БЕЙНЕЛЕУ ӨНЕРІН БИІКТЕТКЕН
Бейнелеу өнері шығармашылықты, көп ізденуді қажет етеді. Қылқаламмен ғажап дүниелерді салу оңай шаруа емес. Бұл өнер түріне кез-келген адам бара бермейді. Бойында таланты бар өнер иесі ғана қылқаламды қолға алады. Ізденістің, жанқиярлық еңбектің арқасында ғана суретші болуға болады ғой деп ойлаймын.
«Мыңжылқы» мәдениет үйінде суретші-ұстаз Ақмарал Байғараеваның «Менің сырлы әлемім» атты жеке көрмесінің тұсаукесері өтті. Көрмені тамашалауға келген көрермендер көп болды. Көрменің тұсау кесер рәсімінде ауданның Құрметті азаматы, ақын, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, Қ.Кемелұлы атындағы шығармашылық бірлестіктің төрағасы М.Асқаров,……. салтанатты жағдайда лента қиды. Көрмені аралап, көрген көрермендер рухани азық алып, Теріскей де өткізіліп отырған қылқалам иесі Ақмарал Байғараеваның өнеріне тәнті болды. Шолаққорған жалпы орта мектебінде ұстаздық ететін қылқалам шебері өз туындыларына Созақ өңірінің сұлулығын, аңыздары мен тарихи жерлерін арқау еткен. Әрбір суреттен табиғи тазалықты, мөлдірлікті танып, жүрекке нұр аласың. Суретшілер көзімен қарайтын болсақ туындылардан мол сыр ұғуға болады.
Көрменің ашылу салтанатына келген суретші азаматтар Ақмаралдың өнеріне өздерінің үлкен бағаларын берді. Уақытпен үндескен қылқалам шеберінің фантазиясына ризашылық сезімдерін білдірді.
Өнер иесіне ақжарма тілектер айтқан еңбек ардагері, аудандық әйелдер кеңесінің төралқа мүшесі Сәуле Еденбаева, ардагер-ұстаз Марияш Тоғызбаева, ҚР суретшілер одағының және Қазақстанның дизайнерлер одағының мүшесі С.Бейсенбаев, Шолаққорған жалпы орта мектебінің директоры, аудандық мәслихаттың депутаты Гүлсара Әлімбекова тағы басқа да сөз сөйлеушілер Ақмаралдың өнеріне сәттілік тіледі.
Суретшінің «Келіншектау аңызы», «Үйлесім», «Ақбикеш», «Айдың тұтылуы», «Қаратау шертпесі», «Созақ үні», «Тұңғиық» шығармалары көрермендерінің ерекше ілтипатына бөленді. Ауданымыздағы сирек өнердің нағыз шеберіне айнала білген Ақмарал Байғараева отбасының да шырайын кіргізіп отырған ана. Өмірлік жары Жүнісханмен бірге жанұясында перзенттерін қанаттандырып, өсіруде.
Бейнелеу өнерінің қиындығы мен қызығына шыдап, отбасының да тіршілігін бірге алып жүру оңай шаруа емес.
Ақмарал соны бір-бірімен керемет үйлестіріп, өнердің рахатына бөленіп жүр.
Өнер иесінің көрмесінен ерекше әсер алған «Қайрат» балабақшасының меңгерушісі Нұржамал Төлеуова, «Созақ үні» газетінің аға тілшісі Нұржамал Майусова, «Аналар» журналының бас редакторы Ажар Момбек, ақын, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі Гүлнар Өмірбек, кәсіпкер Бибан Тұрмаханова өздерінің жүрекжарды ақжарма тілектерін жеткізді.
«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген әдемі сөз бар. Сол айтқандай Ақмаралдың отбасынан алған мәйекті тәрбиесі өнерге жақын болуына әсер еткен. Анасының айтуынша ол бастауыш сыныптарда оқып жүрген кезінде суретке өте әуес болған екен. Ағасы Бейімбет те Ақмаралдың талабын ұштаған. Кішкентай кезінде болашақ суретшінің қызығушылығын арттырған. Шығармашылығына қанат бітірген.
Ақмаралдың көрмесіне қатысқан белгілі қылқалам шеберлері оны Қазақстан Суретшілер одағына қабылдауға толық болатындығын айтты. Сондай-ақ, мұндай көрмелерді облыс орталығында, Астана, Алматы қалаларында өткізуге туындылардың сұранып тұрғандығы тілге тиек етілді. Шынында да шалғайдағы аудан орталығында өнер жұлдызының жарқырап шығуы біздерге үлкен мақтаныш.
Ақмаралға ақ жүректен атқарылған өнер туындыларың көбейе берсін. Қазақтың сурет өнеріндегі қыздарымыз Гүлфайруз Исмайлова, Айша Ғалымбаева сияқты биік белестерден көрініп, ұлтымыздың мақтанашы бола бергей дейміз.
Сәрсенбек ТЕҢІЗБАЕВ.