МАҚТААРАЛДА ҰСТАЗДАР КҮНІ АТАЛЫП ӨТТІ

175
0

Мақтаарал ауданында Ұстаздар күніне арналған «Ұстаз – ұлы тұлға» атты мерекелік іс-шарасы аталып өтті. Мерекеге аудан басшылары мен ардагер ұстаздар, білім беру саласының қызметкерлері қатысты.
Мектептің басты тұлғасы, жүрегі — мұғалім. Егемен еліміздің ертеңін ойлар білімді де саналы, Отанын, туған жерін, ұлтын сүйетін ұлтжанды, парасатты азаматты тәрбиелеуде мұғалімнің еңбегі орасан зор екені белгілі. Айтулы іс-шараға аудан әкімінің орынбасары Бейсенбай Төребеков арнайы қатысып, мерекемен ұстаздар қауымын құттықтады.
«Өсіріп отырған өзіңіздің отбасыларыңыздың, тәрбие беріп жатқан оқушыларыңыздың арасында үлкен тұлғалардың шығуына тілектеспіз. Ауданымыздың білім саласы өркендей берсін. Сіздерге, сіздердің отбасыларыңызға денсаулық, жақсылық, жұмыстарыңызға табыс тілеймін! Мерекелеріңіз құтты болсын!» — деді Б.Төребеков.
Ұстаздардың төл мерекесінде болашақ ұрпақты тәрбиелеу ісінде жемісті еңбек етіп келе жатқан бір топ мұғалімдер ҚР Білім және ғылым министрілігінің, облыстық білім басқармасының, аудан әкімінің және аудандық білім бөлімінің алғыс хаттарымен марапатталды. Ардагер ұстаздарға аудандық білім бөлімі тарапынан гүл шоқтары мен бағалы сыйлықтар табыс етілді.
Мақтаарал аудандық білім бөлімінің басшысы Серік Туребеков: «Ұстаздар күні жалпы ұстаздарымызға, ардагерлерімізге, педагогикалық мамандықты таңдаған жалпы халыққа бүгінгі мерекелеріңіз құтты болсын дейміз. Елдің, халықтың абыройына бөлене беріңіздер. Еліміздің болашақтарын жетілдіріп, еңбек етуден ешқашан тайынбаңыздар» — деді.
Мерекелік жиында балабақша бүлдіршіндері мен мектептердің өнерлі оқушылары концерттік бағдарламаларын қойып, ұстаздарға деген құрметтерін көрсетті.
Айта кетейік, Мақтаарал ауданындағы 56 мектепте 27 мыңнан аса шәкірт білім алады. Оларды тәрбиелеп, білім беру ісіне 4 мыңға жуық ұстаздар қауымы ат салысуда.
(с) Мақтаарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі
9