«Театр көктемі-2017» Халықаралық фестивалінің ашылу салтанаты өтті

351
0

 

Қазақтың тұңғыш режиссері Ж.Шаниннің 125 жылдығына арналған Түркі әлемі театрларының «Театр көктемі-2017» Халықаралық фестивалінің ашылу салтанаты өтті.
Осы орайда, Түркістан тарихи-мәдени-этнографиялық орталығында Түркі елдері арасында халықаралық мәнге ие байқауға арналған баспасөз конференциясы ұйымдастырылып бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен ОҚО мәдениет басқармасының басшысы Ахметжанов Нұрболат Қадырұлы және өне додасына қазылық ететін Өнертану ғылымдарының кандидаты, театр сыншысы, Ғ.Мүсірепов атындағы мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының көркемдік жетекшісі — Еркін Жуасбек, әдебиетші, сыншы, профессор Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-і жанындағы Түркология ғылыми-зерттеу институтының директоры — Құлбек Ергөбек, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Кинематография және театр өнері басқармасының бас сарапшысы, ҚР «Мәдениет саласының үздігі» — Гүлнафис Мырзашева, Түркия мемлекетінен Адана қалалық театрының көркемдік жетекшісі, «Алтын коза» кинофестивалінің бас директоры — Исмаил Дикилиташ, ҚР Мәдениет қайраткері, педагогика ғылымдарының кандидаты, М.Әуезов атындағы университетінің профессоры — Нәсіпқаным Камаловалар толыққанды мәлімдеп, пікір алмасты.
Фестивалдің мақсаты — түркітілдес ұлттар арасындағы бауырластық байланыстар мен достықты нығайту, түркілік мәдениет пен өнерді ұрпақтан ұрпаққа жеткізу, кәсіби театрлардың өнерін насихаттау, түркі әлемі театрларының басшылары кеңесінің мәжілісін өткізу, бір-бірімен іс-тәжірибе алмасу және тығыз қарым-қатынаста болуына ықпал ету болып табылады.
Түркістан қаласы, Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-нің Мәдени орталығында өткен өткен фестивальдің ашылу салтанатын Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Сәдібеков Ұласбек Сәдібекұлы құттықтау сөзбен ашып берді.
Түркі елдері театрлары арасындағы фестивалға Оңтүстік Қазақстан облысының 5 театры, Астана қаласының Жастар театры, Павлодар облысы және Қырғызстан, Өзбекстан елдерінің сахна саңлақтары қатысуда.
«Театры көктемі-2017» фестивалін Ж.Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыка драма театры Ж.Шаниннің«Арқалық батыр» тарихи драмасымен ашса, Р.Сейтметов атындағы Түркістан сазды-драма театры Г.Хугаевтың«Қара шекпен» әпсанасын сахналанды.
Театрлар байқауы 21 сәуірге дейін облыстық театр сахналарында қойылып, жеңімпаздар анықталатын болады. Халықаралық шараның жабылу салтанаты Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрында өтеді.
Фестивальдің құрылтайшысы — ҚР Мәдениет және спорт министрлігі,
ұйымдастырушылары — ТҮРКСОЙ Халықаралық ұйымы, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігі және облыстық мәдениет басқармасы.