Әбдірахымов әкімдер рейтінгісінде қалай үздік үштіктен көрінді?

189
0

«Стратегия» әлеуметтік және саяси зерттеулер орталығы» қоғамдық қорының сарапшы мамандары еліміздегі 17 өңір әкімдерінің рейтінгісін белгілеу үшін адамдар арасында сауалнама жүргізген. Дәстүрлі түрде жыл сайын жүргізілетін бұл шарада аймақ басшыларының 2018 жылдың екінші жарты жылдығындағы жұмыс тиімділігі сарапқа салынған. Онда әкімдердің халықпен жұмыс жүргізудегі жұмыстарын жеті балға дейін бағалау ұсынылған. Сауалнаманың қорытындысы туралы тарқатылған мәліметтерді аталған қор өз сайттарында жариялаған. Нәтижесінде Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов 4,11 балмен үшінші орыннан табылған. Ал Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек болса 4,54, Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев 4,43 балмен «зың әкімнің» алдын орап бірінші, екінші орыннан көрінген.
maxresdefault
Сауалнамада көрсетілген критерийлерге сүйенсек, көпшіліктің пікірінше Ғабидолла Әбдірахымовтың қала әкімі ретінде атқарып жүрген жұмыстары біраз тұрғынның көңілінен шығатын көрінеді. Бұдан бөлек ол өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайын дамыту мен ішкі саяси тұрақтылықты бақылауда ұстай алатын қырының бар екендігімен де ұпай жинаған. Халық алдында атқарған жұмысы, алдағы жоспары мен өзіндік азаматтық ұстанымы бойынша, сондай-ақ әлеуметтік желілерде пікір білдірудегі ашықтығы да осы шара кезінде оның атын төрге шығарып отыр. Сауалнамаға қатысқандардың арасында оны білікті саясаткер ретінде бағалағандардың да қатары қалың болған.
Жалпы Ғ. Әбдірахымов Шымкент қаласының әкімі орынтағына жайғасқаннан бастап қала жұртының велосипедке отыруын қамтамасыз ету мақсатында «Shymkent Bike» жобасын батыл қолға алғандығымен көзге түскен. Біраз әкімдер тұрғындардың талап-тілегін тыңдауда көп жағдайда жұмыс кабинетінде отырып жүргізетін шеңберден ары аспайтын болса, ол мәселенің мәніне терең барып, оның түйінін тарқату үшін өз командасымен бірге қала аралап, жұртшылықпен бетпе-бет жүздесуден жалтармайтындығын да танытқан. «Болашақ» бағдарламасымен білім алған әкім тұрғындармен өткізілетін есепті жиындар кезінде де бірқатар әріптестері сынды көмекшілері жазып берген баяндаманы оқып берумен ғана шектелуді құп көрмей, ведомства тарапынан берілген тапсырмаларды көбіне көп өз тілімен ұғынықты түрде жеткізе алатындығымен ерекшеленеді.
2017 жылдың қаңтар айында елімізде «Уақытша тіркеуді» жүзеге асыру бойынша кең көлемде түсіндіру жұмыстары басталғаны белгілі. Сол кезде кейбір аумақтарда халықтың түсінбестігін тудырып жүрген осы мәселе бойынша Ғ. Әбдірахымов қала халқының алдында «қазіргі таңда Шымкентте 900 мыңға жуық халық тіркелген. Бұл ресми мәлімет. Ал облыстағы өзге аудандардан келіп, осы жерде тұрақты тіршілік жасап жатқандарды есептесек, олардың саны миллионнан асып жығылады. Бірақ білім, денсаулық, әлеуметтік көмектер мен қоғамдық көлік мәселелері бойынша бюджеттен қаржы бөлу кезінде біз бар болғаны сол тіркелген халықтарға ғана есептеп ақша бөлеміз. Ал тіркелмеген мыңдаған адамдар қайда барады? Олар да Шымкенттегі емдеу мекемелеріне барады. Автобустарымызға мінеді. Бұл бағытта келеңсіздік, қолайсыздық, түсінбестік болмас үшін тиісті есеп жүргізіп, халықтың уақытша тіркелуін жасауымыз керек» деп, бар болғаны 50 секундта ауқымды заңды түсіндіріп, мәлімдеме жасағаны жоғарыдағы сөзіміздің жарқын мысалы.
Ол өткен жылы Астанадағы Орталық коммуникациялар қызметінде жыл бойы атқарылған жұмыстарын қорытындылау мен алдағы жоспарын бөлісу кезінде ұзын-сонар баяндамаға телмірмей, журналистерді жалықтырмай брифинг өткізгені белгілі. Сол кезде Ғ. Әбдірахымовтың аузынан шыққан көп сөзі «хайпқа» айналғаны ел есінде. Өз кезегінде ол шымкенттік Манхэттенге айналатын «Шымкент сити» жобасын жүзеге асыруға білек сыбанғанын, Қошқар ата өзенінің жағасын жұрт танымайтындай етіп құлпыртып тастайтынын, тіпті келешекте Шымкентке ат ізін салған адам қайтқысы келмейтіндей көрікке ие болатынын нық сеніммен айтқан болатын. Қыс бітіп, көктем келгеннен соң көліктен түсіп, велосипедке біржола отыратынын жеткізген Ғабидолла Рахметоллаұлы халықтың қамы үшін қалыптасқан дәстүрді бұзып, тұрғындарды бұрынғыдай айына емес, аптасына бір рет қабылдап отыратынына уәде берген. Және де әрбір шаңырақтың шырағын сөндірмейтін әйел азаматтарын құрметтеп, жақсы көрсе, халыққа деген ілтипаты дәл сондай екенін айтып ағынан жарылған.
Саясат алаңында Ғабидолла Әбдірахымовтың айтқан біраз сөздері осылай «хитке» айналып, бірнеше жағымды хайптарға ие болуы «Стратегия» қоғамдық қоры жүргізген әкімдер рейтінгісінде үздік үштікке жайғасуына өз үлесін тигізгені айдан анық.
Айтпақшы, әкімдердің қаншалықты оңай шағылатын шенеунік емес екені сараланған аталған сауалнамада Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев 3,77 балмен жетінші орыннан табылған. Кезінде Оңтүстік Қазақстан облысын алты жылдан астам уақыт басқарған, қазіргі таңда Жамбыл облысының әкімі болып табылатын Асқар Мырзахметов болса 3,37 балмен 16 орынға табан тірепті.
Бір айта кетерлігі әкімдердің жұмыс тиімділігін анықтау мақсатында «Стратегия» қоғамдық қоры жүргізген бұл сауалнамада алдын ала белгіленген жеті балдық межені бірде-бір өңір әкімі еңсермеген екен. Бұдан әкімдердің өз жұмыстарын жүргізуде арқаны кеңге салатын дәрежеде емес екенін, әлі де талмай тірлік ету қажеттігін түсіну қиын емес сияқты.

Қ. ҚАЛИЕВ.
«Уақыт» газеті.