызға) уақытша қарауға тапсырып кетіңіз.

Сыртта жүргенде балаларыңызға жиі-жиі қоңырау шалып, оның жағдайынан хабардар болып отырыңыз.

Үй ішінде де оларға пешті қарауды, газды жағуды тапсырмаңыз. Балалардың  және өзіңіздің қауіпсіздігіңіз үшін әр маусымда  пештің, жылу қазандықтарын тексеріп, саңылаулары болса жөндеп қойыңыз.

Сонымен қатар балаларыңызбен өрттің қауіпті екені туралы әңгімені жүйелі жүргізіңіз. Тағы бір маңызды мәселе газ плитасы жанынан от тұтандыратын құралдарды, сіріңкені балалардың қолы жетпейтін жерге қоюды әдетке айналдырыңыз.  Балаларға терезе маңында ойнау қауіпті екенін айтудан жалықпаңыз. Және мүмкіндігіңіз болса сақтық шарасы үшін терезе сыртына темір қоршау орнатыңыз.