РӘМІЗДЕР КҮНІ ТОЙЛАНДЫ
«Тәуелсіздік» саябағында 4 – маусым «ҚР Мемлекеттік рәміздері күні» мерекесіне арналған іс-шарасы өтті.
Мемлекеттік рәміздер – Ту, Елтаңба және Әнұран Қазақстан Республикасының дербестігі мен тәуелсіздігін бүкіл әлемге танытушы әрі мемлекетіміздің өткені мен бүгіні және болашағы арасындағы сабақтастықтың жарқын көрінісі. Сондай-ақ рәміздер – халқымыздың мұқалмас рухын, қаһармандығы мен даналығын, асқақ арман-тілегін жеткізетін құнды белгілер.
ҚР Мемлекеттік Ту ұстаған шерушілер үш топқа бөлініп қала көшелеріне шеруге шықты. Әуелеткен ән, туды желбіреткен 30 автокөлік шерушілері Төле би көшесінен шығып Ордасы алаңында бас қосса, 30 велоспортшылар шеруімен Қазыбек би көшесінен Ордабасы алаңына және Ту көтерген 30 еріктілер Әйтеке би көшесінен Орбасы алаңына келеді.
Тәуелсіздік саябағы, Рәміздер алаңында сағат 10.00-де Қазақстан Республикасының Гимні орындалады. Іс-шараға Шымкент қаласының әкімі Мұрат Дүйсенбекұлы және депутаттар, барша патриот жастар қатысты.
Айта кету керек, Қазақстан өз егемендігін жариялаған кезде оны ең алдымен тәуелсіз елдің саяси мәртебесін білдіретін Тәуелсіздік декларациясын қабылдау арқылы бекітті. Содан кейін күн тәртібінде мемлекеттік рәміздерді қабылдау мәселесі тұрды. Еліміздің тұңғыш рәміздері – Ту мен Елтаңба тәуелсіздігіміздің жариялануының дәл 130-шы күні, яғни 1992 жылдың 4 маусымында қабылданды.
Тәуелсіздігін енді жариялаған еліміз үшін мемлекеттік рәміздерді қабылдау расында да жеңіл бола қойған жоқ. Тиісті мемлекеттік органдар мен мекемелер аса жауапты істі жан-жақты ізденіспен, мұқият дайындықпен қолға алды. Алдымен 1992 жылдың басында Жоғарғы Кеңестің төралқасы мемлекеттік символиканы дайындау бойынша жұмыс тобын құру туралы қаулы қабылдады. Осы құжатқа сәйкес арнайы шығармашылық комиссия құрылды. Оның құрамына белгілі заңгерлер мен қоғам қайраткерлері кірді.
Көп кешікпей Елтаңба, Ту және Әнұран жобаларын жасауға конкурс жарияланды. Оған қатысушылар алдына күрделі әрі жауапты міндеттер қойылды. Мемлекеттік рәміздер, әсіресе тарихи, саяси және экономикалық символизмге сәйкес келуі тиіс болды. Ал рәміздер жобаларын жасау конкурсында 600-ден астам адам қатысқан екен. Мемлекеттік ту эскиздері бейнеленген шығармашылық еңбектері бар түскен өтінім 1200-ді құраған. Сондай-ақ конкурсқа болашақ Елтаңбаның 245 сурет жобасы мен 67 суреттемесі және Әнұранның 750 нұсқасы ұсынылыпты.